«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Арзан жанармай — диқанға жәрдем

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Көктемгі егіс жұмыстарының басталуына әлі бірталай уақыт бар, бірақ диқандар қазірдің өзінде егіске дайындыққа кірісіп кетті. Бірнеше жылдан бері ризығын жерден тапқан шаруаларды қолдап келе жатқан “Траст Петролеум” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де өз жұмысын жандандыра түсті. Серіктестік диқандарды арзандатылған жанар-жағармаймен қамтамасыз етеді.

2017 жылға дейін ел бойынша дизельді отын тапшылығы орын алып, көктемгі егіс және күзгі орақ кезінде бірқатар қиындықтар туындағаны белгілі. Бұл мәселе диқандарды да титықтатқан еді. Мамандардың айтуынша, дизель отынын тұтыну көлемініӊ өсу себебі оның ауыл шаруашылығынан басқа да салаларда пайдаланылуында болып отыр. Еліміз арқылы өтетін транзиттік жүк тасымалыныӊ маусымдық өсуі және дизельді отынның көрші елдердіӊ шекаралас аймақтарына сатылуы да сұранысты арттырған. Сол себепті шаруалар жанар-жағармайдан тапшылық көріп, оны қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр болатын. Мемлекет басшысы 2017 жылы Үкіметке осы мәселені дереу бақылауға алып, оның нарықтық бағасын арзандатуды тапсырғаны белгілі. Содан бері елімізде агроқұрылымдар үшін жеңілдетілген бағамен дизельді отын жеткізу бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Оны тасымалдайтын серіктестіктер құрылып, олар негізінен астықты өлкелерге қызмет көрсетуде. “Траст Петролеум” ЖШС-і де осындай маңызды істі атқарып, шаруалар арасында беделге ие болып отыр.
Компания былтырғы жылдан бері дизельді отынды облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы бекіткен баға бойынша ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне сатуда. “Былтыр біз арзандатылған бағамен, яғни 1,2 миллиард теңгеге 7 мың тоннадан астам жанар-жағармай өткіздік. Биыл оның көлемін 20 мың тоннаға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Өйткені, бүгінде облыс орталығынан басқа Уәлиханов және Ақжар аудандарында мұнай базасын іске қостық. Өзге аудандарда да резервуарларымызды ашып, ісімізді кеңейтуге бел будық”, – деген серіктестік басшысы Талғат Рашев компания дизельді отынның 1 литрін 170 теңге көлемінде өткізіп жатқанын жеткізді. Бұл қазіргі нарықтағы бағамен салыстырғанда едәуір арзан.
Ал жанар-жағармай құю стансаларындағы баға құбылмалы. Қыстың өзінде дизельді отынның құны 184-186 теңгеге жетіп қалады. Ал көктем шыға тіпті шарықтайды. “Өкінішке қарай, көктемгі егіс пен күзгі орақ шағында жанар-жағармайдың қымбаттауы қалыпты құбылысқа айналып барады. Жылдан-жылға сұраныстың көбеюі, дизель отынын өндіру құнының қымбаттауы – бағаның маусымдық қымбаттауына әкеліп соқтыруда. Оның үстіне бір бөлігі Ресейден әкелінетіндіктен, баға құбылып тұрады”, – дейді Талғат Қамбарұлы.
Оның айтуынша, үстіміздегі жылы көктемгі дала жұмыстары кезінде шаруалардың дизель отынына қажеттілігін толығымен өтеу мақсатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесіп, арнайы жоспар құрылған. Мамыр, маусым айларында агроқұрылымдарға дизель отынын жеткізу кестесі бекітілген. Энергетика министрлігі сәуір-мамыр аралығында мұнай өңдеу зауыттарынан жіберу бағасын бір тоннаға 178 мың теңге деп белгіледі. Операторлардың жеткізу шығынын қосқанда барлық өңірлердегі орташа баға литріне 170 теңгені құрайды.
Аталмыш серіктестік жанармай тасымалдаумен жуырда айналыса бастағанымен, соңғы 20 жылдан бері битум және элеваторлар үшін арнайы отын сатумен айналысады. Мәселен, жол жөндеу жұмыстарын жүргізетін “Титан-Север”, “Қостанай жолдары”, “Көкшетау жолдары” сияқты ірі кәсіпорындар осы компанияның қызметіне жүгінеді. Сондай-ақ, Уәлиханов, Айыртау, Мамлют, Жамбыл және Ақжар сынды астықты аудандардың элеваторлары да серіктестік өнімін тұтынып отыр.
Біздің жақта көктем кеш келгенімен, шаруашылықтардың дені егіс науқанына қазірдің өзінде сақадай сай. Солардың бірі – “ALTYN JER AGRO” ЖШС-і. Серіктестік басшысы Жарас Жағыпаров Ақжар ауданында биыл 6 мың гектар алқапқа дәнді дақыл сіңірмек. “Біреуге алақан жаюдан аулақпыз. Ауылда егіншіліктен нәсіп тауып отырмыз. Бала кезімнен қара жердің қадірін түсініп өскен адамның бірімін. Әке жолын жалғастырып келемін. Егін бітік шығып, мол өнім алу үшін көктемгі дала жұмыстарына әзірлікті бастап кеттік. “Траст Петролеум” ЖШС-мен екінші жыл қатарынан шарт жасасып, тиімді бағамен дизельді отын сатып алдық. Сондықтан егіс науқанына толығымен дайынмын”, – дейді тәжірибелі диқан.

Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Уәлиханов ауданындағы мұнай базасындағы жұмыс сәті.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp