«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АҚЫЛДЫ ФЕРМА” — АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ БОЛАШАҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы жылдары елімізде мал шаруашылығын дамытуға деген талпыныс жоғары. Оған саланың серпінді дамуы және өнімдерге сұраныстың артуы әсер етті. Дегенмен, сүт өндіру ісінің әлі де төмен екені әмбеге аян. Бұған бірнеше себеп бар. Елімізде сүт өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуатының төмендігі, шикізаттың аздығы және сүтті сақтау мен тасымалдау жүйесінің дұрыс жолға қойылмағандығы бұл іске қолбайлау болып отыр. Тұтынушылардың талғамына сай өнім шығару үшін, алдымен, сапалы шикізат көзін қалыптастыру қажет.

Статистика агенттігінің мәліметінше, бүгінгі таңда Қазақстандағы Зеңгі бабаның саны 3,8 млн. басты құрайды. Алайда, оның тек 37,1 мыңы немесе 7,5 пайызы ғана фермерлердің қолында. Жыл сайын 5 млн. тоннаға жуық сүт сауылады, оның өзі әлемдік талаптарға сай келмейді. Яғни, оның 1 млн. тоннасы ғана өндіріске жарамды. Осы себепті отандық сүт зауыттары толық қуатында жұмыс істемейді. Үкімет бұл бағытта бірқатар маңызды қадамдарды жүзеге асырып, 2018-2027 жылдарға арналған сүт шаруашылығын дамыту салалық бағдарламасын іске қосты. Аталмыш бағдарламаға сәйкес елімізде жыл сайын кем дегенде 25 өнеркәсіптік сүт фермасы пайдалануға берілуі тиіс.
Мал шаруашылығында сүт өндірісінің маңызы үлкен. Себебі, сүт – кез келген адам тұтынатын тағамдардың бірі. Алайда, соңғы жылдары ішкі нарықтағы жетіспеушілік импорт есебінен қанағаттандырылып келгені рас. Ал экспорт көлемі жыл сайын кеміп барады. Оның негізгі себебі сол – шикізат жетіспеушілігі. Мемлекет қолға алған бағдарлама аталмыш мәселені шешуге бағытталған.

Өріс малға толуда

Үкімет 2018 жылдан бері елімізде сүтті мал шаруашылығын дамыту мәселесіне басымдық беруде. Бұл бағыттағы жұмыстар Солтүстік Қазақстан облысында да қарқын алды. Атап айтқанда, Тайынша, Қызылжар, Шал ақын, Аққайың, Уәлиханов, Жамбыл, Ақжар және Тимирязев аудандарында тауарлы-сүт фермаларын салу бойынша белсенділік жоғары. Бұған дейін негізінен алқаптарды әртараптандырып, еңбек өнімділігін арттыруға көңіл бөліп келген агроқұрылымдар енді мал өсіріп, сүт фермаларын көптеп сала бастады.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мамандарының айтуынша, былтырғы жылы “Арна” шаруа қожалығының, “Ноғайбай”, “Астық сату компаниясы”, “Иван Зенченко”, “Полуденное” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің және “Бүркіт” ауыл шаруашылығы кооперативінің сүт фермалары пайдалануға берілген. Оларға шетелден 4200 бас ірі қара сатып алынса, бұл жобаларды жүзеге асыруға 7,3 млрд. теңгенің инвестициясы тартылды. Нәтижесінде былтыр 90 шаруашылық пен 21 заманауи тауарлы-сүт кешенінде 598 мың тонна сүт сауылған. Бұл 2019 жылдың көрсеткішінен 5,5 пайызға артық.
– Сүт және сүт өнімдерін өндіруде Қызылжар өңірінің мүмкіншілігі жоғары. Жайылымдық жер көп, шөбі шұрайлы. Сондықтан аталмыш салаға жіті көңіл бөлініп, жер жерде тауарлы-сүт фермалары салынуда. Үстіміздегі жылы он мың басқа арналған 16 тауарлы-сүт фермасының құрылысын жүргізу жоспарланған. Бұл облыс бойынша 500 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ал жобаларға тартылған инвестиция 12 млрд. теңгені құрайды. Жыл соңына қарай сауылған сүттің көлемі тағы 50 мың тоннаға артады деп күтілуде, – дейді басқарма басшысының орынбасары Талғат Наурызбаев.
Биылғы жобаларға келетін болсақ, жыл соңына дейін “Ебжанов” (400 бас, 800 млн.), “Астық Привольное” (600 бас, 1,7 млрд.), “Әдемі астық” (400 бас, 800 млн.) және “Петропавл бройлері” (2,5 млрд.) ЖШС-лерінің фермалары пайдалануға беріледі. Қазір бұл нысандарда құрал-жабдықтарды орнату және құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа жыл соңына дейін 1 мың етті бағыттағы ірі қараға арналған ферма іске қосылмақ. Өңірде 13 мың малды бордақылауға арналған тағы екі нысан салынып жатыр.

Цифрландыру –
уақыт талабы

Бүгінде “ақылды технологияларды” агроөнеркәсіп кешеніне, оның ішінде мал шаруашылығына енгізу мықтап қолға алынды. Бұл орайда сүт шаруашылығы да назардан тыс қалған жоқ. Президент тапсырмасына сәйкес аталмыш саладағы еңбек өнімділігінің және дүкен сөрелеріндегі өнімдердің артуы цифрландыру есебінен қамтамасыз етілмек. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес ел бойынша заманауи цифрланған сүт фермалары құрылып, оның жұмысы толық автоматтандырылмақ. Яғни, сандық технологияларды енгізу арқылы жұмысты жеңілдетуге басымдық беріледі. Өз кезегінде бұл тың тетіктер фермердің ірі қара туралы ақпараттарды жинау, емдеу шараларын жүргізу кезіндегі кедергілерін оңтайлы шешуге серпін бермек. Сөйтіп, жұмысшылардың жүктемесін және түрлі шығындарды азайтуға жол ашылады.
Бүгінгі таңда біздің облыста өркениетті елдерде бұрыннан қолданып келген заманауи технологияларды тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін бірнеше тауарлы-сүт фермалары жұмыс істейді. Солардың бірін Мамлют ауданында “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігі 2019 жылы іске қосқан болатын. 600 басқа арналған фермада заманауи құрал-жабдықтардың арқасында күніне төрт тонна сүт сауылады. Ал жыл соңында “ақылды” кешендердің қатарын Қызылжар ауданындағы “Қызылжар сүт” ЖШС-нің заманауи тауарлы-сүт фермасы толықтырды. Аталмыш се-ріктестік осыдан бес жыл бұрын құрылған болатын. Негізінен егіншілікпен айналысатын шаруашылық дәнді және майлы дақылдарды себеді. Шаруашылық басшысы Медет Төлегенов соңғы уақытта сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға қызығушылық танытқан. Осылайша, 2018 жылы 3 млрд. теңгенің инвестициясын құйып, заманауи сүт фермасының құрылысын бастайды.
Серіктестіктің атқарушы директоры Олжас Бектасовтың айтуынша, кешеннің құрылысы “Аграрлық несие корпорациясы” акционерлік қоғамының облыстық филиалы арқылы қаржыландырылған. Алты пайыздық жеңілдікпен ресімделген қаражат негізінен құрылыс жұмыстарын жүргізіп, симменталь тұқымды сиырларды сатып алуға жұмсалды.
– Соңғы жылдары агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру мақсатында сүт және сүт өнімдерін өндіру ісін дамытуға басымдық берілуде. Нарықтағы сұранысты зерттей келе біз де бұл істерден шет қалмауға бел шештік. Бүгіндері ферманың жұмысы жақсы жолға қойылған. Кешен 720 басқа арналса, қазір қорада 340 сиыр бар. Пандемия шетелден ірі қара әкелуге біраз кедергі келтіруде. Малды тоғыз бөліп әкелуге мәжбүр болдық. Қалғанын көктемде жеткіземіз. Сиырлар солтүстіктің қытымыр аязына біраз үйреністі. Бұл бизнестің қиындығы көп. Сондықтан шаруаларға беріліп жатқан жеңілдетілген несие мен демеуқаржы үшін алғысымыз шексіз. Алдағы уақытта сүтті сиырлардың басын көбейтпекпіз, – дейді Олжас Болатұлы.

Сиырдың сүті – тілінде

16,5 гектар аумақта орналасқан кешенде үш қора бар. Онда Германиядан әкелінген сүт бағытындағы симменталь тұқымды ірі қара бағылуда. Бұл сиырлар сүттілігімен, кез келген климатқа тез бейімделгіштігімен танымал. Әкелінген малдың өнімділігі жылына – 10­13 мың литр сүт. Яғни, қажетті жемшөп, жайлы қора болып, ветеринарлық талаптар сақталса, сүтті мол береді. Бір бас малға кететін шығын көлемі де есептелінген. Оның негізгі бөлігі мал азығына кетеді.
Фермадағы жұмысшылардың еңбегі барынша жеңілдетілген. Инженерлер мен бағдарламашылар Нидерланды елінің соңғы үлгідегі қондырғыларының арқасында барлық жұмысты автоматты басқару жүйесінің көмегімен жүргізеді. Қорадағы әр сиырға чип орнатылған. Компьютерге келіп түскен ақпаратқа қарап, малдың жағдайын, оның өнімділігін қадағалауға болады. Бір атап өтерлігі, ақпарат күніне бірнеше рет жаңарып отырады. Осылайша, жергілікті мамандар малдардың жағдайын ұдайы назарда ұстайды. Сондай-ақ, арнайы бағдарламаның көмегімен сиырдың төлдегенін, күніне қанша сүт беретінін білуге болады. Сүт кешеніндегі елу орынға шақталған “Елочка” сиыр сауу қондырғысы да сауыншылардың жұмысын барынша жеңілдете түскен. Серіктестік басшылығы заманауи құрылғыны Германияның “Гея” атты компаниясынан арнайы тапсырыспен алдырған. Осылай жұмысты автоматтандырудың нәтижесінде сүт фермасының өнімділігі 50 пайызға артады деп күтілуде.
Тауарлы-сүт фермасы ашылғалы жергілікті 35 тұрғын жұмысқа орналасса, олардың орташа айлық жалақысы 150 мың теңгені құрайды. Цифрландырылған ферманың қуаттылығы – жылына 3,6 мың тонна сүт өнімін шығару. Атқарушы директордың айтуынша, елімізде бір қазақстандыққа шаққандағы сүт тұтыну нормасы жылына 340 литрді құрайды. Яғни, бұл ферманың бір өзі жылына 10 мың адамды сүтпен қамтамасыз ете алады. Сондықтан серіктестік басшылығы жоғары бәсекелестік орта қалыптасып үлгермеген саланы жетік меңгеріп, оның мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды жоспарлауда. Сондай-ақ, етті бағыттағы мал шаруашылығына да қызығушылық танытуда.

Мемлекет
қолдауына ие

Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасы бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тауарлы-сүт фермасының құрылысы жобаларына сараптама жүргізу рәсімін жеңілдеткенді. Нәтижесінде, елімізде сүт фермаларының құрылысы белсенді жүргізіле бастады. Сүт фермаларының көбеюі қосымша жұмыс орнының ашылуына ықпал етеді. Енгізілген түзетулерге сәйкес мемлекеттік монополияға қатысты кешенді ведомстволық емес сараптамадан өту міндеттемесі алынып тасталып, жобаның тапсырыс берушілеріне кез келген аккредиттелген сараптамалық ұйымды жобалық-сметалық сараптама жүргізу үшін таңдауға мүмкіндік берілді. Бұл процестерді жеделдетуге және құрылысқа қажетті құжаттарды дайындау шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, фермерлердің сүт фермаларына деген қызығушылығын және сүт бағытындағы ірі қара малдың үлесін арттыру мақсатында субсидиялау ережелеріне де түзетулер енгізілген болатын. Ендігі кезекте сүтті мал шаруашылығы үшін, асылтұқымды сиырларды сатып алу үшін субсидиялау нормативі 225-тен 400 мың теңгеге дейін, сондай-ақ, сүт құнын арзандату үшін субсидиялау нормативтері бір килограмы үшін 20-дан 45 теңгеге дейін өзгеріп отырады. Бұрынғы норматив бойынша килограмы 10-35 теңгені құраған болатын. Бұдан басқа, өнеркәсіптік және отбасылық үлгідегі сүт-тауар фермаларын салуға арналған инвестициялық шығындардың бір бөлігі өтеледі. Яғни, 400 басқа арналған сүтті бағыттағы ірі қара өсіруге арналған объектілерді құру және кеңейту үшін және 50 мал басынан бастап тауарлы-сүт фермасына арналған құрал-жабдықтарды сатып алуға кеткен шығындардың 25 пайызы мемлекет тарапынан өтеледі.
Осылайша, мемлекет сүтті мал шаруашылығымен айналысатын фермерлерді қолдауды едәуір кеңейтті. Ең бастысы, ақ молайып, халық экологиялық таза сүтпен қамтамасыз етілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады деген үміт зор.

 

Қанат АТАМАНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Вадим МУДАРИСОВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp