Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Петропавлдағы газ баллоны жарылған дәмханада болып, төтенше жағдайдың салдарымен танысты.
21 ақпан күні сағат 16:00 кезінде Интернационал көшесі, 21 мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында жарылыс орын алған болатын. Оқиға орнына жедел жеткен облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің жедел құтқару жасағы мен қалалық өрт сөндіру бөлімдерінің құтқарушылары үйдің 120 тұрғынын далаға шығарды. Кейін олар №2 орта мектепке уақытша эвакуацияланса, зардап шеккен оннан астам тұрғын облыс орталығындағы ауруханаларға жеткізілді.
Өкінішке қарай, іздеу шаралары барысында үйінділердің астынан әйелдің мүрдесі табылып, қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілген 24 жастағы ер-азамат көз жұмды. Жиырма жастағы бір қыз аса ауыр халде болса, 1997 жылғы екі ер адам облыстық аурухананың жан сақтау бөлімінде жатыр.
Облыстық балалар ауруханасына жеткізілген 10 жастағы баланың жағдайы да ақ халаттылардың жіті назарында. Сондай-ақ, алты азамат амбулаторлық ем-дом шараларын қабылдауда.
Жарылыс болған көпқабатты үйдің жағдайымен танысқан Құмар Ақсақалов қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.
– Қаза тапқандардың туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Ауруханаларда ем-дом шараларын алып жатқан 8 азаматтың тез жазылып кетуіне тілектеспін. Болашақта осындай жағдайларға жол бермеу үшін кәсіпкерлерге көпқабатты үйлерде газ баллонын қолдануға үзілді-кесілді түрде тыйым салынады. Қала бюджетінен ғимаратты жөнге келтіруге қажетті қаражат бөлінеді. Сондай-ақ, пәтер иелеріне бірреттік материалдық көмек көрсетілетін болады. Зардап шеккен бірде-бір адам назардан тыс қалмайды, – деді Құмар Іргебайұлы.
Өңір басшысы осы қайғылы оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылатынын айтты. Прокуратура, төтенше жағдайлар жөніндегі департамент, кәсіпкерлер палатасының өкілдері және Петропавл қаласы әкімдігінің мамандарынан құралған комиссия көпқабатты үйлердің бірінші қабаттарында орналасқан кәсіпкерлік субъектілерін тексерумен айналыспақ.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығы Рамиль Камаловтың айтуынша, жарылыс бірінші және екінші қабаттардағы пәтерлерге де зақым келтірді. Сондай-ақ, өрт сөндіру бөлімінің мамандары 7 газ баллонын сыртқа шығарған. Қазіргі уақытта облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің 83 құтқарушысы мен 21 техникасы апат зардабын жоюда.
Аталмыш жатақхана 1971 жылы салынған. Ғимарат соңғы рет 2015 жылы күрделі жөндеуден өтіпті. Бүгіндері оқыс оқиға тіркелген жерде жүргізілуі тиіс күрделі жөндеу жұмыстарының ауқымы есептелуде. Қала әкімдігінде бұл мақсатта арнайы комиссия құрылды. Бірер күннен соң жергілікті 6 құрылыс компаниясы жатақхананың бірінші және екінші қабаттарын қайта қалпына келтіру жұмыстарына кіріседі.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.