«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери-техникалық мектептің Петропавлдағы филиалының шақырылушылары әскери ант қабылдады. Жастардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру мақсатын көздеген шара білім ордасының алаңында өтті.

Азаматтық борышты өтеу үшін өңіріміздің аудандарынан және Қостанай облысынан келген 33 жігіт сапқа тұрды. Үстерінде – жарасымды әскери киім, қолдарында – автомат. Бәрі де қобалжулы. Өйткені, бұл сәт 40 күн бойы әскери қызметтің қыр-сырын меңгерген сарбаздар үшін жауапты. Ал әскери ант жігіттерді еліміз үшін кез-келген қауіпке төтеп беруге міндеттейді.
Мектеп директоры, запастағы полковник Қалиолла Сауытбековтің айтуынша, бұл жолы Қостанай облысынан 18 шақырылушы келсе, қалғаны – солтүстікқазақстандықтар. Олар темірдей тәртіпке бағынып, 40 күндік оқудың ішінде 1 жылдық материалды толығымен меңгерді. Яғни, сарбаздар оқу бағдарламасына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарын біліп, жалпы әскери жарлықтармен танысып, қару қолданудың қыр-сырын үйреніп, әскери барлау және картамен жұмыс істеуді меңгерді. Сондай-ақ, ұстаздар оларға Калашников автоматын бөлшектеп, қайта жинауды, радиациямен зақымданғанда не істеу керектігін, бірінші әскери-медициналық көмекті қалай көрсетуді үйретті. Сарбаздар теориямен танысып қана қоймай, тәжірибеден өту үшін полигонға да барды. Осындай жан-жақты даярлықтан өтіп, оқуды тамамдағандарға әскери билет табысталып, “қатардағы жауынгер” атағы беріліп, әскери міндеттілердің есебіне алынды.
– Әскери-техникалық мектеп өте қолайлы, бір жылдық әскерден ешқандай кемшілігі жоқ. Мұнда біз саптық дайындықты үйрендік, атыс алаңына бардық, қару-жарақпен таныстық. Командирлер бәрін үйретті, барлық сұрақтарымызға жауап берді. Ал біз олардың бұйрықтарын бұлжытпай орындадық”, – дейді қостанайлық жас Шыңғысхан Ерекешев.
Жалпы, 2013 жылдан бері білім ордасында 2 мыңнан астам жігіт әскери даярлықтан өткен.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”. 

Сурет: https://ainews.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp