«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЕРІКСІЗ КЕЛІП, ЕРКІН ӨСТІК”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңіріміздегі түрлі этнос өкілдері арасында тату-тәтті тұрып жатқан күрд бауырлар ұшқан құстың қана­ты талатын, жүгірген аңның тұяғы тозатын кең-байтақ қазақ жеріне күштеп көшіріліп, тұрғылықты халықтың мейірімі мен шапағатына бөленгендерін әсте ұмытпайды. Ол жөнінде күрдтердің “Барбанг” этномәдени бірлестігінің төрағасы Рашид Надировтың айтары аз емес.

– Менің кіндік қаным тамған жер – Түркістан облысының Бәйдібек ауданына қарасты Боралдай ауылы. Әке-шешеміз алты баласын оқытып, азамат қатарына қосты. Бәріміз де жоғары білім алдық. Ағамыз Кәзім ғылым жолын қуып, химия ғылымдарының докторы атанды. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Екі қызы қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, мыңжылдық құда болып, сыйластығымыз тіпті беки түсті, – деп бастады әңгімесін Рашид Садықұлы.
– Әке-шешеңіз де оңтүстіктің тумасы ма?
– Жоқ, әкем Садықтың, анам Санамның атамекені – Қап тауы­ның баурайы, яғни Әзірбайжан. 1947 жылы зорлап көшіру саясатына ілігіп, азапты күндерді бастан кешірген. Қазақ деген меймандос халықты жолықтырып, ес жиған, етек жапқан.
– Мағжан еліне қалай тап болдыңыз?
– Алматы медицина институтын бітіргеннен кейін жолдама­мен қасиетті Қызылжар еліне жіберді. Облыстағылар қалада қалдырсақ, бойдақ немесе жерсінбей кері кетіп қалады деп ойлады ма екен, арқамнан қағып, алдап-сулап, Сергеевка (қазір Шал ақын) ауданына шығарып салды. 7 жыл аудандық дәріхананың меңгерушісі қызметін атқарғаннан кейін облыс орталығына дәрі-дәрмек басқармасына басшылыққа ауыстым. Содан бері арада 33 жыл атқан оқтай, шапқан аттай зулап өте шығыпты. Қазақстан­ – әулетіміздің туған Отаны, атаме­кені. Кейде мен басқа жаққа ауа көшетіндей балаларымның әбден бауыр басып қалған өңірде тұра берейікші деп қиыла өтінетіндері бар. Ондай ой өңім түгіл, түсіме де енбейді. Мүлдем танымайтын, тіпті күрд деген ұлттың дүниеде барын білмейтін адамдардың қара нанды үзіп, жарты құртты бөліп берген қамқорлығын ұмыту еш мүмкін емес. Депортацияға ұшыраған жандардың ұрпағы осындай бақытты шаққа жеткені, уайымсыз атқан әр таңы үшін ризашылық білдіруі тиіс.
– Отбасында қай тілде сөйлесесіздер?
– Әрине, мемлекеттік тілде! Отбасымыз түгелдей қазақ тіліне, салт-дәстүрлеріне, әдет-ғұрыптарына жетік. Қызым да, екі ұлым да қазақ мектебіне барды. Үйдің кенжесі Нәзім домбыраның құлағында ойнайды. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде оқып жүргенде әнұранға бергісіз “Атамекен” әнін әуелете шырқап, залдағыларды орындарынан тік тұрғызғаны бар. Хакім Абайдың “Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…” деген өлең жолын әр мекеменің маңдайшасына жазып, іліп қойса артықтық етпейді. Қазақ халқының толеранттық мінезін бір ауыз сөзге сыйғыза білген ақынның ұлылығы бұл!
Мені жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орынды иеленетін қазақ ұлтының тілінің, дәстүрінің, мәдениетінің біртектілігі қайран қалдырады. Арада қаншама ұрпақ, буын алмасса да осы тектілігін жоймай келеді.
– Барлық этнос өкілдерін бір шаңырақ астына біріктіріп, біртұтас ұлт идеясына топтастырып отырған Қазақстан үшін Алғыс айту күнінің мәні неде?
– Құран Кәрімде былай жазылған: “Кімде-кім адамға алғыс айта алмаса, Алла тағалаға шүкіршілік ете алмайды”. Қазақ халқы алғысқа мұқтаж емес. Дегенмен, қиын-қыстау кездерде қолдағы барымен бөлісіп, тіпті аузындағысын жырып берген, қарны аш, киімі тозған адамдарға деген кіршіксіз таза көңілі қандай да құрметке лайық. Оны ешқандай құндылықтар ауыстыра алмайды.
Күрдтер – ірі этникалық топ­тардың бірі. ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап КСРО-да олар­ға қатысты саясат өзгере бастады. Құқықтары шектеліп, оның соңы Әзірбайжан мен Армениядағы атақоныстарынан Орта Азия мен Қазақстанға ығыстыруға әкелді. Амалсыз қоныс аударушылардың саны еселеп өсіп, жүз мыңға дейін жетті. Олардың оннан бірі Қазақстанға орналастырылды. Қарапайым еңбек адамы болса да өмірден түйгені мол әкем жарықтықтың “еріксіз келіп, еркін өстік” деген сөзі жадымда жатталып қалыпты. Менің асыл армандарымның орындалуына көп адамдар игі ықпал етті. Олар­дан көрген шапағатымды, алған тәлімімді балаларыма үнемі айтып отырамын. Әкемнің көп достарының бірі Байжігіт ақсақалдың: “Қарағым, теріскейге алыс сапарға аттанып бара жатыр екенсің. Атың барда жер таны желіп жүріп деген. Қазақстанның қай жері де – өз елің”, – деген ақ батасы жолымды ашты.
Бірде Сергеевка аудандық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы марқұм Мәркен Ахметбеков мені өзіне шақыртты. Амандық-саулықтан соң алғашқы сұрағы: “Неге үйлен­бей жүрсің?” – болды. Сосын бетіме ұзағырақ қарап отырды да: “Тезірек шаңырақ көтер. Жас отбасыға баспана жағынан көмектесуге дайынмын”, – деді. Парасатты азаматтың бір ауыз сөзі түрткі болып, ауылдағы көрші үйдің Гүлнара есімді сұлу бойжеткенімен некелестік. Мәркен аға уәдесінде тұрды. Айта берсе мұндай мысалдар көп.
Бірлігіміз нығая түссін десек, барымызды бағалай білейік дегім келеді. Мұның өзі – жердің иесі де, киесі де қазақ халқына деген терең тағзымның, үлкен құрметтің белгісі. Мен Құрманғазының күйлерінен, Шәмшінің әндерінен қа­зақ халқының ұлттық кодын танығандай боламын.
– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ.
“Soltüstık Qazaqstan”.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp