Қаңтар айында әлеуметтік желіден Петропавл қаласына су жаңа жеті автобус келгені туралы ақпаратты оқыдым. Жыл соңына дейін қоғамдық көліктің тең жартысы жаңартылатыны туралы хабар да мені қатты қуантты. Жаңа автобустар әзірге №9 және №27 бағыттарға бұйырды. Ал “Береке” шағынауданындағы Сенная көшесі арқылы жүретін №23 және мен үнемі жүретін №24 бағыттарда автобустар саны жеткіліксіз. Мұнда тұратындардың дені қала орталығына баруға асығады. Себебі жұмысы сол жақта. Сондай-ақ, берекеліктер емханаларға көп қатынайды. Ірі сауда орындарының көбі Петропавлдың орталық бөлігінде шоғырланғаны аян.
Таңертең балаларын балабақша мен мектепке апаратын азаматтар аялдамада ұзақ тұруға мәжбүр. Себебі, жолаушыларға лық толы көлікке кішкентай баламен сыймай қалып қояды. Жұмыстарына да кешігеді. Бұл мәселе бірнеше жылдан бері шешілмей жатыр. Кейбір бағыттардағы автобустарды “Сенная база” аялдамасына дейін ұзартса, нұр үстіне нұр болар еді.
Гүлзат ҒАЗИЗОВА,
Петропавл қаласының тұрғыны.
Сурет: https://www.arnapress.kz/
ЕШ ӨКІНБЕЙМІН
Мен Есіл ауданының орталығы – Явленка ауылының тұрғынымын. Өткен жылы шырайлы Шымкенттен солтүстікке отбасыммен қоныс аудардым. Үкімет тарапынан көрсетілген қолдауды пайдаланып, егінді даласымен танымал Қызылжар өңірінің тұрғыны атандым.
Қоныс аудармас бұрын облыстың барлық аудандарын аралап шықтым. Біреуінде салынған баспаналар көңілімнен шықпаса, енді басқаларының тұрғындары салқын қабақ танытқандай болды. Нәтижесінде, табиғаты шырайлы, жылы жүзді тұрғындары бар Есіл ауданында тұрақтауды шештім. 7 баспана салынып, жаңа көше пайда болды. Жергілікті әкімдік балаларымды мектепке орналастыруға көмектескенін айта кеткен жөн. Келген бетте бірден аудандық жұмыспен қамту бөлімінің мамандары келіп, тұрақты қызметке орналасуға ұсыныс жасады. Мен еңбекқор адаммын. Осы елді мекенге қоныс аударуымның басты себебі – жеке кәсіп құру. Жоспарым – азық-түлік дүкенін ашып, үй маңында жылыжай салу. Өзімді ғана емес, екі қолға бір күрек таппаған азаматтарды да еңбекпен қамтуды көздеймін. Кейін шаруашылығымды кеңейтіп егін егіп, мал ұстамақпын. Кәсібімді дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне жүгінетін боламын. Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келгеніме еш өкінбеймін.
Әділхан ТӨЛТАЕВ,
Явленка ауылының тұрғыны.
Есіл ауданы.