«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Чемпиондар ұстаханасы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жыл сайын өсіп келе жатқан облыс орталығының көркіне қарап, еріксіз сүйсінесің. Егемендік жылдары жаңадан бой көтерген әсем ғимараттар шаһардың ажарын ашып тұрғандай. Сондай нысандардың бірі – “Жас өркен” шағынауданында салынған Спорт сарайы.

Тәуелсіз елде тыныштық орнаған уақытта өңір тұрғындарының бұқаралық спортқа деген ықыласы арта түсті. Сондықтан спорт мектептері мен басқа да үйірмелердің жаттығу залдары тарлық ете бастағаны анық еді. Осыны ескерген облыс басшылығы 2014 жылдың маусымында үлкен құрылысты қолға алып, 2015 жылдың күзінде мұз айдыны және жеңіл атлетика манежі бар Спорт сарайының есігін айқара ашты. Ел болып күткен, өңір спортына үлкен серпін берген ғимараттың жалпы аумағы – 14915,1 шаршы метр.

Спорт сарайының жобасы бойынша мұнда негізгі үш блок – жеңіл атлетикалық манеж, мұз айдыны және “Олимп” облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі орналасқан. Бүгінде ғимаратта бірнеше зал жұмыс істеп тұр. Бұл жерде балалар волейбол, шайбалы хоккей, велоспорт, коньки тебу, шорт-трек, гір көтеру, шағын футбол, еркін және грек-рим күресі, дзюдо, бокс сияқты спорт түрлерімен еркін шұғылдана алады. Көркем гимнастика, акробатика залдары да жұмыс істейді. Бірегей спорт нысанында жеңіл атлеттерге арналған жүгіру жолдары, үш қарғып секіру секторы орнатылған. Жеткіншектер 30-ға жуық жаттықтырушының қарамағында спорттың қыр-сырын меңгереді. Әмбебап спорт залдарында бұған дейін тар жерлерде қысылып-қымтырылып келген жергілікті балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінің тәрбиеленушілеріне жан-жақты жағдай жасалып отырғандығын мақтанышпен айтуға болады.

Спорт сарайының директоры Александр Надобенко атап өткендей, нысандағы 1020 жанкүйер тамашалай алатын орны бар мұз айдыны – өңір мақтанышы. Оның жалпы ауданы 2383,2 шаршы метрді құрайды. Мұз айдыны туралы қалам тербегенде “Құлагер” хоккей клубына тоқталмай өту мүмкін емес. 2015 жылдың көктемінде облыс басшысының бастамасымен құрылған команда бұған дейін Теміртау мен Көкшетаудың мұз айдындарын жалға алып жүрген. Енді, міне, жарқырап жатқан жабық мұз айдынына жайғасты. Ал жанкүйерлер болса, сүйікті командасының жаттығулары мен ел біріншіліктеріндегі жарыстарды тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Мұз айдынында легионерлермен қатар клубтың жас тәрбиеленушілері де жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүр.

– Спорт сарайында қазіргі таңда жаттығулар мен түрлі жарыстар ұйымдастырылуда. Дегенмен, коронавирус пандемиясына байланысты сайыстар көрерменсіз өтуде. Үйірмелердің бағасы қолжетімді. Залдар спортқа ден қойған жастардан еш босап көрген емес, – дейді Александр Надобенко.

2020-2021 жылдары спорттық нысанда шайбалы хоккейден ел біріншілігінің ойындары, волейболдан әйелдер командалары арасында ел біріншілігінің кездесулері, дзюдо, шорт-трек, көркем гимнастика турнирлері сияқты үлкенді-кішілі спорттық шаралар өтті. 2016 жылы облысымызға келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев спортпен айналысамын дегендер үшін барлық жағдай жасалған осынау ғимаратқа арнайы ат басын бұрып, жергілікті спорт майталмандарымен жүздесіп, әсем ғимаратқа риза болғаны көңілімізді жадыратты.

Былтыр наурыз айында “Олимп” облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ашық біріншілігі өтіп, мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ге жуық спортшы жиналды. Ал үстіміздегі жылдың басынан бері еркін күрес пен дзюдодан біріншіліктер ұйымдастырылды. Осы мектептің спортшысы Александр Панов бокстан кадеттер арасында өткен ел біріншілігінде 3-орынды иеленді. Ақтау қаласында еркін күрестен өткен республикалық турнирде Арис Харачиди – жеңімпаз, Никос Харачиди 3-орын иегері атанды. Ал Өскеменде шорт-тректен өткен ел біріншілігінде Максим Саенко үздік үштікті түйіндеді. Осы жеткіншектердің жетістікке жетуіне спорттық нысанымыздың залдары мен жабдықтары септігін тигізгеніне қуаныштымыз.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp