Әрбір адам үшін отбасынан алған тәлім-тәрбиенің маңызы зор. Шыр етіп дүниеге келген сәби ата-анасының мейіріміне бөленіп, бақытты балалық шақтың дәмін татып, айналасына еңбекқор жан, сүйікті жар, қадірлі азамат болып танылса, оның одан арғы өмірі де жарқын бола түсері анық. Жүрегі нұрға толы, әрбір ісі мен сөзі жанға жылу беретін адамдардың тіршіліктегі басқан әр қадамы өзгелерге де бағыт-бағдар беретіндей күшке ие. Қоғамымызда мұндай теңеулерге лайықты, бүгінгі күні адал ұрпақ өсіріп, ортасына сыйлы болып отырған жұптар аз емес. Солардың бірі – Әлихан Рақымжанұлы мен Әдия Баймұқанқызы Алпысовтар.
Отбасылық өмірге бірге қадам басып, тағдырдың ыстығы мен суығына төзе білген жандардың жүріп өткен жолы кімді де болсын бейжай қалдырмайды. Салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, бүгінде немере-шөбере сүйіп отырған ерлі-зайыпты Алпысовтар бар ғұмырын еңбекке арнады. Сонау 1971 жылы шаңырақ құрған олар облыс орталығында түрлі қызметтерді атқарды. Отбасының тірегі, отағасы Әлихан Рақымжанұлы “Уралнефтегазстрой” кәсіпорнында қызмет етіп, кейін зейнет жасына жеткенге дейін сауда саласында жұмыс істеді. Тәуелсіздік алған тұстағы қиыншылықтар кезінде де еңбектен қол үзген емес. Ауылда туып, қалаға ерте келген ол өзге этнос өкілдері шоғырланған ортада қазақи болмысынан ажыраған жоқ.
Балаларына бабалар өсиетін өнеге етіп, дұрыс бағыт-бағдар беруге тырысатын шаңырақ иесінің өмір бойғы адал жары, сенімді серігі Әдия апамыз да еңбекпен келген нанның тәтті болатынын ерте кезден түсінген. Ол 9 жасында әкесінен айырылып, мектеп бітірісімен Ленин атындағы зауытқа бақылаушы болып орналасады. “Отбасындағы тәрбиенің өзегі баланы еңбекке баулудан бастау алуы керек. Менің әкем Баймұқан Жетпісов – екі бірдей соғысқа қатысқан адам. Көзі тірісінде ауылда жауапты қызмет атқарып, айналасына сыйлы бола білді. Жуырда Ресей архивтерінің бірінен оның кешегі қанды майданда “Қызыл Жұлдыз” орденімен марапатталғаны туралы құжатын іздеп таптық. Кейін бейбіт заманда да әкеміз жақсы істерімен танылып, шаруашылық жұмысына белсене араласты. Балаларының болашағын ойлап, облыс орталығынан үй салып, енді қызыққа кенелемін деген шағында кенеттен қайтыс болды. Оның атына кір келтірмеу, бізге берген тәрбиесіне қиянат етпеу менің өмір бойғы ұстанымым еді. Әкем бақилыққа аттанғанда ең кіші сіңлім екі айлық нәресте болатын. Анам 7 баламен құрылысы бітпеген үйде тұрып, көп қиындық көрсе де, бізді жетімсіреткен жоқ”, – деген қария ата-анасының үмітін ақтау жолында аянбай тер төккенін жеткізді. Сөйтіп, еңбек жолында қарапайым жұмысшыдан бухгалтер, бас бухгалтер қызметтерінде табан аудармай 42 жыл еңбек етті. Кеңес өкіметі тұсында 1 жарым мың қызметкері болған “Оңтүстік Орал темір жолы” кәсіпорнының өңіріміздегі филиалында басшылық қызметке дейін көтерілді. Тұрғындар арасында ОРСНОД-4 деген атаумен танылған бөлімшенің бас бухгалтері қызметін атқарып жүрген тұсында түрлі мадаққа ие болып, ұжым ілтипатына бөленген.
Бүгінде ардагерлер қатарына қосылған аға ұрпақ өкілдері замандастары жайлы: “Әдия Алпысова – ұжым арасында зор ілтипатқа бөленген жан. Ол еңбекқорлығының, табандылығының, жауапкершілігінің арқасында қарапайым жұмысшыдан басшы қызметіне дейін өсті. Өз ісіне деген ұқыптылығы тамсандырмай қоймайтын”, – дейді. Сол кезді абзал ана да зор тебіреніспен былай деп еске алды: “Өзге ұлт өкілдерінің арасында қызмет еткен тұсымда өзіме артылған бар міндетті ерекше ықыласпен атқаратынмын. Сол арқылы қазақ қыздарының кез келген жұмысты тиянақты орындауға талпынатынын дәлелдегім келді. Біраз жылдар бойы темір жол бойында орналасқан дүкендердің есеп-қисап жұмысына бақылау жасадым. Еңбегім еленіп, ұжым алдында мерейім үстем болған кездер аз болған жоқ. Қанша жетістікке жетсем де, қарапайымдылықтан, адамгершілік пен кішіпейілділік ауылынан алыстағаным жоқ”.
Кейін кәсіпорын жабылған тұста темір жол бойындағы дүкендердің бірінде саудамен айналысуға ден қойғанымен, Әдия Баймұқанқызы жеке кәсіп жүргізуден гөрі жаны ұжымдық жұмысты қалайтынын түсініп, 2000 жылдардың басында мемлекеттік қызметке ауысады. Қалалық ішкі саясат бөлімінде жауапты қызмет атқарып, осы жерден зейнет демалысына шығады.
Жұбайымен 50 жыл тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан абзал ананың қабырғасын қайыстырып, етегін жасқа толтырған сәт те аз болмапты. 2011 жылы кенеттен Гүлнәр есімді тұңғыш перзентінен айырылып қалады. Олар қарапайым хатшыдан облыстық соттың судьясы қызметіне дейін көтерілген марқұм қыздарының үш перзентін қолдарына алып, бағып-қақты. Екеуі бар қиыншылықты жеңе отырып, бүгінде Айдархан есімді жиенін үйлендіріп, жеке отау қылып шығарды. Айдана есімді немерелерінің Нұр-Сұлтандағы Қазақ заң академиясына оқуға түсуіне көп жәрдемдесті. Ең кішісі мектеп оқушысы, бүгінде әкесімен бірге тұрады. Екінші қыздары Майя болса, Нұр-Сұлтан қаласында Білім және ғылым министрлігінде жауапты қызметте.
Жаратқаннан ұрпағының бақытын тілеп жүрген жандар 2005 жылы қажылыққа барып, мұсылмандық парызын орындады. Әлихан Алпысовтың әкесі Рақымжан өз заманында туған ауылында мешіт салып, көптеген ауылдастарына дәстүрлі дінді насихаттаушы ретінде танылған. Бүгінде олар да отбасындағы осы дәстүрдің ізімен имандылыққа бет бұрып, үрім-бұтағына адал, ибалы, шүкіршіл болудың маңыздылығын ұғындыруда.
Толассыз жұмыс, қайнаған еңбектің ортасында жүруге әбден машықтанған Алпысовтар қашан да айналасындағыларға шарапатын төгіп, қол ұшын беріп жүреді. Әріптестері ғана емес, ағайын-туыстары, құда-жекжаттары мен жолдас-жоралары қос азаматтың адал еңбек жолына куә. Ер-азаматының жетістіктерге жетіп, өз ісінің білгірі болуына қолдау көрсеткен Әдия Баймұқанқызының еңбегі өлшеусіз дер едім. Шаңырақтың анасы отағасына сүйікті жар ғана емес, іскерлік көмекшісі де бола білді, балаларының тәрбиесіне де көңіл бөліп үлгерді. Бүгінде олар отбасылық өмірдің жарты ғасырлық белесіне үлкен абыроймен көтеріліп отыр.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.