Аққайың ауданы Лесное ауылдық округінің әкімі Қайрат Бабақовпен сұхбаттасып отырмыз. Әңгіме төркіні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласына қарай ауысқанда жаны жадырап, жаздай жазылып сала берді. Қазақи ортада тәлім-тәрбие алып, мектепті ана тілінде бітірген азаматтың сөз саптасынан, ойлау жүйесінен ел өміріндегі саяси мәселелер бейжай қалдырмайтынын, зердесіне тоқып, өзіндік ой қорытып отыратынын аңғардық.
Әкімдік қызметтің екі шылбыр, бір тізгінін ұстаған он бір жылға жуықтаған өмірлік тәжірибесінен жергілікті жерлерде өрелі өзгерістерді орнықтыруда ауылдық округтердің әлеуеті зор екенін санасына мықтап түйген секілді. Оның пайымынша, ол үшін белсенді іс-әрекеттер мен ұйымдастырушылық қарым-қабілетті ортақ арнаға бағыттай білу керек. Сонда тұрғындардың өмір сапасын жақсартудың кез келген мүмкіндігі өз жемісін бермей қоймайды.
– Қасым-Жомарт Кемелұлы биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толатынын, бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттілігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес екенін атап өтті. Кей халықтар бір ғасырлық даму тарихында ештеңе тындыра алмай жатса, Қазақстанның жүріп өткен жолы ұлағатты істерге, жасампаз жетістіктерге толы. Президент Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөлгенімен, әрқайсысының көтерер өз жүгі бар. Егемендіктің елең-алаң шағындағы еңсені езіп, есеңгіретіп жіберетіндей қиын кезеңдерді аға ұрпақ жақсы біледі, – деген ол Дайындық ауылын мысалға келтірді. Ленинское кеңшарының бір бөлімшесі болған бұл елді мекеннің қарызы 10 млн. рубльден асып, құрып кетудің аз-ақ алдында тұрғанда жерлестерінің қолқалауымен Біржан Шаймерденов басшылыққа келген. Кейін, ауылдың жұлдызы қайтадан жанған. Әкімнің айтуынша, Дайындық тұрғындары қаладағыдан кем өмір сүрмейді. Әр үйде ыстық, суық су, орталықтандырылған жылу жүйесі бар. Жолдар асфальтталып, мектептің айналасы абаттандырылып, соғыс ардагерлерінің құрметіне ескерткіш орнатылды. Жаңа жұмыс орындары ашылып, 40 адам еңбекке орналасты. Орташа еңбекақы 170-190 мың теңге мөлшерінде.
Бүгінде Лесное ауылдық округіне қарайтын Ленинское, Рублевка, Дайындық ауылдарында 430 үй бар. Ауыз толтырып айтатын табыстардың бірі – “Ақ бұлақ” бағдарламасы аясында Ленинское елді мекенінің барлық үйлерінің аулаларына дейін тіршілік көзінің жеткізілуі. Әр отбасы қосалқы шаруашылықпен айналысады. Бұрынғы жылдарға қарағанда мал басы көбейіп, ірі қара – 2 мыңға, жылқы – 2500-ге, қой 3500-ге дейін өскен. “Оңтүстіктен – Солтүстікке” бағдарламасының аясында келген отбасылар да шаруаларын дөңгелетіп отыр.
“Ростан” – ауылдық жерлерде сүт өңдеумен айналысатын облыстағы жалғыз кәсіпорын. 1965 жылы Қиялы май зауытының бөлімшесі ретінде ашылған. 1998 жылы жеке кәсіпкер Владимир Ростовщиков жеке иелігіне сатып алған. Директордың орынбасары Жәнібек Ғабдуллин Тәуелсіздіктің екінші онжылдығында бой көтерген зауыттың жетістіктерін санамалап берді. Тайынша, Аққайың, Қызылжар, Мамлют, Есіл аудандарынан 15-16 тонна сүт қабылданып, күніне 5-6 тонна сарымай, ірімшік, майсыз ірімшік, балқытылған ірімшік түрлері шығарылады. Жазға салым өнім мөлшері 35-40 тоннаға дейін ұлғаяды. Өндірілген өнімнің 80-90 пайызы Ресейдің Омбы, Екатеринбург, Түмен, тіпті, Владивостокқа дейін экспортталады. Шетелге жөнелту тиімді. 1 килограмм сарымай ішкі нарықта 2500 теңге тұрса, Ресейде 3500-4000 теңгеден айналады. Барлығы 50 адам жұмыспен қамтылған.
– Тағы бір шағын зауыт салынуда. Онда йогурт, айран, сүт әзірлейміз. Тәуліктік қуаттылығы 5 тоннаға жетеді, – деді зауыт директорының орынбасары Жәнібек Ғабдуллин.
Аралағаш ауылдық округінің әкімі Береке Сәдуақасов өз сөзін “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің бұрынғы директоры, Қазақстанның Еңбек Ері, даңғайыр диқан, білікті басшы Геннадий Зенченконың тұрғындарға жасаған жақсылығын айтудан бастады. 2001 жылдан бастап аралағаштықтар пай үлестерін осы шаруашылыққа бергелі көздері ашылыпты. Мектептегі 106 оқушыны күніне бір мезгіл тегін тамақтандырады. Былтыр Рублевкадағы 204 бала да осындай қамқорлыққа алыныпты. “Иван Зенченко” ЖШС-і 15 млн. теңгеге медициналық қосын мен әкімдік ғимаратын, мешіт үйін жөндеп беріпті. Рублевкада 600 сиырға арналған тауарлы-сүт фермасын тұрғызып, 45 адам жұмыспен қамтылған. 2019 жылы ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламасы бойынша 23 млн., былтыр 16 млн. теңге несие алған. Екі кооператив құрылып, сүт жинаумен шұғылданады.
Ел еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымыз көтерілген беймарал шақта “Оңтүстіктен – Солтүстікке” мемлекеттік бағдарламасы арқылы осы ауылға ат басын тіреген Мұхтар Әуезхановтың ісі керемет сүйсінтті. Алдымен ағасы Самат 2004 жылы әйелі мен 7 баласын ертіп, Өзбекстаннан оралман ретінде көшіп келген.
– 2017 жылы тәуекелге бел байлап, Аққайың ауданын таңдадық. Бастапқыда 6 баламен орналасу қиындау болғанымен, кейін үйренісіп кеттік. Қазақстанның қай қиыры болсын өз атамекеніміз. Әйелім клубта істейді. Өзімнің шағын шаруа қожалығым бар. 40-50 қой, азын-аулақ жылқы өсіремін, 500 үйректі, 100 күркетауықты сойып, сатып, пұл қылдық. Жазда бір бие сауып, қымыз ашыттық, – дейді еңбек десе ерінбейтін жан. Осы бағдарлама бойынша көшіп келгендердің бірі Нұрсейіт Сүттібаевтың отбасында да болып, жағдайымен таныстық. Отағасы жеңілдетілген несиеге сатып алған 20 сиыр мен 10 бұзауын жайылымда бағып жүр екен.
Іссапардан келе жатып, жолай Аққайың ауданына қарасты Чапаев ауылына соқтық. Мұнда күнгей жақтан 13 отбасының көшіп келгенін білуші едік. Өзін Қалисқан Төйтеева деп таныстырған келіншек Түркістан облысындағы Арыс ауданы Жиделі ауылынан көшіп келгендерін, күйеуінің жұмыста екенін, өзі үй шаруасымен айналысатынын жеткізді. Алты ұл-қызының үшеуі – мектеп жасында. Пысық, кісіге жақын, мінезінің ашық екені сөзінен де, ісінен де байқалады. Күніне 7 сиыр сауып, жиналған 90 литр сүтті өткізеді. Анда-санда май былғап, килограмын 3,5 мың теңгеден сатады. Мамандығы – аспаз. Шақыра қалса, Бескөлдегі мешітке жалданып, нәпақа тауып келеді. 50 қаз өсірген, картоп еккен. 380 мың теңгеге құдық қазып алған.
– Қолымызды жылы суға малып отырғанымыз – Тәуелсіздіктің арқасы. Мемлекет балаша әлдилеп, өңіміз түгіл түсімізге енбеген көмегін беріп жатыр. Баспанаға ай сайын 11700 теңге жалға алу ақысын төлейміз. Бес жылдан кейін меншігімізге аударып аламыз. Бұдан артық не керек? – дейді қойнына сыймаған қуанышын бізбен бөліскен Қалисхан Төйтеева.
Тәуелсіздігіміздің парқын бағалап, қадір-қасиетін сезіне білгенге не жетсін!
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Дайындық ауылындағы спорт залының ішкі көрінісі.