«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАРДАБЫ ЗІЛДЕЙ АПАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толады. Ядролық сынаққа тыйым салу арқылы еліміз әлемдік антиядролық қозғалыстың көшбасшысына айналды. Осы айтулы оқиға Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен диалог алаңда әңгіме өзегіне айналды.

Кеңес заманында Қазақстан ау­мағында атом бомбалары сынақ­тан өткені белгілі. Арнайы 18 млн. гектар жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылды. Әлемдегі ең ірі полигондардың бірі болған бұл жерде 1949 жылдың 29 тамызынан бастап 500-ге жуық жерасты және жерүсті сынақтары өткізілді. Нәти­жесінде ауа ластанып, халық орны толмас зардап шекті. Әрбір жары­лыстан кейін улы газ желмен жан-жаққа тарап, адамдарға зиянын тигізді. Жер мен аспан тү­тінге оранып, экология апаттық жағ­дайда деп танылды. Зиянды ра­дио­активтік заттар топырақты, су­ды, егістік жерлерді және мал жайылымдарын ластады. Халқы­мыз ұзақ жылдар бойы полигонның зардабын тартты. Тіршілік атау­лыға ажал сепкен сынақтардың сал­дарынан мүгедек болып қалғандар әлі күнге дейін ауру-сырқаудан арыла алмай келеді. Жиында “СҚО Семей полигоны” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асхат Төлепбергенов осындай оқиғалардың бел ортасында болған ардагерлеріміз әлі күнге дейін әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмай жүргенін жеткізді.
– 1991 жылдың 29 тамызында еліміз үшін тарихи шешім қабылданды. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың Жарлығымен қырық жыл бойы ядролық сынақтар жүргізіліп, “мылтықсыз майданның” ошағы болған Семей полигоны жабылды. Бұл – Тәуелсіздіктің теңдессіз жеңісі болатын. Осыдан 5 жыл бұрын біз “СҚО Семей полигоны” қоғамдық бірлестігін құрдық. Бірлестікке 155 адам мүшелік­ке енсе, олардың 95-і – Петропавл қаласының тұрғындары. Олардың көбі жеңілдіктерге қол жеткізе алмай жүр. 25-і ғана жәрдемақы алады. Бұл мақсатта қаншама мекеменің табалдырығын тоздырдық. Өкінішке қарай, нәтиже жоқ. Биыл бұл өтінішіміз ескеріледі деген үміттеміз. Көпте­ген қатарластарымыз арте­рия­лық қысымнан, жүрек, көз ауру­ларынан қиындық көруде. Сондай-ақ, алдағы уа­қытта облыс орталығында Семей полигонынан зардап шеккен жер­лес­терімізге арналған ескерткіш орнатылса деген тілегіміз бар, – деді Асхат Төлепбергенов.
Ардагер Семей атом полиго­нының тікелей қатысушысы мәрте­бесін алу үшін төрт жыл бойы жүріпті. Жергілікті архивке, об­лыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментке, Қорғаныс министр­лігіне бірнеше рет өтініш жазуына тура келген. Бұл мәртебеге ие бол­ған­дарға жылына бір рет Алматы немесе Нұр-Сұлтан қалаларындағы әскери госпитальда емделу, жергілікті шипажайлардың бірінде тынығу, қала ішінде автобустармен жүргенде жеңілдік алу және үш жылда бір рет тістерін протездеу құ­қығы беріледі. Бұдан бөлек, зей­нет­ақыға ақша қосыла­ды. 
Бұдан соң отырыста бірлестік төрағасының орынбасары Асқар Мусин қазіргі Кур­чатов қаласына Отан алдындағы борышын өтеуге 1970 жылдың ызғарлы желтоқсанында аттанғанын айтты. Ол кезде 18 жастағы боз­бала еді. Сол жерде екі жыл әскери боры­шын өтеп, өзіне жүктелген тапсырмаларды үлкен жауапкер­шілікпен атқарды. Ал­ғашқы жарылыс сәті әлі күнге дейін ардагердің есінде. Бір минутқа жақын созылған жарылыстан тік тұрудың өзі қиынға соққан екен. Жас болғандық­тан, мұның зардабын толық түсінбепті.
Жиын соңында бірлестік мүшелері Алмағанбет Жәнібеков пен Алексей Завгородний тағдырластарына әлеуметтік көмек көрсетіліп, жастардың Семей полигоны тарихын, атом қаруының зардабын білуі тиіс екенін жеткізді.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”. 
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp