«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

РИЗАМЫЗ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНА!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Наурыздың 1-і – Қазақстан халқы ассамблеясының құрылған күні. Қазақстандықтар бұл күнді Алғыс айту мейрамы ретінде де кеңінен атап өтеді. Басқа мерекелерге қарағанда, бұл күн мазмұны жағынан да өзгеше.

Әкелеріміз өз заманындағы жеңістері мен жетістіктерін мақтаныш сезіммен, көтеріңкі кө­ңілмен қанша айтса да, күрсіністері мен қиналыстары, жан күйзелістері, жанарларына ұялаған кірбің-мұңы білінбей қалмайтын. Бұл сырлары бертінге дейін жұмбақ болып келгенімен, ақиқат бәрібір айтылмай қоймайды. Көптеген отбасылардың туған жерінен тыс, алыс аймақтарға күшпен жер аударылып, Қызылжар өңіріне тұрақтап қалғанын кейін, есейе келе білдік. Жаппай қуғын-сүргін салдарынан жазықсыз жапа шеккен, итқорлық көрген әулеттердің бірі – Корневтер. Дүниежүзілік поляк диаспорасының бір бөлшегі – Қазақстанды мекен ететін қандастарым. Олар, негізінен, Солтүстік Қазақстан облысында топтасқан. Оның ішінде Тайынша ауданында тығыз тұрады.
Жеке адамның қайғысын түсінуге болады. Ал тұтас халықтың қасіретін қалай сипаттарсың?… Тоталитарлық жүйе өткен ғасырдың 30–50 жылдары аралығында талай жанның құқығын, саяси еркіндігін аяққа таптап, кіндік қаны тамған жерінен, мәдениетінен, тілінен, ұлттық болмысынан жұрдай етті. Бала-шаға демей шетінен қойдай көгендеп, малша айдады. Ұлттық белгісі бойынша қуғындалған жүз мыңға жуық поляк саяси қуғын-сүргіннің құрбанына айналды.
Сол кезде аяғы ауыр әжем мен атамды да мал таситын вагонға тиеп, шығысқа жөнелт­кен. Жапан түзге әкеп тастаған. Жоқшылық заман. Соған қарамастан қазақ жұрты жатсынбай, кең құшағына алған, бауырына басқан. Жылы қабақ танытып, туғанындай қабылдаған. Татулық пен достықтың үлгісін сөз­бен емес, іспен көрсеткен. Ата-әжем өле-өлгенше қазақ халқына деген ризашылығын айтып, ақ алғысын жаудырып өтті. Жақсылығын сатпайтын, қамқорлығын аямайтын мәрт, жомарт халық деп шаң жуытпайтын. Өздерін бақытты санайтын.
Адамдар рухани құндылықтардан ажы­рап бара жатқан бүгінгідей сәтте ХХ ғасырдың зұлматын, өзгелерге өнеге боларлық қазақ халқының қиын-қыстау кезеңдегі адамгершілік асыл қасиеттерін жас ұрпақ біліп, жүрегімен сезініп өскені абзал. Алғыс айту күнінде басымызды иіп, рақметімізді айту бір-бірімізді одан әрі жақындастыра түсері анық.
Барлық қазақстандықтарға бейбітшілік, достық және өзара түсіністікте өмір сүруді тілеймін!
Валентина БАЛАЖЕНТИС. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp