Мен көпбалалы анамын. Бар арманым, жатсам да, тұрсам да ойлайтыным – екі ұлым мен екі қызымды қатарынан кем қылмай өсіріп, ел қатарына қосу. Осы жасыма дейін өмірдің ащы-тұщысын біраз таттым. Тағдыр салды, мен көндім деп қол қусырып отыра бергеннен тірлік оңалмайды. Кез келген ананың тілеуі балапандарының амандығы, жарқылдап ойнап-күліп жүргені емес пе?
Шүкір, Нұрбегім Петропавл құрылыс-экономикалық колледжіне грантқа оқуға түсті. Оны бітіріп, қолқанат болуға жарап қалғанын көргенде өшкенім жанып, өлгенім тірілгендей қатты қуандым. Үйдің тұңғышы болғандықтан, менің қиналған сәттерім оның қабырғасына қатты бататын. Екі қарындасы мен інісінің келешегіне алаңдап, іштей толғаныста жүретінін сеземін. Қазір Ақтау қаласында Отан алдындағы азаматтық міндетін өтеп жүр. Айсұлу атты айдай сұлу қызым да грант ұтып алып, студент атанды. Ақжелең мен Айболат мектепте оқиды.
2016 жылдан бері пәтер жалдап, тұрып жатырмыз. Үлкенім 18 жасқа толған соң осыған дейін беріліп келген 44 мың теңге мемлекеттік жәрдемақыны төлеу тоқтатылып, тұрмыс жағдайымыз төмендеп кетті. Айгүлімнің 20 мың теңге стипендиясына қарап қалған жайымыз бар. Кей кездері пеш жағуға отын таппай қатты тарыққан кездеріміз болды. Маңайына шуақ шашып, жасаған жақсылығын бұлдамайтын адамдарды жолықтырғаныма мың да бір шүкір деймін. Қалалық “Нұр” мешітінің имамы Азамат Сәрсенов өтінішімді екі етпей уақытша жұмыс тауып берді. Отбасыма азық-түлікпен де көмектесіп тұрады.
Бірде бейтаныс адамдар хабарласып, республикалық “Харекет” қайырымдылық қорынан екендіктерін, маған баспана сыйламақ ниеттері барын жеткізгенде сенер-сенбесімді білмедім. Кейін білдім, Гүлмира Мұқанқызының бастамасымен құрылған қор бұған дейін ел бойынша 417 отбасыға тегін баспана табыс еткен екен. Оның оны қызылжарлықтарға бұйырыпты. Қордың өкілі Орхан Сейдуллахан арнайы келіп, баспана серификатын табыстағанда балаларымның төбелері көкке жеткендей болды.
Жақында тағы да Құдайға қараған адамдардың шапағатын көрдім. “Вайнах” шешен-ингуш қауымдастығының төрағасы Саип Байдуев деген азамат 200 мың теңгенің жәрдемін көрсетті. Біздің мұқтаждығымыз олардың да назарына іліксе керек. Ол сөз арасында шешен-ингуш ұлты қазақтар тарапынан көрсетілген жақсылықтарды ешқашан ұмытпайтынын, ол үшін мәңгі қарыздар екенін айтты. Сөйтсем, аштықты да, соғысты да көрген олардың Қазақстанға жер аударылғанына биыл 77 жыл толыпты. Жарты миллионға жуық адам қыстың көзі қырауда атамекенінен ығыстырылып, Қазақстанға жіберілген. Қауымдастық көптен бері жалғызілікті, көпбалалы отбасыларға, аз қамтылған жандарға, қарттарға қарайласып жүргенін айтты. Қайырымды жанның бұл әрекетінен маған емес, менің пейілі кең, жүрегі жомарт туған халқыма деген риясыз көңілін ұқтым. Кезінде менің аталарым тұтас ұлттың тағдырына алаңдап, қамқорлық қолын созса, сол жақсылықтың қайтарымын қалай өтесек деген адал әрекеттерінің өзі неге тұрады? Қайырымдылықтың қадір-қасиетін көріп, санаға түйе білу де нағыз адамгершілік!
Динара КӨШЕҒАЛИНА,
көпбалалы ана.