Америкада алғыс айту күні 25 қарашада тойланады. Аңыз бойынша мұхиттың арғы жағындағы құрлықты отарлаушылар 1621 жылы қаhарлы қыстың құрсауында қалып, аштыққа ұшырайды. Сонда жергілікті үндістер аяушылық танытып, бірнеше күркетауық әкеліп, тамақтандырады. Мұндай қайырымдылықты басқалар да қолдап, дүйім жұрттың көктемге аман-есен жетуіне себепші болған деседі. Сол кезден бастап Жаратушыға құлшылық ету және көмек қолын созғандарға ризашылық білдіру күні ретінде тойланады. 1789 жылы Джордж Вашингтон “Ұлттық мереке” деп жариялады.
* * *
Канадада алғыс айту күні жыл сайын қазанның 2-ші дүйсенбісінде аталады. Бұл мерекені 1578 жылы Мартин Фробишердің Ньюфаундлендке көшіп келуімен орайластырады. Яғни, канадалықтар арғы аталарының Атлант мұхитын сәтті асып өтуін осы күнмен байланыстырады.
* * *
Вьетнамда және Қытайдың кейбір аймақтарында алғыс айту мерекесі қыркүйектің аяғы мен қазанның басына сәйкес келеді. Ол “Күз ортасындағы фестиваль” деп те аталады. Атаулы күнде жергілікті халық жерге жауын жіберіп, мол астық берген айдаһарға алғыс айтады екен. Бұл түнде азиялықтар айға қадала қарап, болашағын болжайды. Балаларын түрлі-түсті киімдермен сәндеп, шеруге шығарады.
* * *
Барбадоста алғыс айту күні маусым-тамыз айларында тойланады. Дәстүрлі астық жинау мерекесі үш айға созылып, карнавалдар, би марафондары, түрлі сауық кештері ұйымдастырылады. Мереке ежелден халықтың қант құрағын жинау науқанымен қабаттаса мерекеленген. Табиғат-Анаға мол астық бергені үшін алғыстарын жаудырады.
* * *
Беларус елінде Дажынкi күні қыркүйек айының соңына сәйкес келеді. Посткеңестік кезеңнің бірде-бір мемлекеті осынау егін жинау мерекесін мемлекеттік деңгейде атамаған екен. Бұл елде ауыл шаруашылығы экономиканың негізгі саласы болып есептеледі. Сондықтан мереке қалалар мен ауыл-аймақтарда кеңінен аталады. Бюджеттен арнайы қаражат бөлініп, жолдар мен Мәдениет үйлері жөнделеді. Ертеде егін жинаудың соңғы күндерінде деревнядағы ең құрметті әйел бастап орақпен егін оратын болған. Орақшы әйелдердің арасынан жебеуші әйел таңдалған. Деревняға ән айтып оралған оларды дәм-тұзбен қарсы алған.
* * *
Жапонияда алғыс айту күні 1948 жылдан бері 23 қарашада мерекеленеді. Оны “еңбек күні” деп атайды. Соғыстан кейін жұмыссыз қалған халық жұмыс берушілерге рақмет айтатын болған.