Қалада тұрғындардың құқығын қорғау жөніндегі арнайы кеңсе ашылды. Мұнда сапасыз тауарға немесе қызметке көңілі толмаған облыс тұрғындары өз арыздарын қалдырып, құқықтарын қорғай алады.
Тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі кеңсе “Тайга” базарында орналасқан. Бұл жер сатып алушылар үшін ыңғайлы. Сапасыз тауарға тап болған қала тұрғындары мәселесін сатушымен шеше алмаса, кеңседегі заңгерден тегін кеңес ала алады.
– Мамандар арыз жазуға көмектесіп, оны тиісті мекемелерге жолдайды. Тұтынушылардың арасында тұрмыстық техника мен азық-түліктің сапасына көңілі толмайтындар аз кездеспейді. Екі арада түсініспеушілік туындамас үшін кәсіпкерлермен де жұмыс істеу керек. Олар заңды білмегендіктен көп жағдайда сатып алушылармен дөрекі сөйлеседі. Алдағы уақытта жағдай өзгеруі тиіс, – деді облыстық тұтынушылар мен кәсіпкерлердің құқығын қорғау қауымдастығының төрайымы Надежда Дубовая.
Кеңсеге жүгінгендердің бірі – Петропавл қаласының тұрғыны Әйгерім Мағамбетова. Ол сауда үйлерінің бірінен жеңілдікпен көйлек алып, алданып қалған. Саудагер 14 күндік кепілдікке қарамастан, ақшаны қайтарғысы келмейді.
– Базарда әдемі көрінгенімен, үйге келгенде жіптері тарқатылғанын, әрі тігісі қисық екенін байқадым. Тағы бірқатар кемшіліктерге қарамастан, сатушы оны қабылдаудан бас тартты. Қолымда түбіртегім бар. Мамандар бұл келеңсіз оқиғаны шешуге көмектеседі деген ойдамын, – дейді тұтынушы. Фронт-кеңсенің мамандарына әр аптаның жұма күндері 14.00 мен 17.00 аралығында жүгінуге болады. Алдағы уақытта мұндай орындар басқа сауда орындарында да ашылуы тиіс.
Сурет: https://www.inform.kz/