Петропавл қаласындағы Интернационал көшесі, 21 мекенжайында орналасқан көпқабатты үйде болған жарылыстың салдарын жою жұмыстары жүргізілуде. Шаһар басшысы Болат Жұмабековтің айтуынша, зардап шеккен азаматтарға жергілікті бюджет есебінен көмек көрсетіліп, баспана жөнделетін болады.
Газ баллоны жарылуының кесірінен 202 адам уақытша үй-күйсіз қалды. Қазіргі күні жетпісі М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің жатақханасында тұрып жатыр. Қалғандары туыс-туғандарының үйлерін паналап жүр. Зардап шеккендерге кәсіпкерлер мен қала тұрғындары азық-түлік, киім және тұрмыстық заттар жеткізіп беруде.
«Стадия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көпқабатты үйге тексеріс жүргізді. Компания басшысы Игорь Киселевтің айтуынша, нысанның отыз пайызына зақым келген. Сарапатама қортындысына сай серіктестік қала әкімдігіне ғимараттың бірінші және екінші қабаттарын байланыстыратын сегіз бетон плитаны ауыстыру немесе арнайы бағаналармен күшейту бойынша ұсыныс бермек. Нысанның негізгі тіреуіш қабырғалары зақымданбаған.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездескен қала әкімі Болат Жұмабеков оқыс оқиғадан зардап шеккендер назарсыз қалмайтынын жеткізді. Зақымдалған мүлік иелеріне 300 мың теңге шамасында бір жолғы өтемақы беріледі. Осы уақытқа дейін тиісті қаржылай көмек алуға 70 пәтер иесінен өтініш түсті.
– Қазіргі уақытта оқыс оқиғаның келтірген шығын мөлшері анықталу үстінде. Әкімдікте екі арнайы комиссия құрылды. Бұл комиссияға қоғам белсенділері мен мәслихат депутаттары кірді. Өтемақыларды төлеуге қаржы жеткілікті. Олардың бір бөлігі қала бюджеті есебінен өтелетін болса, қалғаны қалалық ардагерлер кеңесі қорына аударылған қаржы есебінен беріледі. Қазіргі таңда қайырымды жандар мен демеушілер арнайы есепшотқа 2,5 млн. теңге көлемінде қаражат аударды, – деді Болат Серікұлы.
Шаһар басшысының айтуынша, ғимаратты қалпына келтіру жұмыстарына жергілікті 6 құрылыс компаниясы мен коммуналдық кәсіпорындар жұмылдырылған. Бүгіндері баспанадағы су мен жылу желілері қалыпқа келтіріліп, қираған терезелері ауыстырылуда. Әкімдік демалыс күндері зардап шеккен 45 пәтердің тұрғандары пәтерлеріне қайта қоныстана алатынын жеткізді. Қалғандары алдағы аптада өз үйлеріне оралады деп күтілуде.
Аманжол НҰРТАЗИН,
«Soltüstık Qazaqstan».
Сурет: “Проспект СК”.