Абайдың
суретіне
Мынау тұрған Абайдың суреті ме? –
Өлең – сөздің ұқсаған құдіретіне,
Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,
Қарсы келер Абайдың кім бетіне!
Ақын атын таратқан әрбір тұсқа,
Соңғыларға қалдырған үлгі-нұсқа,
Арғын, Найман сөзіне таңырқаған –
Қандай арман бар дейсің бұл туыста!
Терең ойдың түрінде теңізі бар,
Тесіле көп қарасаң көңіл ұғар.
Сол тереңге сүйсініп жан үңілмей,
Есіл сабаз ызамен өткен шығар!..
Өсиет
Ой-хой, дүние серуен!
Адам бір көшкен керуен.
Дүниені қызық қалдырып,
Асамыз өмір белінен.
Кірсе лебіз – шықса жоқ,
Қауіп етіңдер өлімнен.
Қылышбайдан таралып,
Сөз нұқсасы келінген.
Дос-жаранға, кемтарға
Қайырлы бол делінген!
Қылған қайыр болмаса,
Не әкетесің өмірден?!
Дәулетіңнен не пайда
Таусылмастай көрінген?!
Жалғыз мұраң сол болар –
Қол қайырың берілген.
Басқа дүние бірі де
Көмілмейді кебінмен.
Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға,
Көп жылқы тең келмейді бір тұлпарға.
Жақсының әрқашанда жөні бөлек,
Жаман адам жарамас бір қымтарға.
Кәрілік
Жасықтан асыл шықпас қайрағанмен,
Жабыдан жүйрік шықпас байлағанмен,
Жасарып Жамбыл қайта жігіт болмас,
Жағасын үш қайтара майлағанмен.
Сақалым темір күрек борға малған,
Селеудей шашым селдір зорға қалған.
Аузыма ақ жабағы жапсырғандай,
Кәрілік немді қойды қорламаған?
Құлпырған қызыл шырай түсімді алды,
Аузымды опырайтып тісімді алды,
Босатып буынымның шегелерін,
Сыпырып тұла бойдан күшімді алды.
Кәрілік екі көзді қызартады,
Сүйектің етін сылып, ұзартады.
Еңкейсең етпетіңнен түсіргендей,
Батпандап шонданайға тұз артады…
Жетіппін жүре-жүре қыр басына,
Жол екен таусылмайтын бір ғасырға.
Елбіреп екі аяғым дірілдейді,
Көз жетпей тұрары ма, тұрмасы ма…
Тамырдың тілі қандай, дәрігерім
Жамбылға турасын айт, сыр жасырма!
Жетелеп біраз күнге жүріңдерші,
Кез болдық қайдан демей бұл масылға.
Болыппын жыртық үйдей саңлауым көп,
Тұрғандай жан-жағымнан жел гуілдеп,
Өзіме-өз дәрменім жетер емес,
Болысып жібермесең біреуің кеп!
Бата
“Әумин” деп қолынды жай,
Қабат тусын күн менен ай,
Алғаның болсын сайма-сай,
Қапалық болмай кезінде,
Ылғи болсын мамыражай.
Қос-қостан тауып ұл мен қыз,
Мінгені болсын жорға тай,
Ертең ерте біреуі
Қойға кетсін қудалап,
Түйеге кетсін біреуі
Екі көзін уқалап.
Егін ексін біреуі
Су сағасын томалап.
Оттың басын шаңдатып,
Біреуі жатсын домалап.
Жылқы бақсын біреуі
Асауларды күделеп.
Сөз сөйлесін біреуі
Көп ішінде сүбелеп.
“Жақсы лепес – жарты ырыс”,
Ескіден қалған мақал-ды.
Соза беріп қайтейін,
Бата аяғы тақалды.
Жаз
Жаз жайнап, жан-жануар жанаттанған,
Жадырап май айында науаттанған,
Су ағып, жер айналып жанарланған,
Жиһанда біздің таңдай таң атпаған,
Жарқылдап жабырқаусыз жайдары жан,
Жұлқынып жазғы егіске жарақтанған.
Шыңына шыбық шаншып, гүл түлетіп,
Сайлы елім саяхатқа саяттанған,
Қой қоздап, түйе боздап, құлын қунап,
Даланың төлі ойнақтап аяқтанған,
Бұзылмай айдын көлдің ақ қаймағы,
Құс шайқап балапаны қанаттанған.
Безесе кәрі Жамбыл қызыл тілін —
Хош көріп қазақ, қырғыз мадақтаған.
Бәйгеден күнде келген кәрі тарлан,
Бәрін де той, думанның аяқтаған.
Күй боздап домбырадан, өлең қоздап,
Қыз бұлғап орамалын қарап қалған,
Жүз жасап, жүз жаз көрген
бұл Жамбылды
Ешбір жаз бүгінгідей қаратпаған.
Жазында Сталиннің жаңа жасап,
Кұлшындық қыран құстай тояттанған.
Жадырап, жаз гүлімен бірге гүлдеп
Тамырым алпыс екі тарап тұрған.
Алатау
Тізілген таулары бар Жетісудың,
Ішінде орман, тоғай біткен нудың,
Дариядай тулап аққан сол таулардан,
Көресің тамашасын аққан судың.
Есепсіз тау суреті көз жетпейтін,
Жырлауға қазынасы көп тіл жетпейтін;
Өрік, алма, алмұрт, жиде жемістер көп,
Бір татсаң аузыңнан дәм кетпейтін.
Карлы тау басы биік мұнар кетпес,
Сырласып бұлттарменен
болған кептес,
Түрлі аңдар мекен етіп, өніп-өсіп,
Жүреді бір-бірімен боп тілектес.
Арыстан, аю, қасқыр, түлкі, борсық,
Сілеусін, жолбарыстар түнде жортып, –
Тулаған, аққан бұлақ тасқынында
Асаудай ойнақ салар балық шолпып.
Етегі сол таулардың мидай тегіс,
Тегіс жер гүлін жарған миуалы егіс,
Еліне мекен етіп еңбек қылған
Жегізер аямастан түрлі жеміс.
Алатау Жетісумен құшақтасқан,
Еліне қазыналы қойнын ашқан,
Бауырында Қазақстан астанам бар, –
Бір бауыр орыс-қазақ араласқан.
Жайлау бар бұл тауларда
шөбі шалғын,
Көк майса ойы, қыры бәрі балғын,
Қызығын сол жайлаудың
көрсем десең, –
Шөбіне бауырың төсеп жатып алғың.
Ар жағы – еңреген ел Қытай жері,
Бер жағы – ен жайлаған қазақ елі,
Басында бахыт жырлап Жамбыл отыр,
Желбіреп қызыл жалау шығыс белі.
Қымыз
Үйірілген қышқыл, тәтті сары қымыз,
Ауруға – ем, сауға – қуат, дәрі қымыз,
Ыстықта ұрттар сусын таппағанда,
Ерте-кеш байлар ішкен кәрі қымыз.
Ашыған кең сабада алтын қымыз,
Бай, биге шаттық берген салқын қымыз,
Айтушы ек іштен налып саған қарғыс,
Кедейге келмегенде шартың қымыз.
Байда бар, жарлыда жоқ тартым қымыз,
Көз сатып бардан ішкен халқым қымыз.
Байлардың сабасында “аллаһуп” тап,
Кедейдің торсығында там-тұм қымыз.
Сапырған жайлау жайлап байлар қымыз,
Шақырып бірін-бірі тойлар қымыз.
Кеңейтіп жуан қарын май қосуға,
Cap тұздық қозы етімен шайнар қымыз.
Үстіңнен дабыл ұрып желі қымыз,
Еңбекші ел аттанғанда кегі қымыз,
Байды қуып, алуға малын тартып
Беретін ет пенен сүт, сені қымыз.
Бай қайда? Елден қудық бүгін қымыз,
Төңкердік зор сабасы түбін қымыз,
Көрінбей түнде жортып құмдарда жүр,
Ішпейді бұлақ суын түгіл қымыз.
Сапырған далам, қалам бәрі қымыз,
Жайлаудың бүгін болды сәні қымыз.
Стахановшы ерлерге дем беретін
Бір сүйеу еңбегіне кәрі қымыз.
Еңбекші ел тартып алған табы қымыз,
Ен өскен колхоз аулы малы қымыз,
Әр ферма ортасында күмпілдейді,
Өзгеше бүгін тәтті дәмі қымыз.
Үйірілген сары алтындай сары қымыз,
Ауруға – ем, сауға – қуат, дәрі қымыз,
Елімнің социалистік асы болдың,
Шығаршы, тағы нең бар, кәне, қымыз!
Әке әзілі
Сойған түлкі секілді
Сатышым жүр ырсыйған.
Тұрабымның тұрпаты –
Бұқашадай тырсыйған.
Аққулыға қарасам –
Ішін алған торанғы
Қызық көріп балаша
Отырамын соларды.
Жау-жапырақ секілді
Жартыбай жүр қаудырлап.
Мазамды да кетірді
Сөз сөйлесе саудырлап…
Құйымшағы бүріскен
Нағашыбек ешкідей.
Жымың-жымың күліспен
Жүре беред естімей.
Бәрі маған аян ғой,
Айта берсем тағы да.
Бірақ өліп қалам ғой
Мен солардың “бағына”.
Ата жаумен
айқастық
Асқар таудай еліме
Байтақ жатқан жеріме
Шапты фашист дегенде:
Ашуменен аралас
Қыр да келді көмейге,
Қаһар қаулап денемде!
Көз жібердім мен де елге:
Сонда елімнің түрінен
Тастай болып түйілген –
Қаһармандық аңғардым,
Жау сазайын бергенге!
Жау тиді деп саспастан,
Аяқтарын нық басқан
Айбатынан көресің
Аспанмен күші астасқан!
Құйған құрыш тәрізді
Тұлғасында күшті ызғар
Батырлықпен ұштасқан.
Көз жібердім сонда мен,
Жүрегіне елімнің,
Кремльді болжап ем:
Қуат құйған бойыма,
Шырақ жаққан ойыма
Келбетін көрдім ерімнің.
Сүйінбайға
Сүйеке, сүйенішім, өнерпазым,
Әйгілі ақылгөйі желді сөздің.
Әкежан, сен де тіле, бата берсін,
Балаңа өлең қонып, атақ ерсін!
Батаңды маған бер, әке,
Тіліме менің ер, әке!
Жапаның ұлы ақын боп,
Жақсы істепті дер, әке!
Домбыра алып сөйлейін,
Күнде жасап мереке.
Мерекелі болған соң,
Елде болар береке.
“Ұрлық түбі – қорлық” деп,
Болармыз құр келеке.
Жамбыл ЖАБАЕВ.