«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҚУШЫЛАРДЫҢ ДӘСТҮРЛІ ДОДАСЫ Қызылжар төрінде өтіп жатыр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда оқушылар арасындағы X қысқы гимназиада бастау алды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған дәстүрлі сайысқа еліміздің он үш өңірінен келген 1300-ден астам спортшы қатысуда.

Борки кентінің шаңғы базасында өтіп жатқан доданың шымылдығын облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов ашты.
– Ақиық ақын Мағжан Жұмабаев, жазушылар Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов және Иван Шуховтар туған өлкеге қош келдіңіздер. Гимназиада сайыстарында жинақтаған тәжірибелеріңіз болашақта Олимпиада шыңын бағындыруға сеп болатынына сенімдімін. Спорттық шара жас ұрпақтың саламатты өмір салтын ұстануына септігін тигізері сөзсіз. Бүгінгі доданың маңызы зор. Қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тілеймін, – деді Ғани Сақтағанұлы.
Жарыс қатысушыларына арналған Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов пен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың құттықтау хаттары оқылды. Спорт ардагері Жамбыл Тасеменов пен 2011 жылғы қысқы Азиаданың жеңімпазы Аслан Тоқпаев аталмыш доданың маңыздылығын айтып, өрендерге сәттілік тіледі.
Гимназиада сегіз спорт түрінен өтуде. Оқушылар мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, конькимен жүгіру, биатлон, президенттік қысқы көпсайыс, спорттық бағдарлау, шаңғы жарысы мен шайбалы хоккей бойынша өзара мықтыны анықтайды. Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының» бас директоры әрі жарыстың бас төрешісі Тастанбек Есентаевтың айтуынша, биылғы гимназиаданың ерекшеліктері де жоқ емес.
– Пандемияға байланысты оқушылар арасындағы дәстүрлі дода биыл еліміздің екі қаласында қатар өтуде. Нұр-Сұлтанда мәнерлеп сырғанау, шорт-трек пен конькимен жүгіруден сайыстар өтіп жатыр. Қалған 5 спорт түрі Қызылжар төрінде ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, ашылу және жабылу салтанаттары, марапаттау рәсімдері мен барлық сындар www.youtube.com арнасында және әлеуметтік желілердегі парақшаларда тікелей эфирде көрсетілуеді. Спортшылардың ата-аналары мен жанкүйерлері сайысты онлайн қарап, қолдау көрсете алады, – деді жарыстың бас төрешісі.
Елордада конькимен жүгіру спортынан сайыстар аяқталып, қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысының қыздар командасы бірінші орынға қол жеткізсе, ұлдар үздік үштікке енгенін айта кеткен жөн. Жеңімпаздар ұлттық құраманың сапына алынып, ел намысын халықаралық сайыстарда қорғайды.
Аманжол НҰРТАЗИН,
«Soltüstık Qazaqstan». 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp