Өткен өміріме көз салсам, күнгейінен көлеңкелі жағы көбірек, жақсылығынан жамандығы басымдау секілді көрінеді де тұрады. Қиыншылыққа, торығуға, күрсініске толы күндерім еске түссе, тамағыма ащы өксік тығылып, өкініштің кермек жасы жерге үзіліп түскендей болады. Жастарды жаман әдеттерден, жеңіл ойлаудан, асығыс шешім қабылдаудан сақтандырғым, апалық ақылымды айтқым келеді. Бақ та бағалай білгеннің басына қонады, оны аялай біліңдер. Бақыттарың өз қолдарыңда. Кеш ұғынып, мен сияқты бармақ тістеп қалмаңдар.
Теріскей жаққа келін болып түскеніме де қырық жылға жуықтап қалыпты. Жиырмаға толып, уылжып тұрған шағымда киелі Қазығұртты артқа тастап, үнді киносындағыдай шынайы махаббатқа еліткен күйі солтүстіктің жігітімен қол ұстасып, кете бардым. Табиғаты тамылжыған алыстағы ауылдың баурайында бие сауып, тезек терген, әпкішпен су тасып, тандырға нан жапқан қыз кезім көзден бұл-бұл ұшты. Жастықтың буы ма, әлде албырт сезім бе? Дәл қазір дөп басып айту қиын, сүйгеніммен санаторийде танысқан болатынмын. Ол аяғын, мен бел омыртқамды емдетуге келгенбіз. Мынадай дімкәс денсаулықпен оңтүстікке келін болсам, қандай ене шыдатар дейтін уайым жанымды жегідей жейтін. Содан әрі-бері ойлана келіп, “өзі де мен секілді науқас екен. Жағдайымды, көңіл күйімді түсінер. Кемшілігімді бетіме баспас” деген шешіммен етегінен ұстауға бел будым. Жүрек түкпірінде жақсы көру сезімі тулап жатқанын да жасырмаймын.
Келін болып түскен жерім – орыс селосы. Қазақтардың өзінің тегіс орысша сөйлейтін әдетін, шыны керек, қабылдай алмадым. Алты баласымен жесір қалған енемнің “сәлем салмай-ақ қой” дегені түрпідей тисе де, үндемедім. Бірақ басымнан орамалымды тастамадым. Бұлай жүруім кейбіреулерге сөкет көрінгенін іштей сездім. Бірде енем қазағы ормандай күнгейдің жөн-жоралғысын сұрады. Тілім жеткенше айтып бердім. Кейін үшеуміз әке-шешемнің алдынан өтуге барғанда, енем: “Мен бар малымды сатып, қалың мал бере алмаймын. Бізде ондай дәстүр жоқ. Керек болса, қызыңды алып қал”,– деп әңгіменің байыбына бармастан ортан белден шорт қайырды. Қалың малын бермесе бермесін, бірақ қабағын беруі керек еді ғой. Туыстарыма ауыр тиді. Әкемнің күрең жүзі қарауытып, ренжігені есіме түссе, өзімді қоярға жер таппаймын. Жақ ашпаған күйі бізді бір машинаға тездетіп отырғызып, шығарып салды. Бұдан кейін енем өле-өлгенше біздің жаққа ат ізін салмады. Екі жақ біржолата “ат құйрығын кесісті”. Бұл менің жаныма қатты батып, жанарымды мұң басты. Алда жүрекке салмақ салып, шым еткізетін талай сынақ күтіп тұрғанын білген жоқпын. Ташкентте орыс тілі мен әдебиеті институтында сырттай оқығандықтан, қысқы, жазғы сессияларда ғана төркініме барып жүрдім.
Мектепке жұмысқа орналастым. Күйеуім кеңшарда трактор жүргізетін: таңертең кетіп, кеш келетін. Тұңғышымыз жарық дүние есігін ашты. Қолымда емізулі бала. Ұйқысыз түндер. Көмектесетін жан жоқ. Өзімді айдалада қалғандай сезіндім. Оқуымды уақытша доғаруға тура келді. Өмірдің бұл сынағына да төзер едім. “Атаңнан қалған ас па еді?” демекші, жолдасым “қу арақтың” жетегінде кетпегенде. Араққа салынғаны сонша, екі күннің бірінде ес-түсін білмей ішіп келіп, еш себепсіз балағаттайтынды, көкала қойдай етіп сабайтынды шығарды. Ақылға келер деген үмітпен көпке дейін іштен тынып жүрдім. Ақыры шыдамым таусылды. Шөлмектің мың күнде емес, бір күнде сынатыны сияқты, ұлымды жетектеп алып, пойызбен ауылға тартып отырдым. Менің жағдайымды ақырына дейін тыңдаған анам байыпты үнмен былай деді: “Мен сені ол жігітке апарып қосқан жоқпын. Кеткен өзің, келген өзің”. Ал әкем болса: “Есің барда еліңе қайт!” – деп келте қайырды.
Әкенің бір ауыз сөзінен соң кері оралуға тура келді. Қаражаттан, ұзақ жолдан қанша қиналсам да, оқуымды аяқтап, диплом алдым. Мектепте абыройлы болдым. Енем жарықтық қайтыс болғаннан кейін қайын ініміз үйленді. Оған еншісін беріп, бөлек отау етіп шығардық. Біздің де шаңырағымыз кеңейіп, бір ұл, екі қызымызды ешкімнен кем қылмай өсіруге тырыстық.
Күйеуімнің арақ ішпесе, мінезі жайлы. Қолым тимей жатса, “сенікі, менікі” деместен үй шаруасына көмектесетін. Не керек, жаман-жақсы кезеңдерді бірге өткіздік. Елден көшіп кетіп жатқан орыс пен немістің кілем-төсеніштерін, ыдыс-аяғын арзанға сатып алып, үйімізді жайнаттық. Мал ұстап, бау-бақша өсірумен айналыстық. Ана тілімізге мемлекеттік мәртебе беріліп, қазақ тілі пәні мұғалімдеріне сұраныс артты. Оқуға түсіп, екінші диплом алдым.
Балаға орта көп әсер етеді екен. Орыстың ортасында тұрғандықтан ұлттық тәлім-тәрбиеден тамыр үзген ұл есейген соң өзге ұлттың қызына үйленді. Әлі күнге дейін құда-құдағидың есігін ашқан емеспін. Әйтеуір, үлкен қызым қазақ жігітіне тұрмысқа шықты. Кенже қызым – студент. Ішімдікке құмарлығы басылмаған күйеуім қырық тоғыз жасында дүние салды. “Жақсы әйел жаман еркектің басын төрге сүйрейді” демекші, ажалы атаукелгір арақтан болғанына өзімді кінәлідай сезініп, жүрегім сыздайды. Өмірлік тәжірибеден тағы бір түйгенім, ұлттық тәрбие алмай, орысша ортада өскен балалар қазақша түсінгенмен, сөйлеуге шорқақ болады, олардың тәрбиесі негізінен отбасы, ошақ қасында емес, сыртта қалыптасады екен. Өрескел мінезді, оғаш қылықты түзде алған оларды кейін түзеу өте қиын. Бір жағынан, күйеуіммен “алысамын” деп жүріп, балаларымды қазақы болмысқа, имандылыққа бағыттай алмаған өзімді кінәлаймын. Тәлім-тәрбие негізі жас ұрпақ бойына ұлттық рухты сіңіруден басталатынын кеш түсініп отырмын. Осыны дер кезінде қолға алып, түзете алмағаныма өкінемін. Бірақ өкінгеннен не пайда?
Салиха МОЛДАШЕВА.
Аққайың ауданы.