Республикалық пәндік олимпиаданың үшінші кезеңі басталды. Аудандық және қалалық білім сайыстарында жеңімпаз атанған 9-11-сынып оқушылары өзара бақ сынасатын білім додасы 26 ақпанға дейін жалғасады.
Олимпиаданың ашылуында сөйлеген сөзінде білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова карантиндік шектеулерге байланысты дәстүрлі республикалық пәндік олимпиаданың үшінші кезеңі мерзімінің шегерілгенін, соған қарамастан жан-жақты әзірлік жасалғанын жеткізді. Бұған дейін аудандар мен Петропавл қаласында өткен сайысқа 4172 үміткер қатысқан. Бұл жолы офлайн режімде өткізуге рұқсат беріліп, олимпиада аудандардағы тірек мектептерінде, облыс орталығындағы “БЭСТ” мектеп-гимназиясы, қалалық IT-лицей, ЛОРД лицейі, Ә.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназия-интернат қабырғасында өтіп жатыр.
528 үміткер 16 жалпы білім беретін пән бойынша өзара білім жарыстырады. Олимпиада қорытындылары әдістемелік және ақпараттық технологиялар орталығының сайтында жарияланады. Сайыс жеңімпаздары республикалық олимпиаданың төртінші кезеңіне қатысатын болады.
Болатхан ЖҰСЫПОВ,
әдістемелік және ақпараттық технологиялар орталығы директорының орынбасары.