Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында мемлекеттік басқару саласындағы реформалауды, ең алдымен, мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне және оларды орындау жауапкершілігіне деген көзқарасты өзгертуден бастау қажеттігін алға тартқан болатын. Осынау түбегейлі реформаны жүргізу үшін мемлекеттік аппарат қызметін қайта қарауға, бұл мәселе бойынша жоспарлау мен жүзеге асырудың үйлесімділігін қамтамасыз етуге, сан алуан көрсеткіштер мен индикаторлардан тұратын мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуді тоқтатып, барша азаматқа түсінікті, қысқа әрі нұсқа ұлттық жобалар форматына көшу жөнінде тапсырмалар берілді.
Жолдауда: “Негізгі проблема атқарушы биліктің әр қадамының заңмен шектеліп, адымының ашылмауында болып отыр. Біз министрлер мен әкімдерге зор талап қоямыз, бірақ олардың өкілеттіктері заңдар мен қаулылардың нақты нормаларының аясында шектеледі. Сондықтан Құқықтық саясат тұжырымдамасы аясында заңнаманы өзгерту арқылы құқықтық регламенттеу деңгейлерінің арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету керек”,– деп атап көрсетілді. Мұның өзі “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” құруды қолға алған кезеңде тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыруға тың серпін берері анық.
Мемлекеттік басқару жүйесінде жоғары мәртебеге ие әділет органдары өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, жеке, заңды тұлғалардың, азаматтардың заңды мүдделерін қорғап, құқықтық жағынан қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Облыстық әділет департаментінде 7 бөлім, 4 ауданаралық басқарма, сот актілерін орындау бойынша 5 аумақтық бөлім жұмыс істейді. Біздің құзырымызға нормативтік-құқықтық актілерді, коммерциялық емес заңды тұлғаларды тіркеу, апостиль қою, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, құқықтық көмек ұйымдастыру және заңгерлік қызмет көрсету, сот істерін қарау мерзімдеріне, сот үкімдері мен шешімдерінің орындалу барысына бақылау жасау, сот приставтары мен сот орындаушыларының жұмысын ұйымдастыру, нотариалдық және АХАЖ органдарының қызметін нормативтік-құқықтық, ұйымдық, кадрлық және қаржылық жағынан қамтамасыз ету, атқарушылық құжаттарды орындау сияқты сан-салалы міндеттер кіреді.
Соңғы жылдары әділет органдары жүйесінде елеулі өзгерістер болғанын атап өту қажет. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік және заңды тұлғаларды тіркеу функциялары “Азаматтарға арналған үкімет” КЕАҚ-ның құзыретіне берілді. Осыған байланысты аумақтық әділет органдары жүйесінде құрылым өзгертіліп, штат саны 117-ден 68-ге дейін қысқартылды. Сонымен қатар аудандық әділет басқармалары мен сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімдердің филиалдары біріктірілді. Ауданаралық басқармалар мен сот актілерін орындау жөніндегі бөлімшелер құрылды. Штат санын оңтайландыру, қызметтік үй-жайларды босату және бюджет қаражатын үнемдеу негізінде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде қанатқақты жоба түзілді. Ол бойынша мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы факторлық-балдық жүйе негізінде төленеді. Осылайша, мемлекеттік қызметшілердің жалақысы ұлғайды.
Мемлекет басшысы Жолдауда мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігін арттырудың маңыздылығы мен қажеттілігін бірнеше рет атап өтті. Осыған орай көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға және ведомоствоның стратегиялық жоспарында көзделген негізгі индикаторларға қол жеткізуге басымдық берілген. Бүгінгі күні 12 мемлекеттік қызмет түрі ұсынылады. Олар “Азаматтарға арналған үкімет” корпорациясы және “Е-лицензиялау” мемлекеттік деректер қоры” ақпараттық жүйесі арқылы қабылданады. Былтыр 1453 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 1163-і мемлекеттік корпорация. 30-ы “Е-лицензиялау”, 91-і “Электрондық үкімет” порталы, 171-і қағаз түрінде атқарылды. Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу нәтижесінде мемлекеттік тіркеу, мемлекеттік қайта тіркеу, қызметін тоқтату, құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізу мерзімі 5 жұмыс күніне дейін қысқарды. Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жатпайтын заңды тұлғалар үшін мемлекеттік тіркеу туралы және филиалдар мен өкілдіктерді есепті тіркеу туралы анықтаманы беру мерзімі өтініш берілген күннен бастап 14 жұмыс күнінен кешіктірілмейді. Әділет департаментінің ғимаратында өзіне-өзі қызмет көрсету секторы үзіліссіз жұмыс істейді.
“Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы” Заңның қабылдануы құқықтық қызметтер көрсету саласындағы реформалардың бастауы десе де болады. Осындай өзгерістердің бірі заң консультанттары институтын құру болып табылады. Себебі, жоғарыда аталған Заң қабылданғанға дейін жеке практикамен айналысатын заңгерлердің қызметі реттелмеген еді. Маңызды жаңалықтардың бірі, 2019 жылдың шілдесінен бастап адвокаттар мен заң кеңесшілері ғана соттарда жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін білдіре алатыны. Облыс аумағында жеке практикамен айналысатын 3 өңірлік палата жұмыс істейді. Олардың құрамында 250-ден астам заңгер бар. Адвокаттық қызметпен айналысуға лицензия алғысы келетін үміткерлерге аттестаттау тәртібіне қойылатын талаптар қатаңдатылды. Мәселен, адвокаттық қызметпен айналысуға рұқсат беретін лицензиясынан айырылған, теріс себептермен заң консультанттары палатасының тізімінен шығарылған, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған адамдарға 3 жылға дейін адвокаттық қызметпен айналысуына тыйым салынады.
Әділет органдары қызметінің бір бағыты контрафактілік өніммен күрес екені белгілі. Бұған тауарлар мен қызметтерді дараландыру құралы ретінде зияткерлік меншік объектілеріне жататын тауар белгілеріне қатысты қолданыстағы заңнаманы сақтау тұрғысынан заңды және жеке субъектілерге тексеру жатады. Жасыратыны жоқ, бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстан нарығында да контрафактілік (жасанды) өнім көлемі көбеймесе, азаяр емес. Тұтынушылар көбіне сапасыз тауарлардың, жалған өндірушілердің құрбаны болып жатады. Жалған бренд атаулары, сауда, қызмет көрсету белгілері нағыз бәсекелестікті кейінге ысырып, кәсіпкерлерді үлкен шығынға ұшырататын жағдайлар аз кездеспейді. Қарапайым жұртшылықты контрафактілік өнімдердің сапасынан гөрі “қолжетімді” бағасы қызықтырады. Тұрғындар арасында зияткерлік меншік мәселелері бойынша құқықтық сананы және құқықтық мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ контрафактілік өнімге төзбеушілік мақсатымен семинарлар, дөңгелек үстелдер, дәрістер түрінде жүздеген іс-шаралар атқарылды.
Жолдауда айтылған “Негізгі мақсат жұмыстың барысы емес, нәтижесі” деген талап бәсекелестікке деген қарым-қабілетіміздің өлшемі тәріздес. Сот актілерін орындау жұмыстарына 52 жеке сот орындаушы тартылып, өндіріске екі жүз мыңнан астам іс жолданды. “Жедел-іздестіру қызметі туралы” Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес борышкерді іздестіруді жүзеге асыру тәртібі өзгертілді. Енді оған іздеу жариялау үшін сот орындаушысы іздестіру туралы қаулы шығарып, прокурор санкциялайды. “Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы” Заңның 33-бабында сот орындаушысының борышкерлердің елден шығуына шектеу қою міндеті белгіленді. Осылайша, сот орындаушысы атқарушылық құжатты өндіріске қабылдағаннан кейін борышкердің елден кетуін шектеу туралы қаулы шығаруға құқылы. Бұл ретте шығуға тыйым салу борышкерге тиісінше хабарланған күннен бастап бес жұмыс күні өткеннен кейін ғана қолданылады.
Әділет органдары Президент Жолдауында айтылған саяси, құқықтық және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге тікелей атсалысып, жаңа мемлекеттік-құқықтық реформалардың жүзеге асуына өз үлесін қоса береді.
Мақсат САТЫБАЛДИН,
облыстық әділет департаментінің басшысы.