Кеше Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, Халықаралық Түркі Академиясы және Еуразия Жазушылар Одағының ұйымдастыруымен «Ұлы Дала Ұлы тұлғалары Абай, Фараби және Жамбыл» атты іс-шара өтті. Бұл жиын адамзаттың екінші ұстазы әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл және Ұлы ойшыл Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай 2020 жылы басталған еске алу шараларының үйлесімді жалғасы болды. 2021 жылы Ұлы дала ақындық дәстүрінің көрнекті өкілі Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толып отырғаны мәлім.
Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және Өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы 2020 Фараби және Абай жылы аясында өткізілген іс-шаралар туралы ақпаратпен бөлісті. Бұдан соң, ол Жамбылдың мұрасының маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ 2021 жылдың бүкіл Түркі әлемі үшін маңызды мерейтойларды атап өтетін жыл болатынын еске салған елші Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойының аталып өтілетінін айтты.
Іс-шарада сөз сөйлеген Халықаралық Түркі Академиясының Президенті Дархан Қыдырәлі әлемдік пандемияға қарамастан, Абайдың мерейтойының Түркияда өте ауқымды тойлануының түрік халқының Қазақстанға деген ықыласының көрсеткіші болып табылатынын айтты. «Ахмет Яссауи, Сұлтан Алпарслан, Хажы Бекташ Вели, Ахи Евран, Фараби, Абай және Жамбыл – біздің ортақ құндылықтарымыз» деп айтқан ол осы тұлғалар арқылы Түркі әлемінің бірлігі нығайып келе жатқанына назар аударды.
Еуразия Жазушылар Одағының Төрағасы Якуп Өмероғлу Абай, Фараби және Жамбылға арналған осы іс-шара болған күні Анкарада данышпан Тоныкөктің ескерткішінің ашылуын жақсылықтың бір нышаны деп жорыды. Өмероғлу «Дала әдебиетінің ұлы ақыны Жамбыл» кітабының авторы Мырзатай Жолдасбековтың өз еңбегінде Орхон ескерткіштері мен Жамбылдың ақындық дәстүрі арасындағы сабақтастықты паш еткенін мәлімдеді.
Іс-шарада сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ Бас Хатшысы Дүйсен Қасеинов тек қазақтар үшін ғана емес, бүкіл Түркі әлемі үшін маңызды қайраткерлер болып саналатын Абай, Фараби және Жамбылды еске алу жиынына қатысуды үлкен мәртебе деп сипаттады. Қасеинов 2020 Абай мен Фараби жылына арналған іс-шаралар туралы ақпарат берді. Фарабидің Музыка туралы кітабының араб тілінен түрік тіліне аударылып жатқанын айтқан Қасеинов шығарманың жақында оқырмандарымен қауышатынын жеткізді. Ол ТҮРКСОЙ-дың 2021 жылы Жамбылдың мерейтойының лайықты түрде атап өту үшін бар күшімен жұмыс істейтінін мәлімдеді.
Салтанатты сөздерден кейін Мырзатай Жолдасбековтың «Дала әдебиетінің ұлы ақыны Жамбыл» кітабының түрікшеге аударылған нұсқасының тұсаукесері болды.
Шара соңында 2020 жылы Абай мен Фарабидің Түркияда танылуына үлес қосқан ғалымдар, журналистер мен мемлекеттік қайраткерлер Қазақстан Президентінің, Халықаралық Түркі академиясының, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және Қазақстан Елшілігінің алғыс хаттары және медальдарымен марапатталды. Атап айтқанда, «Ұлттық көзқарас» журналының бас редакторы, Tүркия Парламенті депутаты Метин Гүндоғдуға, TRT Avaz арнасының үйлестірушісі Седат Сағыркаяға және Памуккале университетінің профессоры Нергиз Бирайға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хаты табысталды.
https://egemen.kz