2005 жылдан бастап елімізде қарт адамдар арасында кедейліктің алдын алудың негізгі құралы ретінде мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі енгізілген болатын. Бұл қосымша ақы зейнетақы заңнамасындағы талаптарға сәйкес зейнет демалысына шыққан азаматтарға ғана тағайындалады. Бұған дейін елімізде базалық зейнетақы барлық зейнеткерлерге бірдей мөлшерде төленетін, ал 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап төлемнің бұл түрін тағайындау әдісі өзгеріске ұшырады.
Бұдан былай базалық зейнетақының мөлшері – ынтымақты және жинақтаушы жүйеге қатысу кезеңіне сәйкес болмақ. Яғни, 1998 жылға дейiн жиналған еңбек өтiлi мен 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейiнгі (міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу кезеңдері) жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңдері есепке алынатын болады. Бұған қоса, басқа әлеуметтік маңызы бар кезеңдер – үш жасқа дейінгі балаға күтім жасау, бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі, екінші топтағы жалғызілікті мүмкіндігі шектеулі азаматты және бөгде адамның көмегіне мұқтаж зейнеткерді, сексен жасқа толған қарттарды, он алты жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі баланы бағып-күту, дипломаттардың жұбайларының шетелде тұрған, әскери қызметшілердің, әлеуетті құрылымдар қызметшілері жұбайларының жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоқ болған жерлерде тұрған кезеңдері қосылады.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жыл және одан аз немесе мүлде болмаған кезде тиісті қаржы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің (әрі қарай – ЕКД) 54 пайызы мөлшерінде тағайындалады. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жылдан артық әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға арттырылып отырады. Бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасының 100 пайызынан аспайтын мөлшерде беріледі.
Мысалы, еңбек өтілі 10 жыл және одан да аз азаматтар үшін базалық зейнетақы 0,54 ЕКД (2021 жылғы ең төмен күнкөріс деңгейі – 34302 теңге) немесе 18 523 теңгені құрайды. Әрбір келесі еңбек жылдары үшін 0,02 пайыз көлемінде ең төменгі күнкөріс деңгейінен қосылады. Түсінікті болу үшін тағы бір мысал келтірейік. 20 жылдық еңбек өтілі үшін базалық зейнетақы 0,74 ЕКД = 25 383 теңгені құрайды. Ал азаматтардың еңбек өтілі 33 жылдан жоғары болған жағдайда ең төмен күнкөріс деңгейінің 100 пайызын құрайтын болады немесе 34 302 теңге.
Әрбір мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін алушы үшін зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі айқындалатынын айтып өткен жөн. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне жасына байланысты зейнетақы төлемін тағайындауға арналған 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңге жинақталған еңбек өтілі және міндетті зейнетақы жарналары жүзеге асырылған кезеңдері қосылады.
Кенжегүл ХАМЗИНА,
Еңбек, әлеуметтік қорғау және
көші-қон комитеті Солтүстік
Қазақстан облысы бойынша
департаментінің бөлім басшысы.