XIX ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген суырыпсалма ақын, әнші, сазгер әрі халық батырларының бірі Сегіз сері (Мұхамед Қанафия) Бахрамұлының ұрпақтары қалдырған мол мұра бүгінге түгел дерлік жетті деп айта алмаймыз. “Қылышпын қынабынан алынбаған, Алтынмын таразыға салынбаған. Ашамайлы Керейдің ер ұлымын, Бейнебір жанған оттай жалындаған”, – деп өзі жырлағандай, ол ерте жасынан елге танылып, серілердің атасы атанған халқымыздың даңқты ұлдарының бірі. Әншінің осындай қабілеті ұрпағына да дарыған. Бүгінде халық әні деп айтылып жүрген “Қамажай” туындысын жерлес бабамыздың тұңғыш ұлы Мұстафаның шығармасы деп топшылаймыз.
Сегіз серінің шежіресі бойынша оның Ырысбике деген жарынан туған Мұстафа, Мұсабек, Мұсайып, Мұсажан, Мұсахан, Мұсағұл, Есболған есімді 7 ұлы және Бибізара атты жалғыз қызы болыпты. Олардың ішінде Мұстафа, Мұсайып пен Бибізарадан ұрпақ тараған.
Мұстафа Сегізұлы 1840 жылы туып, 1899 жылы қайтыс болған. Ел ішінде мұндай есімге ие азаматтар көп болған соң, ел-жұрт ақынның ұлын “Сегіздің Мұстафасы”, “Батыр Мұстафа” деп атап кеткен. Ержеткен кезінде бабамыз атақты қайын ағасы Сыздық сұлтан Кенесарыұлының қасында болып, орыс армиясына қарсы соғысқа қатысқан. Сұлтанмен туыстығын айтсақ, Мұстафа Кенесарының інісі Наурызбай сұлтанның жалғыз қызы Меңсұлуды жар еткен. Кенесары қайтыс болғаннан кейін балаларының ішінде оның жолын жалғастырып, Қоқан хандығы әскерлерінің құрамында орыс армиясымен соғысты жалғастырған Сыздық сұлтан екенін тарихтан жақсы білеміз. Ал Мұстафа Сыздықтың түрлі жорықтарда жолсерігі, сенімді батырларының бірі болған.
1877 жылы қолынан жарақат алған Сыздық: “Енді патша үкіметімен күресуге шамам жоқ”, – деп орыс өкіметіне өз еркімен беріліп, Мұстафаны туған елі – Гүлтөбе Маманай жеріне қайтарады.
Мұстафа – әкесі Сегіз сері сияқты батырлығымен қоса, әнші, сазгер, қобызшы, домбырашы, ақын-жыршылығымен көзге түскен. Ол нағыз салдық-серілік құратын уақытында қайын ағасы Сыздықпен бірге әскери жорықтарда жүргендіктен, сегіз қырлы, бір сырлылығын көрсете алмай қалса керек. Десек те, алғашқы әнін ғашық болып қосылған Меңсұлуға арнап шығарғанын білеміз. Одан кейінгі жарына арнап “Кербесті”, “Қамажай” әндерін тудырды. Бір өкініштісі, бүгінде бұл туындылары оның өз атынан емес, халық әндері деп беріліп жүр.
Мұстафа Меңсұлудан кейін Омбы өзенінің Ертіске құяр сағасында тұратын Қамажай Достанқызына үйленеді. Қамажайдан Келден, Кеген, Мерген есімді үш ұл туған, алайда, олар жас кездерінде ауырып қайтыс болған. Осы жарына арналған атақты “Қамажай” туындысы да оның өзге шығармалары сияқты халықтың сүйіп тыңдайтын әніне айналды. Ел арасында дәл осы “Қамажайдай” кең тараған және тең келер ән кемде-кем екеніне ешкім таласа қоймас.
Аталмыш әннің авторы Мұстафа екенін мынадай дерек те дәлелдей түсері сөзсіз. Қазақ ән өнерін зерттеуші және осы саланың білгірі Жәнібек Кәрменов “Халық әндері мен халық композиторларының әндері” атты жинағында туынды тарихы туралы былай деп жазады: “Мұстафа Сегізұлы Бахрамов қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданына қарасты Гүлтөбе Маманай деген жерде туған. Әкесі Сегіз сері елге атағы жайылған әнші, ақын болған. Мұстафа әке жолын қуып, ән шығарған, қобыз, сыбызғы тартқан. Көлемді толғаулар, дастандар жазған. Бірақ олардың көбі бізге жетпеген. Соңғы табылған деректерге орай ел ішінде кең тараған, “халықтікі” аталып жүрген “Қамажай” әнін Мұстафанікі дей аламыз”.
Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,
күйші.
Қамажай
Басында Қамажайдың бір тал үкі,
Айрылып Қамажайдан болдым күлкі.
Айрылып Қамажайдан отырғанда,
Келеді қай жерімнен ойын-күлкі.
Қайырмасы:
Ахау хайлилайым, лилилайым,
Қамажай, қалдың кейін, сәулетайым.
Қолында Қамажайдың алтын жүзік,
Қамажай отыр ма екен көзін сүзіп.
Көрмесе жарты сағат тұра алмаушы еді,
Апырм-ай кетті ме екен күдер үзіп.
Қайырмасы:
Ертістің жағалауын жағалаймын,
Мұз болса көк бестіні тағалаймын.
Үш топтан таңдап алған Қамажайым,
Өзіңді тоқсан қызға бағалаймын.
Қайырмасы:
Мал жақсы жылқы деген бағып жүрсе,
Мойнына үкі-тұмар тағып жүрсе.
Ішінен бір жорғаны таңдап мініп,
Аулына Қамажайдың барып жүрсе.
Қайырмасы.