«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Түркияда тегін оқиды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығындағы “БЭСТ” гимназиясының 11-сынып оқушысы Тоғжан Ахметова қайыңның қабығынан алынған бетулиннің емдік қасиеттерін зерттегені үшін Түркияда өткен BUCA IMSEF халықаралық ғылыми жобалар байқауында алтын медаль жеңіп алды. Бұл зерттеуді ол Оқушылар сарайының химия-биология үйірмесінің мұғалімі Әлия Хамитхожаеваның жетекшілігімен екі жылға жуық жүргізді.

Талапты қыз болашақта дәрігер болғысы келеді. Бірақ мектепте химия пәнін түсінуде қиындықтар туындағандықтан, Оқушылар сарайындағы химия-биология үйірмесіне жазылуға асықты. Өйткені, медициналық жоғары оқу орнына бұл пәнді білмей түсу мүмкін емес. Әлия Хамитхожаеваның айтуынша, аталмыш үйірмеге 100-ден астам бала тартылған, мұндағы сабақтар мектептегіден мүлдем өзгеше.

– Бұрын жаңа тақырып бірнеше сабақ бойы түсіндіріліп, теориядан бөлек практикалық эксперименттер міндетті түрде физикада да, химияда да жүргізілетін. Қазір мектепте әр сабақта дерлік жаңа тақырып оқытылады, практикалық эксперименттерге уақыт жоқ. Сондықтан балаларда химия, физика, биология сияқты ғылымдарға деген қызығушылығы азаяды, – дейді Әлия Серікқызы.

Оқушылар сарайының үйірмелерінде мұғалімдер осы қызығушылықты оятуға тырысады. Бір тақырыпты бір-екі апта ішінде талдап, білімді практикалық, зертханалық тәжірибелермен нығайтады. Бұл ретте зертханалар жақсы жабдықталған және әртүрлі эксперименттер мен зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Солардың бірі – өсімдіктердің пайдалы қасиеттерін, атап айтқанда, бетулинді зерттеу және оны косметикалық композициялар мен медициналық препараттарды жасауда қолдану.

– Бетулин және оның пайдалы қасиеттері ғылымға бұрыннан белгілі. Біздің ата-бабаларымыз қайыңның қабығынан ыдыс-аяқ жасағаны бекер емес, ондағы өнімдер қарапайым заттарға қарағанда әлдеқайда ұзақ сақталған. Бетулинді қабықтан алу әдісі қарапайым және кез келген мектептің зертханасында қолжетімді. Яғни, қайың қабығын шыны ыдысқа арнайы еріткішпен орналастыру жеткілікті, содан біраз уақыттан кейін оның төменгі жағында ақ түсті кристалды зат – бетулин көрінеді”, – деп түсіндірді Тоғжан Ахметова.

Аталмыш экспериментке Әлия Хамитхожаевамен бірге М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің доценті Марианна Лежнева жетекшілік етті. Зерттеу екі жылға созылып, дайын өнімдерді – майларды, тұздарды, кремдерді, ұнтақтарды және бетулин қосылған косметикалық майлардың сығындыларын сынау уақыты келіп жетті.

– Бұл препараттардың барлығы қаладағы сұлулық салондарының бірінде сыналды және әсері оң болды. Экспериментке қатысушылар аллергиялық реакциялардың жоқтығын, бет әжімдерінің азаюын, терінің тегістелуін, ультрафиолет сәулелерінен қорғайтынын және бетулинмен тұзды ваннаның тыныштандыратын әсерін байқағандарын атап өтті, – дейді Тоғжан Ахметова.

Байқауға келер болсақ, үйірме мұғалімі Түркиядағы сайыс туралы интернеттен біліп, Тоғжанға бақ сынауға қолқа салған. Онлайн форматта өткен байқауға 120 елден 160 жоба келіп түсті. Әрбір қатысушыға жобаны қорғауға он минут қана уақыт берілді. Соның жеті минутында қыз-жігіттер өз жобаларын таныстырса, қалған үш минутта қазылар алқасының сұрақтарына ағылшын тілінде жауап берді. Француз және ағылшын тілдерін жетік меңгерген қызға сұрақтар қиынға соқпады. Нәтижесінде сындардан сүрінбеген Тоғжан “Химия” аталымы бойынша топ жарды. Онымен бірге Араб Әмірліктері мен Әзірбайжаннан қатысушылар жеңіс тұғырынан көрінді.

– Сайыс, шамамен, бір аптаға созылды және “Zoom” қосымшасында өтті. Мен онда бірінші орын аламын деп ойламадым. Бастысы, қатыссам болды деп жүрген едім. Бірақ алтын медальдың иегері атанғанымды естіген кезде қуанышымда шек болмады. Түркияға тегін оқуға шақырды”, – дейді қуанышымен бөліскен жеңімпаз.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

СУРЕТТЕ: Т. Ахметова.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp