Биыл Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толады. Ядролық сынаққа тыйым салу арқылы еліміз әлемдік антиядролық қозғалыстың көшбасшысына айналды. Осы айтулы оқиға Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен диалог алаңда әңгіме өзегіне айналды.
Кеңес заманында Қазақстан аумағында атом бомбалары сынақтан өткені белгілі. Арнайы 18 млн. гектар жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылды. Әлемдегі ең ірі полигондардың бірі болған бұл жерде 1949 жылдың 29 тамызынан бастап 500-ге жуық жерасты және жерүсті сынақтары өткізілді. Нәтижесінде ауа ластанып, халық орны толмас зардап шекті. Әрбір жарылыстан кейін улы газ желмен жан-жаққа тарап, адамдарға зиянын тигізді. Жер мен аспан түтінге оранып, экология апаттық жағдайда деп танылды. Зиянды радиоактивтік заттар топырақты, суды, егістік жерлерді және мал жайылымдарын ластады. Халқымыз ұзақ жылдар бойы полигонның зардабын тартты. Тіршілік атаулыға ажал сепкен сынақтардың салдарынан мүгедек болып қалғандар әлі күнге дейін ауру-сырқаудан арыла алмай келеді. Жиында “СҚО Семей полигоны” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асхат Төлепбергенов осындай оқиғалардың бел ортасында болған ардагерлеріміз әлі күнге дейін әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмай жүргенін жеткізді.
– 1991 жылдың 29 тамызында еліміз үшін тарихи шешім қабылданды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қырық жыл бойы ядролық сынақтар жүргізіліп, “мылтықсыз майданның” ошағы болған Семей полигоны жабылды. Бұл – Тәуелсіздіктің теңдессіз жеңісі болатын. Осыдан 5 жыл бұрын біз “СҚО Семей полигоны” қоғамдық бірлестігін құрдық. Бірлестікке 155 адам мүшелікке енсе, олардың 95-і – Петропавл қаласының тұрғындары. Олардың көбі жеңілдіктерге қол жеткізе алмай жүр. 25-і ғана жәрдемақы алады. Бұл мақсатта қаншама мекеменің табалдырығын тоздырдық. Өкінішке қарай, нәтиже жоқ. Биыл бұл өтінішіміз ескеріледі деген үміттеміз. Көптеген қатарластарымыз артериялық қысымнан, жүрек, көз ауруларынан қиындық көруде. Сондай-ақ, алдағы уақытта облыс орталығында Семей полигонынан зардап шеккен жерлестерімізге арналған ескерткіш орнатылса деген тілегіміз бар, – деді Асхат Төлепбергенов.
Ардагер Семей атом полигонының тікелей қатысушысы мәртебесін алу үшін төрт жыл бойы жүріпті. Жергілікті архивке, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментке, Қорғаныс министрлігіне бірнеше рет өтініш жазуына тура келген. Бұл мәртебеге ие болғандарға жылына бір рет Алматы немесе Нұр-Сұлтан қалаларындағы әскери госпитальда емделу, жергілікті шипажайлардың бірінде тынығу, қала ішінде автобустармен жүргенде жеңілдік алу және үш жылда бір рет тістерін протездеу құқығы беріледі. Бұдан бөлек, зейнетақыға ақша қосылады.
Бұдан соң отырыста бірлестік төрағасының орынбасары Асқар Мусин қазіргі Курчатов қаласына Отан алдындағы борышын өтеуге 1970 жылдың ызғарлы желтоқсанында аттанғанын айтты. Ол кезде 18 жастағы бозбала еді. Сол жерде екі жыл әскери борышын өтеп, өзіне жүктелген тапсырмаларды үлкен жауапкершілікпен атқарды. Алғашқы жарылыс сәті әлі күнге дейін ардагердің есінде. Бір минутқа жақын созылған жарылыстан тік тұрудың өзі қиынға соққан екен. Жас болғандықтан, мұның зардабын толық түсінбепті.
Жиын соңында бірлестік мүшелері Алмағанбет Жәнібеков пен Алексей Завгородний тағдырластарына әлеуметтік көмек көрсетіліп, жастардың Семей полигоны тарихын, атом қаруының зардабын білуі тиіс екенін жеткізді.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.