«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОНЛАЙН ҚАБЫЛДАУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов онлайн форматта бір топ азаматты қабылдап, арыз-шағымдарын тыңдады.

Құмар Іргебайұлына өз өтінішін жеткізген Мамлют ауданы Покровка елді мекенінің тұрғыны Мақпал Тоқтанаева бірқатар әлеуметтік мәселелерді көтерді. Оның айтуынша, баспана сатып алу, жұмысқа орналасу қиын. 4 баласы бар ана «Оңтүстіктен – Солтүстікке» мемлекеттік бағдарламасы бойынша былтыр Мағжан еліне қоныс аударыпты. Жергілікті билік көпбалалы отбасын құшақ жая қарсы алып, кең үйді жалға беріпті, жұмыс ұсыныпты. Ерлі-зайыптыларға өз ісін ашу үшін грант алуға мүмкіндік тудырылған. 500 мың теңге грант алған. Оған тігін жабдықтарын сатып алып, жаңа кәсіп ашыпты. Жас жұбайларға арналған киім-кешек тігіп, ісі өрге басқан. Алайда, карантин шаралары кәсібіне кедергі келтіргенге ұқсайды. Жұмыссыз қалғанына налиды. Бизнестің бағытын өзгерту ұсынысына келіспей отыр. Жұбайы құлпынай өсіруді жоспарлағанымен, тиісті қаражат кеш берілгендіктен, кәсіпті бастауға үлгермепті. Қазір ол да жұмыссыз. «Үйіміз суық. Есік-терезелер дұрыс қымталмаған. Қабырғаларда жарықшақ пайда болды», – деді Мақпал Тоқтанаева.
– Сіздер әлі жассыздар. Жұмыс істеу керек. 2016 жылдан бері облысқа 6 мыңнан астам адам көшіп келді. Олардың арасында педагогтар, дәрігерлер, ауыл шаруашылығы мамандары бар. Грант алып, кәсіпкерлікпен айналысып жатқандар да аз емес. Ең бастысы, бойларыңызда еңбек етуге деген ұмтылыс, құлшыныс болсын. Қалғаны ретімен шешіледі, – деді Құмар Іргебайұлы.
Мамлют ауданының әкімі Владислав Лукин 2019 жылы пайдалануға берілген үйлерге техникалық талдау жүргізіліп, кемшіліктер анықталғанын, жөндеу жұмыстары көктемге қарай басталатынын жеткізді. Өңір басшысы мердігерлердің кепілдік міндеттеме шеңберінде құрылыс жұмыстарын сапалы атқаруына бақылауды күшейтуді тапсырды.
Бүгінде ауылдарда салынып жатқан бір баспананың тұрғызылу құны – 7 млн теңге. Оның 1,5 миллион теңгесі жалақыға жұмсалады. Қоныс аударушылар үйді тұрғызып аламын десе, құрылыс материалдарымен қамтамасыз етіледі. Тайынша ауданының тұрғыны Маржан Валиеваның бизнесінің бір бағыты – қоныс аударушыларға арналған үйлер салу екен. Құжаттар дұрыс ресімделмегендіктен, салық төлеміне қатысты қиындықтар туындапты. Тайынша ауданының әкімі Руслан Аңбаев кәсіпкер әйелмен кездескенін, салық мәселесі шешімін табатынын айтты. Декларация дұрыс толтырылса, артық төлемдер болмайды.
Онлайн-форматта қоғамдық қабылдауға қатысқан Жеңіс Шерхан деген азамат жастар проблемасын қозғады. Жеткіншектер арасында кең таралған би түрі – брейк-дансты дамытуға ықпал етуді өтінді. «Бұл би былтыр олимпиадалық спорт түрлері тізіміне енгізілген соң айналысқысы келетіндер де, талантты бишілер де көбейді. Тек демеу керек. Арнайы спорт федерациясы құрылса, заманауи би мәдениетін дамытуға ықпал етер еді», – деген ұсынысын білдірді.
Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехов брейк-данс бұқаралық спорт түрі саналатынын, оның өңірде кеңінен қанат жаюына барынша жағдай жасау үшін қазір қаражат қарастырылып, жаттықтырушылармен жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Әкім құжаттарды ретке келтіріп, федерация құру жұмысын тезірек ресімдеуді, бишілерге жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan».
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp