«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ақтүтекте жолдан адасқандар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы күндері облыс аумағында қалың қар жауып, жел күшейіп, ақтүтек боран ұйтқып тұр. Салдарынан жолаушылар жолда қалып, бірнеше адам қар құрсауынан құтқарылды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте өткен баспасөз мәслихаты барысында ведомство бастығы Рамиль Камалов мәлімдеді.

Рамиль Фаткуловичтің айтуынша, тұрғындарға ауарайының күрт нашарлауы туралы хабарламалар ұялы байланыс операторлары, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы жіберілді. “Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорны берген мәліметке сәйкес 18 ақпан күні сағат 11.00-ден бастап өңір жолдарының кейбір учаскелерінде, ал 19.00-ден барлық бағыттарында көліктердің қозғалысына шектеу қойылды. Дегенмен, келесі күні сағат 7.00-де барлық республикалық маңыздағы жолдарда қозғалыс ашылды.
Боран болған күні қар құрсауынан 94 адам құтқарылса, оның 9-ы – бала. 34 автокөлік қауіпсіз жерге жеткізілді.
Атап айтқанда, Шал ақын ауданында – 8, Тимирязев ауданында – 12, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда – 11, Есіл ауданында – 26, Тайынша ауданында – 21, Қызылжар ауданында – 7, Мамлют ауданында 1 адам құтқарылды. Жылыту қосындарына 132 адам орналастырылса, оның 7-еуі – бала. Қосындарға жеткізілгендердің қатарында 6 Ресей азаматы да бар. Құтқару жұмыстарына облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент (14 техника, 23 қызметкер), жергілікті атқарушы органдар (4 техника, 11 адам) және жергілікті полиция қызметі (19 техника, 45 қызметкер) жұмылдырылды.
Оқыс оқиғаларға тоқтала кетсек, 18 ақпан күні сағат 17.15-те “112” телефон нөміріне Тайынша ауданындағы Макашевка ауылынан 1,5 шақырым қашықтықтағы Құмдыкөл көлінде 38 жастағы ер адам жоғалғаны туралы хабар келіп түсті. Зайыбының сөзінше, сол күні қарда жүретін арнайы көлікке отырып, балық аулауға кеткен оның жанармайы бітуге жақын қалған. Іздестіру жұмысына кіріскен құтқарушылар, полицейлер және жергілікті қорықшы оны аталмыш көлдің жағасынан тапты. Сонымен қатар дәл осы күні кешкі 20.00-ге таман Есіл ауданындағы Бірлік ауылынан 19 жастағы жеткіншек пен 7 жасар бала шанамен жоғалған жылқыларды іздеуге кетіп, 2 сағаттай байланысқа шықпай қойған. Іздестіру-құтқару тобы “ТРЭКОЛ”, “УАЗ Патриот” жол талғамайтын көліктерімен дереу жолға шығып, жасөспірімдерді үш жарым сағаттан соң ауылдан 5 шақырым қашықтықтан тапты. Сондай-ақ, бұл күні Мамлют аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері тәртіп сақшыларымен бірлесіп, Ресейден Петропавлға бағыт алған көліктердің колонналық қозғалысын ұйымдастырды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 70 көліктің алдында қар тазалағыш техника жүріп отырды. Ал түнде құтқарушылар Тимирязев ауданындағы Ақжан ауылынан 1 шақырым жердегі республикалық маңызы бар жолда қар құрсауынан 2 автокөлікті шығарып, 5 адамды Тимирязево ауылына жеткізді.
Жиын соңында департамент бастығы тұрғындарды сақ болуға шақырып, ауа райының бұзылуына байланысты жолдарда оқыс оқиғаларды болдырмау, қар кептелісін жою және адамдарды эвакуациялауды жедел ұйымдастыру басты назарда болатынын атап өтті.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp