«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жыр жампозы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл қазақ халық поэзиясының әйгілі өкілі, өлең сөздің дүлдүлі, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толады. Айтулы датаға орай облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов пен зиялы қауым өкілдері ақынның Петропавл қаласындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, кемеңгер тұлғаның рухына тағзым етті.

Тау суындай арынды төкпе жырымен, өткір тілімен төңірегіндегі жандарды аузына қаратып, сөз сайысында алдына жан салмай, айтыстың ақтаңгері атанған қазақтың біртуар ақыны Жамбыл Жабаевтың артына қалдырған мұрасы мол. Оның туындылары бүгінде елуге тарта халықтың тіліне аударылып, шығармашылығы əлем ғалымдарының зерттеу нысанына айналған. Демек, ел тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғаның еңбегін насихаттаудың маңызы айрықша.
– Биыл қастерлі Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығымен қатар жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейхановтың – 155, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің – 180, күш атасы Қажымұқанның 150 жылдығы сияқты мерейтойларды атап өтеміз. Осы орайда көптеген іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр. Әлбетте, олар пандемияға байланысты шектеулі форматта өтсе де, біз осы елеулі даталарды әрқашан есте ұстауымыз қажет. Осындай іс-шаралар арқылы біз жастарға тарихымызда ұлы тұлғалардың болғандығын, олардың мұрасын дәріптеу керектігін жеткіземіз. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Рухани жаңғыру” бағдарламасында ұлттық бірегейлікті сақтау, мәдениетімізді дамыту туралы келелі ой айтқан еді. Мәселен, біз былтыр Абай мен әл-Фарабидің мерейтойларын өткізіп, олардың тұлғалық келбеті мен өмір жолы, еңбектерін дәріптедік. Қазір той тойлайтын емес, ой ойлайтын уақыт болғандықтан, айтулы даталарға орай насихат жұмыстарын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізетін боламыз, – деді Ғани Нығыметов.
Биыл ақынның мерейтойы аясында өңірімізде 70-тен астам іс-шараны өткізу көзделіп отыр. Олардың қатарында айтыс, мәдени кештер, спорт шаралары бар. Жыр алыбының есімімен аталатын үш ауылда, 44 көшеде жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Облыс орталығындағы Жамбыл көшесінің бойындағы көпқабатты үйлердің бірінің қабырғасына ақын портреті бейнеленген керамикалық панно салынады.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp