«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САН ҚЫРЛЫ ТҰЛҒА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2005 жылдан бері “Тамаша адамдар ғұмы­ры: өмір жалғасуда…” сериясымен әлемнің атақты тұлғалары жайлы еңбектер жариялап келе жатқан, бұған дейін оқырмандарын қазақстандықтар арасынан Тұңғыш Президенті­міз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев (2015) пен қазақтың атақты ақыны Олжас Сүлейменовтің (2020) саяси өмірбанымен таныстырған Мәскеудің “Молодая гвардия” баспасының бұл жолғы таңдауы тағы да біздің отандасымызға – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, саясат ғылымдарының докторы, дипломат Тайыр Мансұровқа түсіпті. Жыл басталмай жатып қолымызға тиген жаңа кітаптың авторы– бұған дейін оқырмандарға осы сериямен “Столыпин”, “Сталин”, “Си Цзиньпин. Тағдыр және әлем”, “Громыко” деп аталатын еңбектерін ұсынған белгілі жазушы-тарихшы, Ресей Федерациясы Мәдениет министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары, Әскери ғылымдар академиясының құрметті академигі Святослав Рыбас.

Автор кітаптың алғысөзінде баспа тарапынан ұсыныс түскеннен кейін, жазу үстеліне отырмас бұрын, көп ойланғанын, тек болашақ кейіпкерімен кездесіп, танысқан соң ғана оның осындай бірегей еңбекке лайық тұлға, өмір жолының жарқын да тағылымды екеніне көз жеткізіп, іске құлшына кіріскенін жазады.
Тайыр Аймұхаметұлын мен де жақсы білемін. Кезінде ол туралы “Нар тұлға” деген кітап та жазған болатынмын (Алматы, “Жас Ұлан және К” баспа үйі, 2007). Ол – шынында да еңбегімен ел құрметіне бөленген айтулы азаматтардың бірі. Жоғары оқу орнын тамамдағаннан кейін Алматының құрылыс ұйымдарында еңбек жолын бастаған Тайыр Мансұров қызмет сатыларымен тез өсті: комсомол мектебінен өткеннен кейін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, КОКП орталық комитетінің құрылыс бөлімінің нұсқаушысы, әлеуметтік-экономикалық саясат бөлімінің сектор меңгерушісі болды. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды, сегіз жыл Қазақстанның Ресейдегі елшісі, төрт жыл Солтүстік Қазақстан облысының әкімі, Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың Бас хатшысы қызметтерін атқарды. Бір сөзбен түйіндесек, оның жасампаз істермен өрілген өмір жолы ғибратты. Демек, әйгілі серия авторы таңдауының Тайыр Аймұхаметұлына түсуі әбден орынды. Десек те автор өз еңбегін кейіпкерінің отбасынан, нақтырақ айтсақ, Ұлы Отан соғысынан аман оралып, туған елінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан әкесі Аймұхамет Көпежанұлынан бастапты. Аймұхамет Көпежанұлы Мансұров–есімі қазақстандықтарға жақсы таныс аңыз адам! Өмір мен өлім арпалысып, ел басына күн туған отты жылдарда ол да замандастарымен бірге, қолына қару алып, сапқа тұрды.
Аймұхамет Көпежанұлының естелігінен: “1942 жылдың 2-ші қазанында мен де әскер қатарына шақырылып, төртінші гвардиялық десант дивизиясының 12 полкіне түстім… Біз Ленинград майданының ең бір қиын жері Старый Русс маңына баратын болдық. Ол маңда 43-ші армия ұрыс жүргізіп жатқанды, біздің дивизия осы армияның құрамына енді… Соны­мен біз қиын шайқасқа кірістік. Атысу, аңдысу алма-кезек жүріп жатты. Ақпанның орта шенінде қоршауда қалып қойып, жеті күн дегенде әрең бұзып шықтық. Тың күштер келе бастады, біздің шабуылға шығуымыз жиіледі. 1943 жылы 25 ақпанда Красный станциясы­нан жауды қуып тастадық. Сол күні полк командирі подполковник Безруков ерлікпен қаза тауыпты. Оны кейін естідім. Өйткені, сол күні кешкі сағат жетілер шамасында мен де қатты жараланып, станцияға лап қойған жолдастарыма ере алмай ұрыс даласында қалып қойдым.
Алғашында ет қызуымен жаныма аса бата қоймаған жарақатым асқынса керек, поезда келе жатып есімнен танып қалыппын. Көзімді ашсам, үлкен бөлмеде жатырмын. Түкке түсінбеймін. Басымды көтере бергенім сол еді, өзіммен бір бөлмеде жатқандар қоршап алды: “Тірі, тірі!” дейді бәрі таңданысып… Дәрігерлердің көмегімен аз да болса айығып, адам қатарына қосылдым, қолыма қалам ұстайтын халге жеттім. Іле амандығымды білдіріп үйге хат жазып жібердім.
Хатымды алып елдегілер керемет қуаныпты. Әсіресе, анам қатты қуанса керек. Оған себеп – ол мен қызмет еткен әскери бөлімнен түскен “қара қағазды” басқаларға көрсете алмай қиналып жүр екен. Оқиға былай болыпты: Мен жараланған жерде біраз уақыт еш қимылсыз жатып қалсам керек. Соны көрген кейбір жауынгерлер мені өлдіге санап, штабқа хабар береді. Ал ондағылар тексеріп жатпай-ақ: “Ленинград майданында Старый Русс маңында Красный станциясында ерлікпен қаза тапты”, – деп елге “қара қағаз” жіберіпті. (“Нұрлы жүрек”, Алматы, 2007 ж.)
“Айекең аспандағы айға штурм жасау керек десе соған атылатын жолбарыс жан еді. Оның балалық, жігіттік шағы социализмнің қа­лыптаса бастаған кезімен тұспа-тұс келді. Айекең, сонау Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин секілді жеңімпаздар ұрпағынан еді. Фашизммен алысып, жеңіспен еліне оралды. Айекең соғыстан кейінгі ХХ ғасырдың екінші жартысының тауқыметін атқарған ерен жан. Кейде, социализм кезінде бәлен болды, түген болды деп лепіріп, айып тағатынымыз бар. Ал, сол соғыстан соң елді аштық жайламаса да, соған жақын еді. Халық кисе киімге, ішсе асқа жарымады. Бірақ ел еңбек етті, ертеңге үміт артты. Айекеңдер “комиссар” болып, күндіз-түні шапқыншылықта жүрді. Елді өрге сүйреді, жыл сайын тұрмыс дұрысталып, көш ілгері жылжыды”. Атақты тарихшы, академик Манаш Қозыбаевтың осы сөздерінің де соғыстан оралған соң, отыз жылдан астам уақыт бойы аудан партия ұйымын басқарып, небір қиын-қыстау кезеңдерде ел іргесін бекіту жолындағы күрестің бел ортасында болған белгілі қоғам қайраткері Аймұхамет Көпежанұлы Мансұровтың ғажайып болмысын ашып тұрғаны анық.
Біз сөз етіп отырған еңбекте перзентінің әке тағдырымен сабақтас ғұмыр жолы айшықты бейнеленген. Жиырма үш тараудың әр жолының астарында айтулы тұлғаның ел игілігіне бағытталған ерен еңбегіне қатысты толымды ой, оралымды сөз жатқанын айту бір ғанибет! Айталық, “Елдің ерекше аймағында” деп аталатын он жетінші тарауға Тайыр Аймұхаметұлының Солтүстік Қазақстан облысын басқарған (2003-2007) жылдары атқарған істері арқау болған.
Тайыр Мансұровтың естелігінен: “Тағайындау алдында Президент Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады. “Бұл – біздің аса маңызды өңірлеріміздің бірі. Алайда, онда біраз проблемалар қордаланып қалған. Соңғы екі әкім облыстың уақыт талабына сай дамуын қамтамасыз ете алмады. Халықтың рухын көтеру керек. Олар елдегі жағдайдың жақсылыққа қарай өзгере бастағанын сезінуге тиіс. Солтүстік Қазақстан облысы Ресейдің үш өңірімен шекаралас. Былайша айтқанда, еліміздің “Солтүстік қақпасы”. Оны да ескер”. “Жақсы. Бірақ мен ауыл шаруашылығы мәселелерімен бұрын-соңды айналысып көрген жоқпын ғой”. “Сені жақсы білемін, ек-үш айдың ішінде жағдайға қанығып, бұл саланы да үйіріп әкететініңе сенемін”.
Ол алғашқы күннен өзіне көрсетілген сенімді ақтауға жанын сала кірісіп, төрт жылдың ішінде қордаланып қалған талай мәселенің түйінін тарқатты. Қазір олардың бәрін тізбелеу мақсат емес. 2004 жылдың 7 қаңтарында өткен облыс активінің жиналысында көтерілген бір мәселе есте қалыпты. Облыстың жаңа басшысы күтпеген жерден: “Мемлекеттік мәр­тебеге ие болған казақ тілін дамытудың жайы мәз емес, жағдай неге бұлай қалыптасып отыр?” деп залдағыларға сауал тастады. Алдыңғы қатарда отырған орынбасарларында да, басқаларда да үн жоқ. “Оның басты себебі – мектептерде қазақ тілі мен әдебиетінен са­бақ беретін мұғалімдердің сапалық құрамы нашар”, – деп сөзін жалғастырған әкім бұл іске облыстық білім департаменті де, басқа да тиісті ұйымдар оң ықпал ете алмай отырғанын ашық айтты.
Бұл көпшілік үшін тосын жай еді. Өңірдің бірінші басшысы қызметіне кіріспей жатып мемлекеттік тіл мәселесіне дәл осылай қадалады деп ешкім ойламаған шығар.
Облыстың жаңа басшысы көтерген тағы бір мәселе моншаға қатысты еді. Бәрін біліп алыпты: облыстағы 761 елді мекеннің он пайызында ғана қоғамдық монша бар екен. “Қалған адамдар бұл игілікті неге пайдаланбайды, оны ойлап жатқан кім бар?”
Күнде кездесу, күнде жаңа бір ой, тың ұсыныс… Кешікпей нәтижелердің де төбесі көріне бастады. 2004 жылы он елді мекенге су жүйесі тартылып, 100 мыңға жуық адам тұратын 43 ауылсело ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бұрынырақта жергілікті жерлердің көпшілігінде бір текше метр су 500 теңгеге сатылатын. Әрбір елді мекендегі үш-төрт делдал фирмалардың көзі жойылған соң, судың құны 100-125 теңгеге дейін арзандады.
Біраздан бері тыныштық құшағында мүлгіп тұрған Петропавл әуежайына да жан бітті. “Петропавл – Алматы”, “Петропавл – Астана” әуе қатынасы қалпына келтірілді. Облыстық онкологиялық диспансердің жаңа ғимараты ашылды. Нәтижесінде химия-терапевтік бөлімше 20 орынға кеңейтіліп, емхана бір ауысымда 200 адамға дейін қабылдайтын болды. Бұл проблема облыс әкімдігінің сұрауы бойынша Денсаулық сақтау министрлігімен бірге қаралды. Қазақстан Республикасының онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының, Астана қаласындағы Қазақ медициналық академиясының және Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкерлерін тарта отырып, сыртқы ортаның канцерогендік факторлары бар жоға­ры онкологиялық себеп-салдарлы байланыстарын зерттеп білу үшін үш жылға мақсатты қаржы бөлінді.
Жаңа басшының ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстайтын жан екені әр басқан қадамынан, тындырған ісінен танылады. Басшының беделі осындай нақтылы ісімен көрінгені абзал ғой. Беті бері қараған істер көп, басталып, бірақ діттеген жеріне, қонысына жетпей тұрып, не тұралап қалған бірі жоқ. Бәрі сәнімен, сәтімен, рет-ретімен жүзеге асырылып жатыр.
Өмір өзегінің шырмауын шешу қандай қиын дерсің. Соның нақты бір мысалын айтар болсақ, ауызға ең алдымен Петропавл қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы түспек. 1996-1997 жылдары сол кездегі өңір басшылығының құдіретімен аумағы екі мың шаршы метр мұражайдың тең жартысы алыпсатарларға жалға берілген. Соның салдарынан қала мен облыс тұрғындары өлке мен еліміздің тарихына байланысты өздерінің рухани қажеттерін қанағаттандыру мүмкіндігінен айырылған еді. Осындай сорақылықтар, оғаш оқиғалар Тайыр Аймұхаметұлының назарына ілікті де, ол кесімді шешім қабылдады, екі айдың ішінде әлгі қырыққа жуық сауда фирмаларын өзге жерлерге көшіртті.Үкімет әкімнің өтінішін қанағаттандырып, мұражайды жаңғыртуға 104 миллион теңге бөлді. Өткен мерзім ішінде мұражай ғимаратына күрделі жөндеу жасалып, көркемдеу-мәнерлеу арқылы қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жаңа экспозициялар қатары көбейді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев облысымызға келген сапарында осы мұражай үйінің қабырғасына орнатылған Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевскийдің барельефін ашып, гүл шоқтарын қойды.
Президент Петропавлға келесі келгенде мүлде жаңарған, жасарған мұражайды аралап, тындырылған істерге ризашылығын білдірді. Нұрсұлтан Әбішұлы осы сапарында облыстық мұражаймен бір күнде іске қосылған Қызылжар орталық мешіті мен православие шіркеуіне де соқты.
Облыс басшысы ретіндегі беташар жаңалығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің еңбекақысын үстемелеуден басталуы оралымды да орынды. Сол тұста белгілі болғанындай, облыстағы қазақ тілі мен әдебиетінің 1397 мұғалімінің тек 891-нің ғана тиісті мамандығы бар болып шықты. Мәселенің анық-қанығына әбден көзі жеткен әкім осы мамандық иелерінің беделін әрі тұрмыс деңгейін көтеру мақсатында арнайы грант белгілеу турасында шешім шығарды. Егер қазақ тілінің мұғалімі біліктілікпен жұмыс істеп, көзге түссе, қадір-құрметке бөленіп жүрсе, оларға айлық еңбекақысының 50 пайыздық мөлшерінде қосымша ақы төленетін болды. Ынталандыру ретіндегі тиімді шараға айналған осындай гранттар қазақ тілінің 750 маманына төрт жыл бойы беріліп келді. Республика Білім және ғылым министрлігі және Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті ректорының қолдауымен жергілікті университеттің жанынан тарих-филология факультетінің негізінде Тіл және әдебиет институты ашылды.
Тайыр Аймұхаметұлы сияқты жұмыс дегенде уақытпен санасуды білмейтін, басқаның бәрін ұмытатын адамдар бар шығар-ау, бірақ оның жансебілдігі таңғалдырмай қоймайды. 2006 жылды Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путин “Ресейдегі – Абай, Қазақстандағы Пуш­кин жылы” деп жариялағаны белгілі. Іле Мәскеудің төріне Абай тасмүсін болып орнықты. Оның ашылу салтанатына Тайыр Аймұхаметұлы да қатысқан еді. Елге оралысымен шұғыл бірнеше шара өткізді. Солардың бәрінде қазақ және орыс халықтарының арасындағы мәңгілік достықты сөз етіп, бұл орайда бізге де небір игі істерге бастамашы болуға мүмкіндік мол екенін баса айтқан. Ақыры, Петропавлда Абай мен Пушкинге ескерткіш орнату жөнінде шешім қабылданды. Қазақстан мен Ресей достығының тереңдігі мен сабақтастығының айшықты көрінісі болып табылатын бұл ескерткіш тәуелсіздіктің 15 жылдығы аталып өткен күні ашылды. Авторлары – мүсінші Қазыбек Сатыбалдин, сәулетшілер Сұлтан Баймағанбетов пен Валерий Затай. Ал, мен осы үшеуінің қатарына сол күндері қолынан қалам-қарындашы түспеген Тайыр Аймұхаметұлын да қосар едім. Қос алыпты тұғырдың үстіне қа­тар қондыру сол кісінің идеясы. Бір талқылау кезінде: “Абай мен Пушкиннің заманы бө­лек болса да, жырлары, ой-мақсаттары тоғысып жатыр, оларды бір-бірімен рухани туыстық байланыстырып тұр” деген болатын ол.
Өмірде сөзі мен ісінің арасында алшақтық болмайтын адамдар аз емес. Тайыр Аймұха­метұлы да екі сөйлемейтін басшы, ол көтерген мәселелердің “аяқ-қолының жеңіл” болуының бір сыры да, міне, осында. Азғана уақыттың ішінде осыншама істің басын қайырған адамның тағы бір мәселеге назар аудармауы мүмкін емес еді. Күтіп жүрдік. Сол күн де туды: Тайыр Аймұхаметұлы әкімдіктің кезекті бір отырысында Қызылжардағы “Абылай ханның ордасы” қалпына келтірілетінін хабарлады. Бұл өзі сонау кеңес заманынан бері көтеріліп келе жатқан мәселетін. Қолында билігі барлар кезінде халықты емексітіп-емексітіп, – жылы жауып қойған.
“Абылай ханның Ақ үйін” қайта жаңғыртуға Елбасы 508 миллион теңге қаржы бөлді. “Бұл жұмыс 2007 жылы аяқталуға тиіс. Орданың алдына Абылай ханның ат үстіндегі ескерткіші қойылады”, – деді облыс басшысы. Осылай, Тайыр Аймұхаметұлы талай жылдардан бері жыры таусылмай келе жатқан бұл мәселенің де нүктесін қойып, Қызылжардың төріне ұлы ханға ескерткіш орнатып кетті.
Тайыр Мансұровтың бүкіл елге мәлім үлкен бір еңбегі аласапыран, қиын-қыстау заманда өмір сүріп, еңбек еткен, қуғын-сүргін құрбаны болған қазақтың біртуар ұлдарының бірі Нәзір Төреқұловты халқына қайтарып қана қоймай, әлемге танытқаны дер едім. Ол мемлекеттік іске жегіле жүріп, Отанға қызмет етуге жұмсалған ғұмырының арқауы жемісті идеялар, жасампаз еңбек, шығармашылық ізденістерге толы болған, өте жігерлі, білмекке құштар, ерен еңбекқор, аса дарынды сегіз қырлы, бір сырлы тұлға – Нәзір Төреқұлов туралы “Назир Тюрякулов – полпред СССР в Королевстве Саудовская Арабия” (орыс тілінде), “Елші Нәзір Төреқұловтың Арабия дастаны” (орыс, қазақ, ағылшын және араб тілдерінде), “Өкілетті өкіл Нәзір Төреқұлов. Дипломат, саясаткер, азамат” (орыс, ағылшын, араб тілдерінде), Мәскеудің атақты “Молодая гвардия” баспасынан әлемге әйгілі “ЖЗЛ” (“Тамаша адамдар ғұмыры”) сериясымен тарихи очерк жанрында “Полпред Назир Тюрякулов” – барлығы тоғыз кітап жазып, қалың оқырманға ұсынды.
Талғамы күшті танымал тарихшы Святослав Рыбастың жаңа еңбегінде Тайыр Аймұхаметұлының зерттеушілік, жазушылық қырлары жайлы да салмақты сөз сабақталған. Өткен жылы елімізде қазақтың бағына туып, өлшеулі ғұмырларын келер ұрпақ ғибрат алатындай сәулелі істермен нұрландырған бірқатар айтулы тұлғалардың мерейтойлары аталып өтілді. Солардың ішінде Абайдың шоқтығы биік. Данышпан бабамыздың туғанына 175 жыл толды. Осыған орай Тайыр Аймұхаметұлы “Абай” деп аталатын жинақ құрастырып, оқырмандарға ұсынды. Жаңа кітап Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай туралы ой толғамдарымен ашылған. Нұрсұлтан Әбішұлы: “Ұлт пен қоғамды дағдарыстан, шарасыздық жағдайынан дарыны мол, тарих пен табиғаттың айырықша пейілі түскен, болашақты болжай білетін, ой-санасы таза, арыстандай айбатты перзенттері ғана шығара алады. Абай да дәл сондай балағат заманда ғаламат тәуекелге бара алған ерекше парасат пен ерекше рух иесі”, десе, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы хакім Абайдың есімі әрқашан қазақ халқымен қатар аталатынын айтады. Автор да өзінің “Абай ұлы ақын және ойшыл” атты алғысөзінде біраз жайттарды ақтарып, данышпанның өміріне терең бойлай түскен.
Автор деректі өмірбаяндық романының алғысөзінде оқырманына тағдыры ел тарихымен тұтасып жатқан кейіпкері – Тайыр Мансұров туралы тың деректерге құрылған шынайы шығарма ұсынатынына сендіреді. Тың туындыны оқып шыққан әркімнің де жазушының алдына қойған мақсат биігінен көрінгеніне көз жеткізері анық.


Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp