Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай бес тас және асық атудан жасөспірімдер арасында облыс біріншілігі өтті. Онлайн форматта ұйымдастырылған додаға Петропавлдың және өңіріміздің алты ауданының құрамалары бақ сынады.
Жарыстың бас төрешісі Ағжан Сұрағанов доданың саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізіліп отырғанын тілге тиек етіп, төл ойын түрін жаңғыртуға қолдау көрсеткен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылығына алғысын білдірді. Тартысты ойындардың барысында ұл балалар асық атудан, ал қыздар бес тастан өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде асық атудан Жамбыл ауданының құрамасы топ жарды. Облыс орталығының командасы екінші орынды иеленсе, есілдіктер үздік үштікті түйіндеді. Ал бес тас бойынша Шал ақын ауданының қыздарына тең келер ешкім табылмады. Бұл сында есілдік команда – екінші, аққайыңдықтар үшінші орындарға жайғасты.