«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАУЫРЖАН — БАС АСПАЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі таңда саусағынан бал тамған аспаз ер адамдар аз емес. Солардың бірі – облыс орталығындағы “Mont Blanс” мейрам­ханасының бас аспазы Бауыржан Дәркеев. Ізденімпаз жас дәмі тіл үйіріп, таңдайда үгітілер тағамдарды дайындап, келушілердің ілтипатына бөленіп жүр.

Қоғамдық тамақтандыру – бәсекелестікке толы сала. Мұнда үлкен сүйіспеншілікпен жасалған ассу ғана тұтынушының көңілінен шығады. Тағамның таза әрі дәмді болуы, ас мәзірін үнемі жаңартып отыру – нағыз білікті аспаздың қолынан ғана келетін іс. Әдетте мейрамхананың есігін неше түрлі ұлт өкілдері, әртүрлі мінезді адамдар, көңіл күйі мың құбылатын қонақтар ашады. Олардың әрқайсысына не керек екенін аспаз дөп басуы керек.

Бауыржан Дәркеевтің осы салада жүргеніне 10 жылдан асыпты. Талапты жігіт осы уақыт ішінде шаһарымыздағы онға жуық нысанда жұмыс істеп үлгерген.

– Аспаздық курсын бітірген соң еңбек жолымды 20-шы шағынаудандағы “Ақ жол” дәмханасынан бастадым. Сол жерде алғаш дәмді тағамдар дайындауға дағдыландым. Асүйде жалғыз жұмыс істегендіктен, қобалжу болғанын жасырмаймын. Арада 10 жыл өтсе де, сол күн әлі есімде. Дәмханаға келген 70 адамға тағамдар дайындау үшін 5 сағат бойы газ плитасының жанынан кетпедім. Бұдан кейін “Эмират” мейрамханасына ауысып, ыстық тағамдар цехында еңбек еттім. Жұма-сенбі күндері мұнда 500-ге жуық қонақ келетін. Бір түсінгенім, асүйде жұмыс істеуге деген ынта-ықылас бірден емес, біртіндеп пайда болады екен. Аспаздық қызмет – зор ізденісті, шығармашылықты, жауапкершілікті талап ететін жұмыс, – дейді ол.

Осыдан кейін Бауыржан “Хан ауылы”, “Алматы” дәмханаларында тәжірибе жинады. Сондай-ақ “Хо-Хо” кофеханасы ашылғанда бір жыл жұмыс істеп, асүйді толығымен ретке келтірді. Дегенмен, мұнда кәсіби өсу мүмкін еместігін түсінді. Ізденіп жүріп елордаға барып, алты ай шыңдалып, кері қайтты. Содан біраз уақыт өткеннен кейін жаңадан ашылған “Marinata” дәмханасында жұмыс істей бастады.

– “Marinata”-да ас мәзірінде пицца болды, бірде оны дайындайтын аспаз әскерге кетіп қалды. Сондықтан 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде пицца пісіру маған тапсырылды. Сол күні дәмханада сағат 14-тен 20-ға дейін ине шан-шар жер болмай, бір өзім жүзге жуық пицца дайындаған едім”, – дейді өткен күнді еске алған Бауыржан Дәркеев.

Әрбір жаңа жұмыс орны бастапқыда қиынға соғатыны анық. Бауыржан барлық жерде жаңа тағамдармен, әртүрлі қызмет көрсету түрлерімен танысты. Осындай мол тәжірибенің жемісі – ол бүгінгі таңда еуропалық үлгідегі үлкен мейрамхананың бас аспазы.

– “Mont Blanс” – бас аспаз ретінде жұмыс істейтін алғашқы орным. Мұнда мен өзімді сынап, тәжірибемді байыта түскім келеді. Шынымды айтсам, негізгі залға шыққанды ​​ұнатпаймын. Даяшылар қонақтардың пікірлерін маған өздері жеткізеді. Мен үшін ең басты сый – бос қайтқан табақтарды көру. Дайындаған тағамдарымнан қонақтар бас тартқан жағдайлар болған емес, – дейді талапты жас.

Мұхтар ХАҚНАЗАР.

СУРЕТТЕ: Б. Дәркеев жұмыс үстінде.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp