Қиын-қыстау уақытта қазақ жерінен пана тауып, ұлтымыздың мейірімі мен қонақжайлығына тәнті болған сан түрлі этнос өкілі жыл сайын Алғыс айту күнінде жергілікті халыққа ризашылығын білдіруді дәстүрге айналдырған. Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін бұл мереке биыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде аталып өтті. Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов қатысқан салтанатты шарада бірлік пен татулықты ту етіп, бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан этнос өкілдері ата-бабалары кешкен тарихи сәттерді тебірене еске алды.
Жиында Ғани Нығыметов тағдырдың жазуымен көптеген этнос өкілдері елімізге күштеп қоныстандырылған кезде қазақтардың қонақжайлық танытуы ерлікпен пара-пар болғанын атап айтты.
– 1930-40 жылдары елімізде ашаршылық, қуғын-сүргін сияқты нәубеттер орын алып, көптеген адам зардап шекті. Миллиондаған қазақ қырылған тұста елімізге поляк, корей, ингуш сияқты этностарды күштеп қоныстандыру жүргізілді. Ең алдымен Қиыр Шығыстағы корейлер, Повольжедегі немістер, Кавказ халықтары өздерінің тарихи Отандарынан көшуге мәжбүр болды. 5 миллион адам «АЛЖИР», «Қарлаг», «Степлаг» лагерлеріне жер аударылды. Сол кезде қазақ халқының мейірімділігі мен кеңпейілділігінің арқасында мыңдаған адам өлімнен аман қалып, уақыт өте келе Қазақстанды екінші Отаны ретінде қабылдады. Қазір бәріміз тағдырдың жазуымен бір елде, бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатырмыз. Жастар «алғыс» сөзінің мән-мағынасын жете ұғынып, өз елінің тарихы мен мәдениетін білетін толыққанды тұлға болуға ұмтылулары керек, – деді Ғани Сақтағанұлы.
Бүгінде бейбітшілік пен қоғамдық келісім еліміздің басты құндылығына айналған. Қазақстан халқы Ассамблеясы қанатының астында 130 этностың тілі мен ділін, тарихы мен мәдениетін жаңғыртуды мақсат тұтқан 800-ден астам қоғамдық бірлестік жұмыс істеуде. Этномәдени бірлестіктер бірлік пен татулықтық сақталуына ұйытқы болуымен қатар, қайырымдылық, медиация, әлеуметтік көмек, ұлттық мерекелерді насихаттау секілді бағыттарда белсенділік танытып отыр. “Коперник” облыстық поляк мәдени орталығы” қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Валентина Корнева 1996 жылдан бергі уақыт аралығында этномәдени орталықтар бағыт-бағдарын айқындап, рухани және тарихи құндылығымызды дәріптеп қана қоймай, ішкі бірлікті сақтауда ілкімді істерді атқарып отырғанын жеткізді. Бүгінгі таңда өңірімізде мыңдаған поляк этносының өкілі қазақтарға ризашылығын білдірумен келеді.
Бұдан бөлек, жиында «HANGUG QAZAQSTAN» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алексей Хан, «Видергебурт” неміс мәдени орталығы” қоғамдық бірлестігінің өкілі Евгений Райтенбах және «Дуслык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Наиль Абраев сөз сөйлеп, қиын кезде ата-бабаларына қолдау білдірген қазақ халқына алғыс айтты.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.