«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қилы тағдыр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қай заманда да адамдарды қиындық­тардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі мен өза­ра түсіністік. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел болатынын еске салды. Менің туған жерім де, Отаным да – Қазақс­тан. Тыныштық пен тұрақтылықты басты құнды­лыққа айналдыра білген елдің азаматы екенімді мақтан тұтамын.

Жасыратыны жоқ, жас буын тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың тыныс-тіршілігі жайлы жете біле бермейді. Мен өзім ол жөнінде нағашы әжем София Пактың аузынан естігенде денем мұздап сала беретін. Корейлерді 1937 жылы Қиыр Шығыстан депортациялау науқаны басталғанда әжемің анасы алғашқы лекпен Солтүстік Қазақстан даласына келген. Бұл жаққа мал таситын вагондарға тиеп жөнелткен. Жапан түзде алғаш қазақтарды кезіктірген. Олар болса, ежелгі таныстарындай жарқылдай қарсы алып, жылы-жұмсағын ауыздарына тосқан. Саманнан баспана соғуға жәрдемдескен. Үй-күйі жоқтарын жандарына алып, құдайы қонағындай күткен. Сақылдаған сары аязда тоңып, үсіп қалмас үшін теріден киім тігуді үйреткен. Ұлы әжемнің естелігінен бір ұққаным, депортациялаудан кейінгі қудалау Сталин өлгенге дейін жалғасқан. 1953 жылдан бастап қана қатаң бақылау босаңсып, 1956 жылы өзге халықтармен бірге корейлерді де саяси қуғын-сүргін құрбандары ретінде тану жөнін­де құпия қаулы шыққан. Осы уақытта ассимиляцияға ұшырап, тілін де, мәдениетін де ұмыта бастаған. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық ерекшеліктерінен айырылуға шақ қалған.
Мен жасы сексенді еңсерген Роза Ивановнаны жақсы білемін, араласып тұрамын. Ол – облыстың құрметті азаматы, белгілі ғалым, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да бірінші проректор қыз­метін атқарған Феликс Симнің зайыбы. Бұл кісілердің әке-шешелерін де туған жерден үдере көшуге мәжбүр еткен. Қоныстанушылар деген мәртебе алғанымен, жазбаша рұқсатсыз елді мекеннен бір шақырым алыс ұзауға тыйым салынған. Оқу орындарына қабылдамаған. Сайлау, сайлану құқығы болмаған.
Мемлекет басшысы айтулы мереке кезінде атқарылатын шаралардың дені жастарға арналатынын, сондықтан рухани серпіліс әкелу қажеттігін қадай айтқан. Алғыс айту күнін қазақ халқының ізгі қасиеттерін білу, бағалау мерекесі деп ұққан ләзім.
Евгений КИМ,
“Қоғамдық келісім” КММ-нің маманы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp