Солтүстік Қазақстан облысында 11 807 адам зейнетақы қорындағы жинақтарының бір бөлігін ала алады. Олардың жеткіліктілік шегінен асатын қаржысының жалпы соммасы – 21 млрд. теңгеге жуық. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ облыстық филиалының ішкі статистикасына сәйкес, өңірде 134 салымшы 10 миллион теңгеден астам қаражат алу мүмкіндігіне ие.
«2021 жылдың 22 ақпанындағы жағдай бойынша БЖЗҚ-ға ел бойынша уәкілетті операторлардан: «Отбасы Банкі» ТҚЖБ» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, сондай-ақ, «Банк ЦентрКредит» АҚ-нан тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға 158 276 өтініш түсті. Жалпы сомасы 543,6 млрд. теңге болатын 102 650 өтініш мақұлданды. Салымшылардың арнайы шоттарына түскен төлемдердің орташа сомасы 5,3 млн. теңгеден асады. Ал Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 15 ақпандағы дерек бойынша 1 634 өтініш қабылданып, оның 1 045-і мақұлданды, арнайы шоттарға шамамен 2,5 млрд. теңге түсті», – дейді «БЖЗҚ» АҚ облыстық филиалының директоры Рамазан Мұқанов.
Мақұлданған өтініштердің басым бөлігі – 38 пайызы ипотекалық қарыз бойынша берешекті ішінара немесе толық жабуға арналған. Салымшылардың 26 пайыздан астамы зейнетақы ақшасын тұрғын үйді ипотекасыз сатып алуға жіберу туралы шешім қабылдаған. Зейнетақы жинақтарын пайдалануға ең көп өтініш бергендердің үшінші тобы – 19 пайыздан астамы қаражатты жақын туыстарына берген.
«Зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану талаптарының күшіне енгеніне көп күн өткен жоқ. Сондықтан облыс бойынша әзірге өтініш жоқ. Біржолғы зейнетақы төлемдерін емделуге пайдалану мақсатындағы өтініштер қорға «Отбасы банкі» ТҚЖБ» АҚ арқылы 25 ақпаннан бастап түсе бастайды деп есептейміз», – дейді филиал директоры Рамазан Мұқанов.
Ақерке Дәуренбекқызы.
Сурет: https://www.lada.kz/