“Құсы ауған көл жетім, елі ауған жер жетім” дегендей, Суаткөл мен Ілияның да құлазып жатқанын қарашы… Иә, иә… Кеше ғана мынау үкісі бұлғақтаған шоқ-шоқ қамыс, анау айдын бұла табиғаттың ешқашан сыны бұзылмас бір берекелі пұшпағындай боп көрінуші еді. Осынау құтты мекеннің қойны мыңғырған мал мен қыбырлаған жанға толы кезде ғана солай екен ғой. Ал қазір ше? Қай жағынан көз жіберсең де ойраны шығып, құлазыған кең дала.
Суаткөлдің дөңінің үстінен шолсаң, көзге түсер көлдің күн батыс жақ бетіндегі балшық үйдің ескі жұрты ауыл өмірінің өткенін еске түсіреді. Бұл – кешегі Ұлы Отан соғысында бір аяғын беріп, туған ауылына мүгедек болып оралған майдангер Қажымұрат Омаровтың үйінің жұрты.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы бар ауыртпалық жүгі ауылда қалған қарттар мен әйелдердің, балалардың мойнында болды. Он алты-он жеті жасар жеткіншектер Сапуан Қазинұров, Ғосман Дәуленбаев, Қабдолла Хамитов, Базар Ниязов, Мырзатай Бексұлтановтар ағаларының, әкелерінің жұмысын жалғастырып трактормен жер жыртып, егін екті. Аналарымыз: Сақтай Шалабаева, Зылиха Жантаева, Жаңылдық Қарымсақова, Қамия Нұрлыбаева, Айша Бисарина, Кәукер Әбужина, Ажар Омарова, Әпитә Тапина, Айтжан Лезбаева және тағы басқалар ерлер ғана атқаратын небір ауыр жұмыстарға жегілді.
Сол қиын уақытта қан майданнан мүгедек болып оралған Қажекең де қарап отырмады. Шаруашылыққа бас-көз болды. Ұжымшар жұмысына белсене араласты. 1944 жыл Қажекеңнің отбасына үлкен қуаныш әкелген жыл болды. Үшінші ұрпағы дүниеге келді. Ұл. Қажекең ұлына ырымдап Жақсылық деп ат қойыпты. Кішкентай кезінен шаруаға қанығып өскен Жақсылық еш қиындықтан қорықпай, өзіне тапсырылған істі тыңғылықты орындауды әкесінен үйренсе керек. Жақсылықтың менен бірер жас кішілігі болса да, бала кезінен сүйекті, ірі болды. Дене бітімі, күш-қуаты нағашысы Сәбитке келіңкірейді. Онымен бала кезімізден жақсы араласуымыздың бір себебі – Жақсылық бізге (егіздей болып өскен Қайырбай екеумізге) құда бала. Әлмырза әкеміздің екінші әйелі Әмина шешеміз Қажымұраттың қарындасы.
Жақсылық Қажымұратұлының балалық шағы Ұлы Отан соғысынан кейінгі кезеңге тап келді. Қажекеңнің үлкені Мәнсүр орта мектепті тамамдағаннан кейін Алматыға оқуға кетті. Одан кейін үйдегі бас көтерері Жақсылық болса ауылдағы жетіжылдық мектепті аяқтағаннан кейін, буыны қатпастан шаруашылық жұмысына жегілді. Таңмен таласа тұрып, өгіз арбамен астық тасыды, тіршіліктің ауыр қамытын мойнына ілді. “Әкеме сүйеніш болуым керек деген ой мені ерте есейтті”, – дейтін Жақсылық.
“Жігіттің жақсысы – нағашыдан” деген сөз бекер айтылмаса керек. Жақсылықтың нағашысы Сәбит Тапин соғыстан еліне аман-есен оралып, “Амангелді” ұжымшарының атақты комбайншысы болды. Екі иығына екі кісі мінердей, еңгезердей, қою мұртты кісі еді. Ауылдың Майбалық беттегі егістік алқабында егін бітік өсті. Теңіздей толқиды. Сол егін толқынында тербеліп келе жатқан кемедей “Сталинец” комбайнның тізгінін ұстаған комбайншы Сәбит жауды жапырып келе жатқан баяғының батырларын елестететін.
Бала Жақсылықтың техникаға әуестігі нағашысы Сәбиттен жұққан қасиет қой деп ойлаймын. Әркімнің өзінің икемі бар ісі болатыны ақиқат. Жақаңның икемді ісі – техника еді. Ауыл еңбеккерлерінен елге еңбегі ерекше сіңген, ауыл тірлігін өрге сүйреген, ешкімнің ала жібін аттамаған, көмек қолын сұрағанның бетін қайтармаған, аңқылдаған ақкөңіл, жайсаң мінезді, қең қолтық, ауыл құрметтеп “Жақаң” деп атап кеткен тракторшы Жақсылық Омаров есімі бөлекше атауға лайықты азамат еді. Оның еңбексүйгіш бейнесі білетін адамдардың жадында. Жақаңда қысы-жазы дамыл болмайтын. Ауылдың көп шаруасы айналып келіп Жақсылыққа тірелетін. Әсіресе, қыс кезінде.
Жиенбай қой фермасында қыз-қыз қайнаған қызу еңбек. Жұмыс басталғанша Жақсылық “ДТ-54” бульдозерімен ауылдан үш шақырымдағы осы қой қораға және он төрт шақырым қашықтықтағы кеңшар орталығы Жамбылға апарар жолды қардан тазалауға тартады. Боранды күндері күні-түні дамыл жоқ. Кеңшар жұмысынан қолы босаған сәттерде ауыл үйлерінің есігінің алдын тазалап тастау да Жақаңның мойнында.
Халқының қажетіне жараған үлгілі еңбегі, еңбекқорлығы үкімет тарапынан лайықты бағаланды. Екі мәрте “Еңбек Қызыл Ту” орденімен марапатталды. Біздің теріскейде еңбек адамдарын жоғары деңгейде марапаттауда сараңдық бар. Әйтпесе, қысы-жазы тізе бүгуді білмейтін Жақаң “Еңбек Ері” атағына лайықты-ақ еді ғой…
Ағасы бардың жағасы бар. Жақаң жайлы әңгіме қозғағанда Мәнсүр Қажымұратұлы жайлы айтпау арымызға сын болар еді. Мәнсүр саналы ғұмырының қырық жылын шопырлыққа арнады. “Хозяйка” деп аталып кеткен машинаның рөлінен зейнет жасына дейін түскен жоқ. Ауыр сырқатты адамдарды, аяғы ауыр әйелдерді босандыруға кеңшар орталығына, немесе аудан орталығындағы ауруханаға жедел түрде жеткізетін “жедел жәрдем” Мәнсүрдің “хозяйкасы” болатын.
Жақсылықтың сыртынан сөз айтып, оның кісілігіне кейістік білдірген адамды кездестірмеппін. Бұл алыс-жақынды алаламай, құшағына түгел сыйғыза білген кең пейілінен болар. “Туған топырағының нанын жеп, қамын ойлаған әр азамат өз жағдайымен қатар халқының да мүддесін көздеуі керек қой. Кешегі тың көтеру науқаны кезінде ғасырлардың куәсіндей болған осы боз дала жөн-жосықсыз жыртылды ғой. Мына қарашы, Қырым, анау Тұрыпперлі сорының құлағы ащы, тұзды, шақат жер емес пе? Сол жерлерді де жыртып тастапты ғой”, – деп бірде мұңын өзінің үзеңгілес жолдасы тәжірибелі жүгері өсіруші Қырымға шаққаны бар.
Бір сәт өткен күндерін есіне алды. Даланың ұшы-қиыры жоқ сияқты. Шығыстан соққан самал жел шоқ-шоқ қайың тоғай аралығына егілген бітік егіннің сарғыш тарта бастаған сабақтарының бастарын ие толқиды. Сонау көз ұшында қатар келе жатқан ұзын мойын комбайндар қарауытып, көл бетінде жүзген аққу-қазға ұқсайды. Ал одан сәл әріректе көрінген қалың ағаш төңкере салған тостағандай жұп-жұмыр төбе көрінеді. Аралағаш! Қызық, жер аты да қойыла береді-ау! Арал дейтін айнала көл де, өзен де жоқ. Дөңгелене біткен қайыңды орман. Ортасы ашық, алаңқай. Қалың қайың шоқ ағаштың ортасындағы арал сияқты. Сол арал жаз айларында қой бүлдірген, ағаш шие, ешкі шиеге сыңси толады. Жақаң бала кезінде Аралағаштың бүлдіргенін, шиесін талай терген.
Осы Аралағаш дөңінде шөпшілер қосы болатын. Жаз бойы шөпшілер осы дала қосында қона жатып шөп шабады. Бұл науқанға ауыл балалары, біз де араласамыз. Техниканың тапшы кезі. Шөп шапқан жерге мая-мая етіп үйіледі. Қос басында демалған шақтарда үлкендер тарапынан небір қызықты әңгімелер айтылады. Ойындар ойналады. Балалармен әзілі-ойыны жарасқан Сапуан, Ғосман ағаларымыз “Кім бірінші?” домалап жарысу ойынын ұйымдастырады. Ойынның шарты: белгілі бір межені таңдап, тәттілерді қояды. Кім бірінші домалап жетсе, сол дәмді тағамға ие болады. Баламыз ғой. Бұл ойын бізге қызық көрінуші еді.
Өмір керуенінде қилы-қилы мезеттер мен жан желпінтер жағдаяттардың көбі бірдей жадыңда сақталмайтыны белгілі. Бірақ Жақсылық замандас жайлы жазып отырғанда мына бір сәт еске түсті. Осыдан елу жыл бұрын болған еді. Қазақ киносының жауһары “Қыз Жібек” экранға шықты. Оның алдында “Қазақ әдебиеті” газеті республика жұртшылығына “Қыз Жібек” фильмі түсірілетінін, Жібек рөліне лайықты көркі келіскен қазақтың нағыз қызы таңдалуы керектігін хабарлаған болатын. Жібектің рөліне осы лайықты-ау деген қыздардың фотосуретін жіберу сұралды.
1970 жылдың ақпан айы. Ол кезде мен Амангелді мектебінде мұғаліммін. Көрші Талпын ауылының клубында “Қыз Жібек” фильмі көрсетілмекші. Бір кездері үкімет ұжымшарларды біріктіріп, ірілендіру саясатын жүргізгені белгілі. Сол кезде көршілес үш ауыл: Амангелді, Талпын, Үлгі біріктіріліп, “Амангелді” ұжымшары деп аталды. Орталығы – Талпын ауылы. Талпын ауылында сол кезең өлшемімен қарағанда үлкен клуб бар. Біздің төңіректе “Қыз Жібек” фильмі осы клубта көрсетілмекші.
Жолды қар басқан. Екі ауылдың арасына шынжыр табанды трактор ғана қатынай алады. Жастар жағы кісі көңілін қалдырмайтын Жақаңа қолқа салдық. Жақаң оқымай қалғаны болмаса, әдебиет, ән, өнер жағын жақсы көретінін білемін. Жиын-тойларда Шәмшінің “Құрбым, жан құрбым” әнін өзіндік нақышымен әп-әдемі айтатын. Жақаң сөзімді жерге тастамады. Жұмыстан кейін “ДТ-54” тракторымен Талпын ауылына бет алдық. Клуб алды қарақұрым адам. Қыстырылып-қымтырылып кіріп, киноны көрдік. Көңіл қош. Ауылға қайтып келе жатып Жақаңнан:
– Қалай, кино ұнады ма? Бүкіл республикаға сұрау салып іздеген Қыз Жібек қалай екен? Жібектің сұлулығы көңіліңнен шықты ма? – деп сұраймын ғой.
– Қыздың сұлуларын ауылдан онша ұзап шықпаған менен гөрі бес жыл Алматыда оқып, талай қыз-қырқынды көрген өзің айтшы. Маған анау Бекежаның ұнады. Төлеген де келбетті, тұлғасы келіскен көркем жігіт екен. Қазақтың сән-салтанатын көрдім. Киіз үй қандай, ішіндегі жасаужабдығы көз қызықтырады. Киіз үйдің өзі біздің жақта қолданудан ерте шығып қалды ғой. Мына кинодан көріп, таң-тамаша болдым, – деп Жақаң сүйсінісін білдірді.
Үйге оралып, “Қыз Жібек” фильмін өзімізше “жуып”, Жақаңа рақметімді айтып шығарып салған едім. Сол оқиғадан бері де, міне, елу жылдан асты. Өтіп жатқан зымыраған уақыт. Бұл күндері Жақаң да жоқ ортамызда.
Жақаңның бүкіл өмірі туған ауылында өтті. Өмірлік қосағы Тәтиян да ауылымыздың қызы еді. Оның әкесі – ауылдың аса құрметті адамы, бүкіл саналы ғұмырын дін жолына арнаған, кешегі қызыл империя дін атаулыға қарсы шығып, “Қожаны, молданы қойдай қу қамшымен” деп ұрандатқан кезде де Алла жолынан таймаған Ғабдол Бәри. Балалары зағип әкелерін жетектеп жүріп жетілді. Үлкені Тәтиян еңбекке ерте араласты. Жұмыс талғамады. Қыстыгүні сақманшы болды. Қой қырқудың нағыз шебері атанды. Жақсылықтай еңбекқор жігітке тұрмысқа шығып, ауылдағы үлгілі отбасының бірі болды. Кезінде мүгедек әкесінің жағдайына қарайлап оқу оқи алмаған Жақсылық өз балаларының білім алуы үшін барын салды. Қыздарының ортасындағы жалғыз ұлы Жомартқа үлкен үмітпен қарайтын. “Мен өзім оқи алмадым. Балаларымның оқуға ынтасы жаман емес. Розамды мұғалімдері мақтайды, оқуға зерек дейді. Жомартым мен көрген бейнетті көрмей-ақ қойсын, оқып, бір мамандықтың иесі болып, еліне пайдасын тигізсе деп армандаймын”, – деуші еді. Әке үмітінің үдесінен шыға білген Жомарт бүгінде белгілі кәсіпкер, қазақ өнерінің жанашыры, қолдаушысы.
Жақсылық Қажымұратұлы өмір бойы тапжылмай халқына қызмет етудің үлгісін көрсеткен еңбектің нағыз қаранары еді. Бар өмірі туған ауылында өтті. Артында жақсы аты, үлгілі ұрпағы қалды. Бүгінге дейін сүрген азды-көпті өмірімде осындай еңбекқор жанды көп кездестірмеппін.
Қарақат ШАЛАБАЕВ,
ардагер ұстаз.