Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Жалынбек Ахан Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актерлерінің қатысуымен шеберлік сағаттарын өткізуде. “Сахна қозғалысы және сайысы” пәні бойынша сабақ беретін елордалық шебер өнер ұжымына жаңа әдіспен бірқатар маңызды дүниелерді үйретпек.
Ақтөбе, Қарағанды, Талдықорған, енді міне, Қызылжар өңіріне ат басын бұрған Жалынбек Ахан жас сахнагерлердің шеберлігін шыңдаумен 20 жылдан бері айналысып келеді. Ол театр актерлеріне сахнада қалай дұрыс тыныс алуды, сол деммен қалай жұмыс істеу керектігін және оның маңызды тұстарын егжей-тегжейлі түсіндірді. “Біз бүгін дұрыс тыныс алуды меңгеріп жатырмыз. Ертең дем мен қимыл іс-әрекеті тақырыбында дәріс оқимын. Одан кейін құлау, жығылу, шалыну, қару-жарақпен жұмыс істеу сияқты тақырыптарды қамтимыз”, – дейді ұстаз.
Ал театр труппасы болса, мұндай өз ісінің білгірінен сабақ алғандарына қуанышты. Өнер ордасындағы белді актерлердің бірі Айбол Қасым шеберлікті шыңдайтын осындай дәрістердің көп болғанын қалайды. Айтуынша, Жалынбек Аханның сабақ беру стилі ерекше. Алғашқы күннен ұжым тәлімгердің әр айтқан сөзін саналарына сіңіріп, қызықтырған сұрақтарына жауап алуда. Сахна иесі өткен сабақтардан алған әсерімен былай деп бөлісті: “Дұрыс дем алу сахнада ғана емес жалпы өмірде де аса маңызды. Тыныс алуды ретке келтірген, ол туралы көбірек мағлұматқа ие актер қойылымның сәтті шығуына да септігін тигізеді деп ойлаймын”.
Нұрсұлтан ТІЛЕКТЕСОВ