«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛ МҰРАТЫ – ЖЕТУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

Жол экономиканың күре тамыры екені ықылым заманнан белгілі. Соңғы жылдары елімізде осы салаға ерекше көңіл бөлініп, жаңадан автобандар салынуда. Қазіргі таңда ел астанасы Нұр-Сұлтанға жеңіл көлікпен 4-5 сағатта жетеміз. Ал бұрындары ойдым-ойдым жолмен жүру нағыз қиямет болатын. Тақтайдай тегіс осындай жол салу қаншалықты қиын? Ми қайнатар ыстықта балқыған асфальттың дем қаритын буына шыдап жүрген жолшылардың еңбегі ауыр екенін сырттай ғана білеміз. Өкініштісі, бір кездері мәртебелі саналған бұл мамандыққа соңғы жылдары жастардың қызығушылығы төмен. Қазақстанның құрметті жолшысы Елубай Жуаспаевпен сұқбаттасып, өңіріміздегі жол салудағы жаңашылдықтар мен кемшіліктер жөніндегі әңгімелесудің сәті түсті.

– Елубай Ерғалиұлы, сіз «Құрметті жолшы» атағының иегерісіз. Бұл бір күнгі еңбектің жемісі емес, әрине. Бұл салаға қалай келгеңіз, қай жерлерде жұмыс істегеніңіз жайлы айтып берсеңіз.
– 1978 жылы Қарағандыдағы политехникалық институттың жол құрылысы факультетін бітірдім. Сол жылы мені Солтүстік Қазақстан облыысның Жамбыл ауданына жолдамамен жіберді. Онда еңбе жолын механик болып бастап, кейін шебер, бір жылдан кейін бас инженер атандым. Благовещенкада 15 жыл жол пайдалану учаскесінде жұмыс істедім. Кейін Бескөлге көшіп келдік. Онда да 1996 жылға дейін жол пайдалану учаскесінде істедім, жабылғаннан кейін Петропавл қаласындағы «Қазавтожол» РМҚК-да жол қорын жинау жөніндегі маман болып еңбек еттім. 2009 жылға дейін облыстық филиалда бас инженер міндетін атқардым. 2009-2018 жылдар аралығында, яғни зейнетке шыққанша жол пайдалану учаскесінің басшысы болдым.
– Жол құрылысындағы жаңашылдықтарға қалай қарайсыз? Бұрынғы мен қазіргі жұмыс жүйесін салыстырып көрдіңіз бе?
– Бұрынғы жұмыс жүйесін қазіргімен мүлдем салыстыруға келмейді. Біздің кезімізде техника деген аз, нашарлау болды. Жол салғанда қолданатын ең үлкен машина ЗИЛ көлігі еді, артынан КамАЗ шықты. Қазіргі техниканың бәрі мықты, заманауи, мүмкіндігі мол. Жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарын тапсырыс беруші қабылдап алатын, ал құрылыс және тағы басқа күрделі жұмыстарды «Қазжолпроект» филиалы қадағалайтын. Бүгінгі күні жолдың сапасын, құрылыс материалдарын тексеретін «Ұлттық сапа орталығы» бар.
– Елімізде Манғыстау, Павлодар, Алматы облыстарының жергілікті жолдары сапа көрсеткіштері бойынша көш бастап тұр, ал Батыс Қазақстан, Атырау, Солтүстік Қазақстан тізімнің соңына орналасыпты. Бұның себебі неде?
– Жолшының жұмысы сырт көзге оңай болып көрінуі мүмкін. Әр саланың өз қиындығы мен қызығы бар. Оны түсіну үшін соның ішінде қайнап пісу керек. Петропавл – Нұр-Сұлтан арасындағы жол қолданысқа берілгелі 10 жылдай болып қалды. Шүкір, жақсы жол деп ауыз толтырып айтуға болады. Мен үнемі осы жолмен жүремін, сапасына көңілім толады. Алайда кез келген зат секілді жолдар да тозады, ескіреді. Жолдардың ішінде сын көтермейтіндері де бар, әрине. Оның басты себебі – әу баста құрылысын жобалауда қателіктерге жол берілген. Тапсырыс берушілердің көбі – жол құрылысы саласының маманы емес, сондықтан жобалау барысында қаражатты, материалды үнемдейміз дейді де салдарын ойламайды. Қажетті мөлшерде қаржының бөлінбеуі де сапаға тікелей әсер етеді. Бұл негізінен жергілікті жолдарға қатысты. Ал, республикалық маңыздағы трасаларда ондай кемшілік аз.
– Жол саласындағы тағы бір шешімін таппай жүрген мәселе – білікті мамандардың тапшылығы. Бұл түйткүлдің шешімі бар ма?
– Бұрын, әр үш жыл сайын Алматыда біліктіліктігімізді арттыратынбыз, механизаторларды даярлайтын арнайы курстардан өтетінбіз. Қазір жол саласында жүрген мамандардың ішінде жастардың аздығын байқауға болады. Бұның себебі – үгіт-насихат жұмысының жүргізілмеуінде деп ойлаймын. Жастар жолшы десе, көшеде сары желетке киіп жүрген жұмысшыны елестетеді. Сондықтан, жолшы мәртебесін арттыру керек. Бұл саланың маңыздылығын өскелең ұрпаққа түсіндіру қажет. Сонда ғана осы мәселе шешіледі.
– Жол активтері ұлттық сапа орталығының жұмысы туралы қандай ойдасыз?
– Ұлттық сапа орталығы дер кезінде құрылды. Осындай ұйымның бар болғаны қуантады. Бұл – жол сапасының жақсаруына серпін беруі тиіс мекеме. Өйткені, қадағалау, бақылау мен тексеру солардың құзыретінде. Жауапсыз құрылысшыларды анықтап, кемшіліктердің болмауын бақылайды. Бұрын зертхана ретінде жұмыс істегенде тек республикалық жолдарды ғана тексеретін. Орталық болғаннан бері жергілікті, яғни, облыстық, аудандық тасжолдардың құрылысын да бақылайтын болды. Енді, ауыл арасындағы жолдарды да жүрдім-бардым істемей, мердігерлер жұмысты тыңғылықты тындырып жатыр.
– Қашан біздің жолдар еуропалық сапаға ие трассалармен теңеседі деп ойлайсыз?
– Ол үшін біздің экономикамыз да соған сай болуы тиіс. Қазақстан жер көлемі жағынан ең ірі мемлекеттердің қатарында. Франция сияқты бес мемлекет сыйып кететіндей территорияда, сәйкесінше, жолдар да көп. Жергілікті жолдардың барлығын ретке келтіру үшін мол қаражат, уақыт әрі мүмкіндік керек. Климатттық ерекшелігіміз де бар ғой. Қыс қатал, оған асфальт шыдас бермейді. Содан жолдар тез ойылып қала береді. Бұл ретте бізге жаңа технологияларды енгізу керек деп ойлаймын. Біздің болашағымыз – озық технологияларда. Жетістіктерімізді айта кеткен жөн. Мысалға, жаңа автобандарды алайық. Нұр-Сұлтаннан еліміздің басқа аймақтарына апаратын жаңа жолдар жоғары деңгейде салынған. Барынша заманауи технологиялар пайдаланылған. Нәтижесін көріп жүрміз. Тақтайдай тегіс. Жыл сайын осындай жолдар көбейіп келеді. Болашақта біз де Еуропадағыдай жолдарда жүретін боламыз. Оған өзім сенемін.
– Еліміздегі асфальт төсейтін, жол жөндейтін компаниялар үнемі сынға ұшырап жатады. Автожолдарды жобалау, салу жұмыстары, оның жай күйіне қатысты ойыңызды білдірсеңіз.
– Бұл ретте, алдымен, мердігерлердің жауапсыздығын атап өту керек. Екіншісі, тексерушілердің, қабылдап алушылардың немқұрайдылығы. Өйткені, салынған жол, кепілдік мерзімінен бұрын ойылып, істен шығып жатады. Олқылықтар көп. Бұрынғы кеңес өкіметі кезінде салынған жолдар қазіргі ауыр жүк көліктеріне шыдас бермейді. Ол кезде мұндай ауыр техника болмаған, сондықтан тез бүлінеді. Ескі жолдарға реконструкция жасау керек. Сонда ғана сапалы болады. Жол құрылысы көп қаражатты қажет ететін сала.
– Жол саласының ардагері ретінде өз ізбасарларыңызға айтар тілегіңіз.
– Жолшы болу төзімділікті қажет етеді. Өзіндік қызығы, тіпті, романтикасы бар. Оған тек мықтылар ғана шыдайды. Ізбасарларымды еліміздің, жолымыздың патриоты болуға шақырамын. Беріліп істегенде ғана сапа болады. Жол – экономиканың тірегі екенін ұмытпайық. Біз салған жол – біздің ұрпағымызға қызмет етеді деген мақсат болу керек.

 

Аманжол НҰРТАЗИН,
«Soltüstık Qazaqstan».  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp