«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘЛ-ФАРАБИ МҰРАСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Былтыр әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толу меретойы аталып өтті. Мерейлі жылы ұлы ғалымның өмірі мен шығармашылығы жан-жақты зерттеліп, кітап болып басылды, газет беттерінде мақала­лар жарияланды. 

Солтүстік Қазақстан облысының тумасы, философия ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Сәкен Омаров та ғалымның шығармашылығына терең бойлап, философиялық қырын зерттеп жүр. Жерлесіміз Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі және “Қазақ мәдениетінің тарихы”, “Философия, психология, этика, самопозние” атты оқу құралдарының авторы екенін айта кеткен жөн. Әріптесі философия ғылымдарының докторы Сәния Еділбаевамен бірігіп жазған мақаласын оқырман назарына ұсынамыз.
Қазіргі таңда Қазақстанның рухани да­муы біздің қоғамымыздың өзекті мәселесіне айналып отыр. Бұл мақсатқа жету – қоғамдық сананы жаңғырту процесінің стратегиялық бағыттарының бірі болып табы­лады. Білім алуға, гуманизмге, адамгершілік принциптеріне деген ұмтылыс және тұлғаға құрмет көрсету – қазақстандық қо­ғамның негізгі мақсаты. Бұған қол жеткізу үшін біз өткен ғасырлардың рухани байлығын, оның ішінде әл-Фарабидің мұрасын толық меңгеруіміз керек. Өйткені, әл-Фараби идеялары күні бүгінге дейін өзекті. Мың жылдан астам уақыт өтсе де, данышпан, энциклопедиялық ғалымның рухани мұрасы өзінің маңызын жоғалтқан жоқ.
Әл-Фараби қалдырып кеткен мирас пен мұра тек Қазақстанның ғана емес, барша адамзаттың алтын қазынасы болып табылады. Сол себепті Францияның астанасы Париж қаласында өткен ЮНЕСКО-ның 40-шы Бас конференциясында ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын халықаралық мерейтойлар тізіміне енгізу жөнінде арнайы қарар қабылданды. Ал Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтулы датаны елімізде жəне əлемдік деңгейде атап өту жөнінде арнайы шешім шығарды. Ғұламаның үлкен мерейтойы оның еңбектеріне тереңнен көз жүгіртіп, ілімін қажетті іске жаратып, елімізді гүлдендіріп, саналы ұрпақ тәрбиелеуде пайдалануға мүмкіндік берді.
Әл-Фараби бала кезінен өз дәуіріндегі өркениет пен мәдениеттің ірі ошақтары – Бұхара, Самарқан, Мерв, Бағдат, Харран, Каир, Алеппа қалаларында болып, тіл меңгеріп, үнемі білімін жетілдіріп тұрған. Ол өмір сүрген заманда бүкіл Орта Азия мен Түр­кістан Араб халифатының ықпалында болғандықтан, халық қарым-қатынас жасау үшін араб, парсы, түркі тілдерін қатар қолданған. Осыған байланысты Фараби бірнеше тілді жетік меңгереді. Тіпті ғылым, білім іздеп жүріп жер-жерді аралаған ойшыл грек, қытай, латын, санскрит және басқа тілдерді де үйренеді. Тарихи деректерде әл-Фараби 70-ке жуық тіл меңгерген деген мағлұматтар бар.
Осының арқасында ғалым Парсы, Ирак, Араб елдеріне жиһангездік сапарлар жасап, көптеген ғұламалар және ойшыл-ақындармен, қайраткерлермен танысады. Сол заманда дамыған барлық ғылым салалары мен өнер түрлерін де жетік меңгеріп, оның дамуына өз үлесін қосады. Ұлы ғұла­ма, данышпан, энциклопедист Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз – әлемнің екінші ұстазы деген құрметті атаққа ие болған ғалым. Ол Шығыс перипатетизмнің негізін салды.
Әл-Фарабидің ғылыми қызметі ортағасырлық араб-мұсылман мәдениетінің гүлдену дәуіріне, яғни біздің дәуіріміздегі Х ғасырдағы мұсылман ренессансына сәйкес келеді. Сондықтан әл-Фараби ілімі ортағасырлық Шығыстағы білімнің барлық салалары туралы жан-жақты ақпарат береді. Ол сол замандағы барлық ғылымдардың энциклопедиясы болып табылады. Өздігінен білім алып, көп ізденген ойшылдың бүгінгі күнге дейін “Логика”, “Метофизика”, “Этика”, “Саяси және әлеуметтік философия”, музыка мен медицинаға арналған жүзден астам трактаты жетті. Ол ең алғаш болып музыканы математикалық негізде жүйелеп, оны ғылымның бір бағыты ретінде көрсеткен ғалым. Ал “Логика” және “Диалектика” атты шығармаларында әлемнің ішкі байланысын, дамуы қандай екенін түсіндіреді. Әл-Фараби дүниенің мәңгілігін мойындап, танымның болмысқа тәуелділігін растап, ақыл-парасат туралы ілімді саралады. Ол “Ғылымдар тізбегі”, “Бесінші трактат”, “Медицина каноны”, “Қайырымды қала”, “Адам ағзасындағы мүшелер”, “Жануарлар ағзасындағы мүшелердің құрылысы мен қызметі”, “Жануарлар ағзалары”, “Темперамент туралы”, “Риторика”, “Поэзия өнері туралы”, “Бақытқа жол сілтеу”, “Вакуум туралы”, “Теориялық арифметикаға қысқаша кіріспе”, “Болжамдағы геометрияға кіріспе”, “Астрологиялық болжамдарда не дұрыс, не теріс”, “Ғылымдардың шығуы”, “Евклидтің бірінші және бесінші кітаптарының кіріспелеріндегі қиын жерлерге түсініктеме”, “Фусул алмадани”, “Философияны үйрену үшін қажетті шарттар жайлы трактат” секілді ғылымның барлық саласына арнап еңбектер жазып, бай мұра қалдырған кемеңгер философ.
Әл-Фарабидің осы мол мұрасы көптеген әлем ойшылдарының философиялық, ғылыми және поэтикалық шығармаларының негізі болды, түрлі ұлттық мәдениеттердің рухын қалыптастырушы парадигмаға айналды. Оның ілімі ортағасырлық мәдениет қайраткерлерінің шығармашылығына зор ықпал етті, олардың арасында Маймонид, Низами, Руставели, Носир Хисроу, Роджер Бэкон, Брабанттық Сигер, Ұлықбек, Джами, Науаи және т.б. бар.
“Екінші ұстаздың” шығармалары, сонымен қатар оның қолжазбалары да бүкіл әлемде кең таралды. Олар көптеген елдерде зерттеліп, талай тілдерге аударылған. Бүгінде оның еңбектері Бейрут, Каир, Тегеран, Стамбул, Лондон, Берлин, Ташкент және т.б. қалалардың кітапханаларында сақталып, әлем мәдениетінің маңызды рухани жетістігіне айналды. Жалпы, Фараби ілімі IX-X ғасырлардағы мәдени және ғылыми жетістіктердің синтезі бола отырып, өз заманының маңызды жақтарын бейнелейді. Ол тек Шығыстың ғана емес, сонымен бірге батыстық ғылыми-философиялық ойдың дамуына үлкен үлес қосты.
Әл-Фарабидің бай рухани мұрасы қазіргі заманда да жалпыадамзаттық құндылықтарды жандандыру үшін қажет деп айтуға негіз бар. Жаһандық саясаттың қайшылықты сипатына байланысты, біз қазіргі әлемнің тұрақсыздығын көріп отырмыз. Локалды әскери қақтығыстар әлемнің түрлі аймақтарында пайда болып, бүкіл әлемдік қауымдастықты алаңдатып, әлеуметтік келісімге зиян келтіруде. Қоғам дамуының жаңа жолдарын табуға ұмтылғандар көп жағдайда өткен ғасырлардағы адамзат даналығының орасан зор қазынасын ұмытып кетеді. Осы орайда әл-Фарабидің энциклопедиялық мұрасына бет бұру – қазіргі қоғам іздеп жүрген дұрыс жолды табуға мүмкіндік береді.
Ұлы ойшыл ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани сауаттылыққа жол ашылады, мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымға қолы жетпейді деп ескертеді. Ғалым дене тәрбиесі мен адамгершілік тәрбиесінің ұқсастығына, оның бірбіріне тигізетін әсеріне ерекше мән береді. Әл-Фараби “адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның өміріне зиян әкеледі”, – деп тәрбиеге баса көңіл бөлу керектігін түсіндірді. Бұл принцип қазіргі уақытта да өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ғұламаның ғылыми философиялық еңбектерін байыптап, қайта қарау барысында оның педагогика тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі болғанын көреміз. Ол Шығыс еліндегі тұңғыш сындарлы педагогикалық жүйе жасаған ағартушы. Әбу Насыр әл-Фараби өзінің “Риторика”, “Поэзия өнері”, “Бақытқа жол сілтеу туралы” трактаттарында этикалық-эстетикалық мәселелерге көңіл бөліп, білім дәрежелерін саралап, солардың негізін дәлелдеп берді.
Гуманистік көзқарас, адамгершілік принциптері, жеке тұлғаны құрметтеу – әл-Фараби дүниетанымының рухани негізі болып табылады. Қазақстандық қоғамға қажетті өзгерістер де дәл осы құндылықтарға негізделуі керек. Бүгін бізге әл-Фараби ілімінің жаңа оқылымы қажет. Ғалым өзінің еңбектерінде жеке адам мен қоғам әрқашанда білім арқылы үлкен жетістіктерге қол жеткізе алатындығын баса айтты. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы қоғамдық сананы жаңғырту үшін отандастарымыздың алдына үлкен мақсаттар қойып отыр. Ел азаматтары (ғалымдар, студенттер, магистранттар және т.б.) өздерінің ой өрісін жоғарылатуға тырысуы қажет.
Әл-Фарабидің өсиеттеріне құлақ асу – Қазақстанның алдағы даму кезеңінде үлкен жетістіктерге жетуіне септеседі. Консервативті тәсілдерден бас тартып, қазіргі заманғы инновациялық технологияларды білім беру мен ғылым және басқа да салаларда қолдану қажет. Қазақстандық қоғам өркениеттің объективті процесі бола отырып, модернизация дәстүрге мүлде қарама-қайшы емес екенін түсінуі керек, өйткені, өмірдің диалектикасы қоғамды нақты өзгерістерге бейімдеуге мүмкіндік береді. Сондықтан әл-Фарабидің рухани мұрасының рөлі мен маңызын қайта қарастыру арқылы оны сақтап қана қоймай, модернизациялау процесін ескере отырып, жаңа өмір құрылымына белсенді қосуға болады.
Бай мәдени мұраға негізделген өз мәдениетін, өзіндік ұлттық кодты сақтау – қазақстандық қоғамды жаңғыртудың алғашқы шарты болып табылады. Бұл өте маңызды, өйткені, модернизация құндылықтарын ұлттық мәдениетпен байланыстыру тәжірибесі қазіргі өркениетке кірудің сәтті сценарийін іске асыруға мүмкіндік береді. Сындарлы және тиімді мәдени саясаттың осы маңызды ерекшелігі Жапонияда толығымен көрініс тапқан, ол Оңтүстік-Шығыс Азияның жас “айдаһарларының” экономикалық жағдайында тиімді жұмыс істейді және Қытайдың модернизациясы кезінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді.
Қысқа мерзімнің ішінде “айдаһарлар” әлеуметтік-экономикалық дамуда үлкен серпіліс жасап, Батыстың алдында мүлдем басқаша көрінді. Аталған мемлекеттерде барлық күш қазіргі индустрияны дамытуға, заманауи қаланы құрылымдауға және дәстүрлі құндылықтарға негізделген заманауи өмір салтын қалыптастыруға немесе оларды батыстық мәдени формалармен үйлестіруге бағытталған.
Бүгінде технологиялық прогресстің жетістіктерінен артта қалған әлемнің тарихи қалыптасқан оқшаулануын жеңуге деген ұмтылысы модернизацияның тұрақты мәдени уәжіне айналды. Өндіріспен байланысты ғылыми зерттеулерді белсенді түрде қолдау қазіргі заманғы өндірістің дамуына, жоғары технологиялық бағыттардың дамуына әкелді. Осы технологиялық төнкерістің арқасында Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері үлкен жетістіктерге жетті. Шығыс қоғамдастығын модернизациялаудағы мәдени құндылықтардың рөлі қазақстандық қоғамның барлық салаларын модернизациялауда үлгі бола алады.
Әл-Фараби мұрасында қазіргі заманға позитивті әсер ететін және болашаққа жол ашатын көптеген маңызды идеялар бар. Бұл – бабамыздың теориялық және танымдық, логикалық және әдіснамалық еңбектері, сондай-ақ оның ақыл мен сенім, философия мен діннің арақатынасы, парасатты, мейірімді адам идеалдары және кемеліне жеткен қоғамның өмір сүру түрлері туралы көзқарастары. Оның шығармашылығында саясат, дін және бақыттың өзара терең байланысы көрсетілген. Бүгінде әлем Ислам және Батыс өркениетінің қақтығысу қаупі алдында тұрғанда, Ислам мәдениетімен астасатын экстремистік және лаңкестік көңіл күй үдеп келе жатқан кезде, ұлы философтың идеялары адамзаттың қайшылықтарын шешуге көмек бере алады.
Осылайша, қазіргі таңда Қазақстан үшін әл-Фараби даналық пен парасаттылықтың символы болып табылады. Интеллектуалды ұлтты қалыптастыру Қазақстан қоғамының алдында тұрған маңызды мәселеге айналды. Оны іске асыру жолдары рухани дамудың ұзақ мерзімді стратегиялық бағыты болуы керек. Егемен және заманауи мемлекет ретінде республиканың алдағы тағдыры осы мақсат-мүддеге жетуімізбен байланысты болмақ. Сонымен қатар еліміздің алдында тұрған әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелерді шешуде жаңа тәсілдер қажет. Міне, осы жерде әл-Фарабидің рухани мұрасы көп сауалға жауап ұсынатын “білім қоймасы” бола алады.
Қазақ даласы – Отырарда дүниеге келіп, түркілік дүниетанымның жетістіктерін әлемге паш еткен Әбу Насыр әл-Фараби адамзаттың кемелдікке деген үздіксіз ұмтылысын бейнелейді және Батыс пен Шығыстың өркениет аралық сұхбаттастық идеалына жақындай түсуіне жағдай жасайды. Әлемдік өркениетте өз орнын ойып алған ұлы жерлесіміздің іліміне қайта оралу, танып білу, ұлт мүддесіне жарату – таусылмас рухани азық, баға жетпес рухани құндылық болып табылады.

Сәния ЕДІЛБАЕВА,
философия ғылымдарының
докторы,
Сәкен ОМАРОВ,
философия ғылымдарының
кандидаты.

Алматы қаласы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp