Балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау аясында 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында республикалық бюджеттен, сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) жалпы сомасы 635,3 млрд теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетілді.
«Осылайша, 430,7 мың адам жалпы сомасы 52,3 млрд теңгеге бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақыны алды. Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақыны 2020 жылы орта есеппен 120,9 мың адам 31,7 млрд теңге сомаға алды. «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға ай сайынғы жәрдемақымен жалпы сомасы 49,1 млрд теңгеге 232,3 мың әйел қамтылды», делінген Еңбек министрлігінің мәліметінде.
4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны 2020 жылы жалпы сомасы 236,2 млрд теңгеге 428 290 мың отбасы алды. 2020 жылы мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамдарға ай сайынғы жәрдемақыны 89,5 мың адам 49,6 млрд теңге сомасында алды.
«18 жастан асқан бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақыны 14,5 мың адам алды, оларға 8 млрд теңге төленді. Болашақ ана бала тууға толық дайын болуы үшін 2008 жылдан бастап міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып саналатын жұмыс істейтін әйелдерге МӘСҚ қаражаты есебінен жүктілікке және бала тууға байланысты біржолғы төлем жүзеге асырылады. 2020 жылы оны жалпы сомасы 96,4 млрд теңгеге 203,1 мың адам алды. Бала туғаннан кейін МӘСҚ-тан 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ай сайынғы төлемдер жасалады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша оларды жалпы сомасы 106,4 млрд теңгеге 501,6 мың адам алды», деп аталып өткен ведомство хабарламасында.
Бұдан басқа, 2014 жылдан бастап жұмыс істейтін әйелдер үшін олардың бала күтімі бойынша 1 жасқа дейінгі демалыста болған кезеңінде міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау енгізілді.
2020 жылы республикалық бюджеттен МӘСҚ-тан 1 жасқа дейінгі баланың күтімі бойынша әлеуметтік төлем алушы 87 275 адамның жеке зейнетақы шоттарына 5,7 млрд теңге аударылды.
https://egemen.kz