“Transparency Kazakhstan” қоғамдық қоры жүргізген Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық мониторингінің нәтижелері жарияланды. Зерттеу қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен өңірлер тізіміне енген. Бұл туралы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Ернар Баянғазин айтып берді.
Облыс азаматтарының 95, шағын және орта бизнес өкілдерінің 99,3 пайызы жеке мәселелерін шешу үшін бармақ басты, көз қыстылыққа жол берілмегенін, ондай қылмыстық оқиғалардың болмағанын айтқан.
Ал жалпы зерттеуге келетін болсақ, парақорлары көп мемлекеттік мекемелер тізіміне емханалар мен ауруханалар, полиция, салық және өртке қарсы қызметтер, жер қатынастары және қала құрылысы органдары, халыққа қызмет көрсету орталықтары, балабақшалар мен жоғары оқу орындары енген.
Талдау нәтижелері көрсеткендей, мәселені бейресми шешуге көп жағдайда мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері ұйытқы болатын көрінеді. Ал әрбір төртінші мәмілеге делдалдар араласады. Осыған байланысты департамент басшысы пара берушілермен қатар пара алуда делдалдардың да жауапкершілігі күшейтілгенін еске салды.
– Егер бұрын аз мөлшерде пара бергені үшін ең жоғары жаза 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру болса және тиісінше, бұл әрекет орташа ауырлықтағы қылмыс деп танылса, енді жазаның жоғары шегі 7 жылға дейін ұлғайтылды. Бұл қылмыс ауыр санатқа жатқызылады. Қылмыскерлерді шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға және оларға жазаны бірден қауіпсіздігі барынша төмен колонияда өтеуге тыйым салынады, – деді Ернар Ерболұлы.
Департамент басшысы кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіргені үшін жауапкершілік жүгі қатаңдатылғанын да ескертті. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері бизнеске заңсыз араласқаны үшін бұрынғыдай екі жыл емес, бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.