«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРМАН – ЕЛДІҢ БАЙЛЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мәңгі жасыл қарағайлар, мың бұралған ақ қайыңдар, жайқалған биік теректер – бәрі-бәрі орман-тоғайлы өлкеміздің байлығы. Сондықтан осы құнды ресурсты сақтап, көбейтіп, тиімді пайдалануымыз қажет.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қарамағындағы мемлекеттік орман қорының жал­пы ауданы 549,6 мың гектарды құрайды. Оның 439,7 мың гектары орманмен көмкерілген. Өткен жылы халық тұтынатын тауарларды өндiру және облыс тұрғындарын отынмен қамтамасыз ету үшiн орман шаруашылықтары мен ұзақмерзiмдi орман пайдаланушылар 507 мың текше метр ағаш дайындады. Әрбiр ағаш кесу табиғи жаңаруға, және оны күтiп-баптауға жәрдемдесу құралы болып табылады. Уақтылы тағайындалған кесу табиғи түлеуге жұмсалатын шығындарды азайтады, табиғи ресурстарды үздiксiз пайдалануға және ағашы кесiлген жерлердi орман көмкерген алаңға айналдырудың мерзімін қысқартады.
“Бір тал кессең, он тал ек” де­ген­дей, орманды қалпына келті­ру мәселесі – орман шаруашы­лы­ғы қызметкерлері үшін маңыз­ды міндет. Әдетте, ормандарымыз қоршаған ортаның түрлi қолайсыз факторларының әсерiне ұшырайды. Оларға орман өрттерінен болып ағаш ді­ңінің зақымдануы және әлсiреуi, жерасты суларының көтерiлуi нәтижесiнде шамадан тыс ылғалдану, зиянкес жәндiктер ошақтарының пайда болуы және орман ауру­ларының барлық түрлерiнiң таралуы жатады. Жасыл екпелердiң тұрақтылығын сақтау және арттыру, ормандардың өнiмдiлiгiн ұлғайту, аурулардың таралуын азайту мақсатында өткен жылы 1678,4 гектар алаңда санитарлық-сауықтыру iс-шаралары жүргiзiлдi. 1140 гектар алаңда 1925 текше метр көлемiнде дауыл салдарынан сынған сүректер жиналды. Мәселен, “Жамбыл орман шаруашылығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінде – 194 гектар, “Сергеев орман шаруашылығы” КММ-інде 801 гектар алқап қоқыстан тазартылды. Сонымен қатар ағаштарға құстарға арналған жасанды ұяларды iлу және құмырсқаларды қоныстандыру сияқты ормандарды қорғаудың биологиялық әдiстерi де қолданылды. Мұндай шаралар 172,4 гектар алаңда жүргiзiлді. Бұл – орман экожүйесiндегi тепе-теңдiктi қалпына келтiрудiң ең табиғи жолы. 2020 жылдың басында орман қоры аумағында 80,2 гектар алқапта бактериялық қатерлі iсiк ауруының ошақтары анықталды. Жүргiзiлген санитарлық iс-шаралардың нәтижесiнде жыл соңында аурудың таралу ошақтары 75,8 гектарға дейiн қысқарды.
Орман тәлімбақтары да назардан тыс қалған жоқ. Облыс бойынша тұрақты және уақытша тәлімбақтардың жалпы ауданы 260 гектарды құрайды. Отырғызылатын материал сапасын төмендететiн себептердiң арасында көшеттердiң ауруын, сирек зиянкестерден болып әлсiреуiн атап айтуға болады. Ең жиі кездесетiндері – инфекциялық жапырылу, шютте сияқты аурулар және жапырақ дақтары. Абырой болғанда, былтыр тәлімбақтарда көшеттердің аурулары табылған жоқ. Бұл қыркүйектен қазанға дейiн мемлекеттiк қор аумағында орман алқаптарына 2 бiрлескен егжей-тегжейлi зерттеу жүргiзу барысында белгілі болды. Сондай-ақ, республикалық селекциялық тұқым өсiру орталығының орман патологиялық қызметiнің, жергілікті басқармалардың және мемлекеттiк орман шаруашылықтарының мамандары 16306,7 гектар алқапта ылғалданған екпелерге зерттеу жүргiздi. Шамадан тыс ылғалдану салдарынан қурап, шара қолдануды қажет ететiн көшеттердің дені “Булаев орман шаруашылығы” (5870 гектар), “Преснов орман шаруашылығы” (2019 гектар) және “Есiл орман шаруашылығы” КММ-лерінде (1800 гектар) шоғырланған.
Орман патологиялық мониторин­гi жүйелi түрде жүзеге асырылады, бұл жағдайды бақылауда ұстауға және орман қорының зиянды организмдермен және қоршаған ортаның басқа да қолайсыз факторлармен зақымдануына уақтылы ден қоюға мүмкiндiк бередi. Екпелердiң зақымдану қаупiн бағалау негiзiнде қажеттi орман қорғау және санитарлық-сауықтыру iс-шаралары жүргізіледi.
Облыстың мемлекеттiк орман шаруашылықтары үстіміздегі жылы нысаналы индикаторларға қол жеткiзуге бағытталған жұмыс жоспарын қабылдады. Бiрiншi кезекте, бұл – биологиялық әртүрлілікті және табиғи-қорық қорын сақтау әрі тұрақты пайдалану, орман алқаптарының тозуын азайту және ағаштардың санитарлық жағдайын жақсарту жөнiндегi iс-шаралар кешенiн орындау. Бұл ретте ағаш отырғызу жұмыстарын ұлғайту, орман тәлімбақтары алаңдарын кеңейту және экологиялық жағдайды жақсартуға, табиғи ресурстарды сақтау мен ұтымды пайдалануға байланысты iс-шаралар бойынша облыстық кешендi жоспар әзiрлендi. Кешендi жоспардың негiзгi мiндеттерi облыстың 12 мемлекеттiк орман шаруашылығы келiсiлген және үйлесiмдi жұмыс iстеген кезде ғана қамтамасыз етiледi.
Мемлекеттiк орман қоры жерлерiндегі топырақты зерттеу бойынша жобалау-iздестiру жұмыстарын алдағы бес жылда 21 мың гектар алаңда жүргiзу жоспарлануда. Ал ағаш отырғызу жұмыстарын 20 мың гектар жерде жүргізу көзделіп отыр. Соның ішінде биыл көшеттер 850 гектарға отырғызылмақ. Жал­пы, алдағы бес жыл iшiнде өңірімізде негiзгi орман құраушы тұқымдылардың 100 миллион дана көшетін отырғызу жүзеге асырылады.

Сәуле СҮЛЕЙМЕНОВА,
облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының маманы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp