Көркем әдебиетте “сағыныш өлшемі” деген түсінік бар. Бұл, әсіресе, поэзия жанрында жиі қолданылады. Алпыс екі тамырында жаратылысқа, тұмса табиғатқа, тірі жан иесіне деген ғаламат сезім тулайтын кез келген адамның бойында бар қасиет бұл. Халқымыздың мөлдір поэзиясында осынау сарқылмас сезімді тұтас бір жанрға айналдыра алған кім бар десек, әрине, ақын, небары отыз жасында жалғаннан жалт беріп, бақиға озған Төлеген Айбергеновті айтар едік.
Жуырда ақынның “Бір тойым бар” атты пышақтың қырындай ғана кітабын екінші мәрте парақтап шықтым. Кілең аршылған жұмыртқадай ақ қанатты, ақ жал толқын жырлар, таңғы шықтай кірпияз шумақтар жанымды өзіне үйіре әкетті. Оқып көрелікші:
“Жаныма қап ең жақын боп,
Жүректе бүгін сыздау көп.
Мен болсам кеттім ақын боп,
Азырақ бақытсыздау боп…
Жолығар болсам қайта мен
Сағыныш толы сол шақпен.
Бәрін де саған айтар ем
Жалғыз-ақ тамшы
моншақпен”, –
деп тебіренеді ақын. Енді бір өлеңінде:
“Сағыныш деп ұқ, жүйткісе поезд, босағасына әнді іліп,
Сағыныш деп ұқ, далалар жатса, қалалар жатса жаңғырып.
О, сәлем саған, шартарап қырға жұлдыз боп ағып баратқан,
Өз жүрегімнің түкпіріндегі тұңғиық, түпсіз мәңгілік!”, – деп мынау жаратылыс сағынышпен ғана салмақты екенін дәттеп тұрған жоқ па? Кітаптағы әр туындыны оқып отырып сағыныш сезімі адам бойындағы ырғақты күй ғана емес, шынайы қаламгердің қаруы екенін мойындайсыз. Өйткені, ақынның ақыны ғана сағындырып жаза алады. Сондықтан ғой, өлең өлкесіне енді ғана қадам басқан жандардың барлығы Төлеген Айбергеновтің ішкі әлеміне тереңірек үңіледі, бейнелеп айтсақ, “Айбергеновпен ауырады”.
Қазақтың абыз қаламгері Әбіш Кекілбаев көзі тірісінде: “Біздің қолымызда қалған бір-екі жұқа кітап – Төлеген Айбергенов талантының шалқар дариясы емес, асау арнаның басы ғана еді. Оның көк телегей көл болып шалқуын көруді тағдыр біздің маңдайымызға жазбапты” деген екен. Иә, ғұмыр сапары ұзақ болғанда, Төлеген ақын қазақ поэзисының қарышты дамуына мол үлес қосатын еді. Сағынышты баян ететін жырларымен өзіне мәңгілік ескерткіш ортатқан ақынның есімі поэзиясүйер жұртшылықтың жадында ұзақ уақыт сақталары сөзсіз.
Кітаптың соңғы бетін ашып отырып: “шіркін, әлемді Айбергеновше жақсы көру, өмірді Айбергеновше жырлау, Айбергеновше сағына алу мүмкін болса, мынау дүние жасандылықтан ада болушы еді”, деген ойға берілдім.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.