«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚЖАРДАҒЫ АУЫЛДАРҒА – ЖАҢА АТАУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жетінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс екінші сессиясы өтіп, күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды.

Петропавл қаласының бағалау аймақтары жетіге бөлініп, жер учаскелері үшін төлемақының базалық ставкаларына түзету коэффициенттері енгізілді. Аймақтардың шекараларын белгілеу өнім өндіру және сату, қайта өңдеу және өткізу, сауда нысандарын орналастыру, экономикалық, табиғи және тұрғындардың барынша әлеуметтік қолайлылық жағдайлары, қала аумағын салыстырмалы бағалау негізінде жүргізілді.
Депутаттар азаматтық қызметшілер болып табылатын және ауылдық елді мекендерде жұмыс істейтін денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт, ветеринария, орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы, сондай-ақ, облыстық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік ұйымдарда еңбек ететін мамандарға лауазымдық айлық пен тарифтік мөлшерлемені жиырма бес пайызға арттыру туралы шешім қабылданды.
Тұрғындардың пікірлері мен облыстық ономастика комиссиясының қорытындысы ескеріле отырып, Ақжар ауданына қарасты Новосел ауылдық округі Үлкен Қараой ауылдық округі болып өзгертілді. Коммунизм және Киев ауылдарына Баймырза және Кіші Қараой атаулары берілді.
Сессияда Қызылжар ауданы «Бескөл орта мектеп-гимназиясы» КММ-і мүлкін «Бескөл мектеп-интернат-колледжі» біріктірілген білім беру ұйымын жаңғырту және құруға, сондай-ақ, «Петерфельд орта мектебі» КММ-ін жаңғырту және пайдалануға сенімгерлік басқаруға беру мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы шешім қолдау тапты.
Саналы ғұмырын өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне арнаған еңбек ардагерлері Тілек Әбдірахманов пен Оралбай Сағындықовқа «Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағы салтанатты жағдайда табыс етілді. Тілек Әйтімұлының жалпы еңбек өтілі 60 жылға жуық. Сегіз жасынан бастап ұжымшардың жұмысына араласқан ол пошта байланысы саласында басшылық қызмет атқарды. Оралбай Шәріпұлы жарты ғасырдан астам еңбек еткен. Облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары – жоспарлау комиссиясының басшысы қызметіне дейін көтерілген.
Халық қалаулыларының ұсынысымен облыс әкімдігі жанындағы мүгедектер істері жөніндегі үйлестіру кеңесінің дербес құрамы туралы шешімге өзгерістер енгізілді. Мәслихаттың кезекті сессиясының төрағасы болып депутат Біржан Жалғасбаев сайланды.
Қайрат САДЫҚОВ,
облыстық мәслихаттың баспасөз хатшысы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp