«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қасиетті парызымыз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2015 жылы күнтізбемізге Алғыс айту күнінің қосылуын ұстаздар қауымы да жылы қабылдаған болатын. Біз, өскелең ұрпақ тәрбиесімен тікелей айналысатындықтан, әр мерекенің, айтулы датаның шығу тарихын талдап, мән-маңызын түсіндіріп отыруға міндеттіміз. Мәселен, сол бір зұлмат заманның келмеске кеткен ауыр зардаптарын көз алдымызға елестете отырып, тоталитарлық саясаттың ұлттарды жан-жаққа тарыдай шашып, қаңғытып жіберген нәубетті жылдарына баға беру арқылы жас буын бойына адамгершілік, қайырымдылық, туған жерді сүю қасиеттерін ұялату бүгінде ауадай қажет. Сонда ғана олар Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жете түсініп, бағалай алады.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтар алдына Тәуелсіздіктің игіліктерін жете сезіну міндеттерін қойды. Алдағы он жылда елдің жаңа келбетін және ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру ең үлкен сыйымыз болмақ. Сонымен қатар ұлт тарихында өшпес із қалдырған көрнекті тұлғалардың еңбегін насихаттаумен бірге тәлімдік, тәр­биелік мәні бар ақпараттар ұсыну көзделді. Бұл орайда ақтаңдақтар ақиқатын ашып көрсету жастар үшін қызықты тақырып болары анық. Олай дейтінім, азаттық жылдарында дүниеге келген ұрпаққа бейбіт өмір­дегі ғажайып ерліктерге, тындырымды істерге араласу өткен тарихты ой елегінен өткізуден бастау алары даусыз.
Кей өрендер заман ағымына бейімделуді өзі өмір сүрген ортасымен ғана таразылайтын секілді. Осындай жаңсақтықтардан сақтандыру үшін өткенімізге оралып, дүркін-дүркін еске салып отырған жөн. Менің ойыма Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласындағы: “Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды”, – деген пайымы оралып отыр. Бұдан шығатын қорытынды, қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғаларды, сұрапыл соғыстар мен саяси қуғын-сүргіндерді ұмытуға еш қақымыз жоқ. Ең бастысы, көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды терең түсіне білуіміз керек.
Осы тұрғыдан алғанда, яғни орыс ұлтының өкілі ретінде айтарым, қазақ халқы қиын-қыстау кезеңдерде өз басына түскен ауыртпалықтарды қайыспай көтерумен бірге репрессия, жер аудару жылдарында лажсыздан бас сауғалап келген этностарды туғанындай қабылдап, қиындықтарын бірге бөлісті. Сондықтан, алдымен қазақ жұртшылығына алғыс айту – қасиетті парызымыз.

Татьяна ЦИХАЧ,

Саумалкөл орта мектебінің мұғалімі.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp