“Оңтүстіктен – солтүстікке” бағдарламасы аясында жұмыс күші көп облыстардан өңірімізге қоныс аударғандардың қатары жыл сайын арта түсуде. Мемлекеттің бұл мүмкіндігін қалт жібермей, тұрмысын жақсарту мақсатында алыстан келгендердің қатарында Нұрсұлтан Қуатов та бар. Ол 2019 жылы өз отбасымен Қызылжар ауданына тұрақтады.
Қуатовтар шаңырағы ішкі көші-қонды, әрі ел экономикасын ілгерілетудің тетігі ретінде жүзеге асқан бағдарламаның қатысушысы болғандарына қуанады. Нұрсұлтан Тұңғышбекұлы Түркістан облысының Арыс қаласында тұрған. 2019 жылғы 24 маусым күні әскери бөлімнің қоймасында болған жойқын жарылыстан соң солтүстікке қоныс аудару туралы шешімге келіпті. Ол бейбіт тұрғындардың зәресін алған оқиғаны әлі күнге дейін ұмытар емес. Апат орын алған күні Қуатовтар отбасы өзгелермен бірге туған үйлерін тастап кете барған. Өйткені, онда қалу аса қауіпті еді.
– “Апат айтып келмейді” деген рас екен. Айдың-күннің аманында әскери қоймада жарылған оқ дәрілердің дүлей дүмпуі бейқам отырған жұртты шошытты. Әлі есімде, сағат таңғы 9.30-дар шамасында дабыл қағылды. Сол сәттен бастап қатты жарылыстар естіліп жатты. Жергілікті тұрғындар жан амандығын ойлап, жан-жаққа қаша жөнелді. Біз де сол күні Арыстан кетіп қалдық. Кейін жарылыстар тыйылса да, зайыбым мен балаларым ол жерге қайтып баруға жүрексінді. Таныстарымыздан “Еңбек” бағдарламасы арқылы солтүстікке көшіп баруға болатынын естіп, Қызылжар ауданына қоныс аудару жөнінде бірден шешім қабылдадық, – дейді Нұрсұлтан.
Алғашында бұл отбасы “Бұрын соңды аяқ басып көрмеген өңірдегі өміріміз не болмақ?” деп қобалжығанымен, бүгінде жандары жай тапқан. Екі жол сөмкесімен ғана жолға шыққан Қуатовтар қазір тұрмысқа қажеттінің бәрімен қамтамасыз етілген. Отағасы бұрын табаны тиіп көрмеген облысқа жол тартқандағы алғашқы сезімін былай деп еске алады: “Пойызға отырып, солтүстікке жеткенше сан түрлі ойларға берілдім. “Ол жаққа барған соң не істейміз? Қалай күн көреміз? Үш баламмен далада қалмаймын ба?” деп қатты қобалжыдым. Алайда, уайымның жетегіне ергенім бекер болыпты. Пойыздан түсе салысымен, бізді жақсы адамдар қарсы алды. Олар бізді Жамбыл ауданының орталығы – Пресновка ауылына апарды. Жергілікті әкімдік бізге уақытша пәтер берді. Мамандығым мал дәрігері болған соң жақын маңдағы Благовещенка елді мекенінен жұмыс тауып берді”.
Біздің өңірдің тұрмысына төселген соң ерлі-зайыпты Қуатовтар қала маңындағы Подгорное ауылына көшіп келген. Өйткені, мүмкіндігі шектеулі Маржан есімді қыздарын үнемі дәрігерлерге қаратып отыруы керек.
Қуанышқа орай, Подгорный ауылының әкімдігі де бұл шаңырақты жылы шыраймен қарсы алды. Көпбалалы отбасы жаңадан салынған тұрғын үйлердің біріне қоныстанып, бүгінде жұрт қатарлы өмір сүруде. “Үй өте жылы. Сапалы тұрғызылған. Жергілікті билік өкілдері барлық жағдайымызды жасап берді. Отбасымызда да қуанышты жаңалықтар орны алуда. Төртінші перзентіміз өмірге келіп, өрісіміз кеңейді. Бізді жылы қабылдап, тұрмысымызды оңалтуға қол ұшын созған қызылжарлықтарға ризамын”, – дейді ерлі-зайыптылар. Ол зайыбымен бірге “Бастау” бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік курсын тамамдап, 1 млн. теңгенің грантына ие болған. Отбасы алдағы уақытта бұл қаржыға мал сатып алып, сүтін өткізіп отырмақшы. Оның үстіне шаңырақ иесі өз мүмкіндіктерін мемлекеттік қызметте де сынап көруге ниетті.
Фархат ТАСТАМБЕК.
СУРЕТТЕ: Қуатовтар отбасы.