«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚ ТҮТЕК БОРАНМЕН АРПАЛЫСҚАН азаматтарға ризашылығым шексіз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақпан айының орта тұсында өңірімізде көзді аштырмайтын ақ түтек боран соққаны көпшіліктің есінде болар. Күн райы бұзылмай тұрып Есіл ауданындағы Бірлік ауылынан облыс орталығына барып келуді жөн көрдім. Сондағы ойым балаларға базарлық, үйге азық-түлік сатып алу еді.

Күн сайын кешкі уақытта үлкен ұлым екеуіміз ауылдан екі шақырым қашықтықта оттап жүрген жылқыларымызға жем беретінбіз. Мен қалада болғандықтан, сағат 17.30-дар шамасында үлкенім інісін ертіп, жылқыға кетіпті. Олар үйден шыққанда боран басталмаған болатын. Арада екі сағат өткен соң келіншегім ұялы телефо­ныма хабарласты. “Ернияз бен Нұр­ислам әлі келмеді. Күн болса бұзы­лып барады”, – деді ол. Адамның ойы жүйрік қой. Бірер минуттың ішінде перзенттерім туралы не ойламады дейсіз? Лезде 112 нөміріне қоңырау шалып, мамандарға оқиғаның мән-жайын түсіндірдім. Біздің ауылға Есіл ауданының орталығы – Явленкадан бір топ полицей келді. Оған қоса ауылдағы жігіттердің біріне хабарласып көмек сұрадым. Өзім де тезірек ауылға жетуге асықтым.

Ұлдарымды іздеуге шыққан азаматтардың арасында полиция қызметкерлері, ауылдастарым мен көрші елді мекеннің тұрғындары да болды. Тәртіп сақшыларының бірі жол талғамайтын көлікке, кейбірі қарда жүретін мотошанаға, басқалары атқа мініп іздеуге кірісті. Қысқы боран үдей соғып тұр, ат құлағы көрінбейді.

Қолдау көрсеткен жандардың еңбегі де еш кетпеді. Абырой болғанда, түнгі сағат 23.30 шамасында ұлдарым табылып, үйге жеткізілді. Екеуі де дін аман.

Кейін белгілі болғандай, Ернияз бен Нұрислам жылқылардың жемін беріп, ауылға беттеген. Бірлікке небары бес жүз метр қалғанда ат желдің екпініне шыдас бермей, кері бұрылады. Ұлдарым үйден 4-5 шақырым ұзап кетіпті. Көз ашқысыз қарлы боранға ат та қарсы тұра алмаған. Содан не керек, ұлдарым жаяу жүруге бел байлайды. Кенже балам жұқа киініпті. Оның тоңғанын байқаған үлкенім сыртқы киімін шешіп беріп, арқалап ала­ды. Олар алыстан көрінген жарыққа қарай жылжи береді. Бұл көрші Қаратал ауылы болатын. Осы кезде оларды қарда жүретін мотошанаға мінген жігіттер байқап қалады. Қос ұлым үйге аман оралғандағы қуанышымды сөзбен жеткізу мүмкін емес.

Ұлдарымның үйге дін аман оралуына көмектес­кен азаматтардың баршасына шын жүректен, игі тілекпен алғыс айтқым келеді. Олардың қатарында ауылдастарым, жолдастарым, полиция қызметкерлері мен көрші елді мекеннің тұрғындары бар. Ауылдасым – Абзал Сәдуақасов, учаскелік полиция инспекторлары Ринат Сәдуақасов, Мұратбек Аяғанов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Ерлік Есләмбеков, Петровка ауылының қорықшысы Николай Лупик сынды жандар ұйытқып соққан боранға қарамастан екі бірдей адамның аман қалуына септесті. Мен бұл кісілердің батыл ісін бейбіт замандағы ерлікке балаймын.

Қуатбек АҚЫШЕВ,

Бірлік ауылының тұрғыны.

Есіл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp