Білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова өңірімізде коронавирустық инфекция бойынша жағдайдың тұрақтануына байланысты білім беру процесіне енгізілген өзгерістер жайлы айтып берді. Мектептер ұзақ уақыт бойы қашықтан жұмыс істеді. Қазір облыс “жасыл аймаққа” өтті. Карантиндік талаптардың жеңілдетілуі білім беру ұйымдарының үйреншікті форматқа біртіндеп көшуіне мүмкіндік береді.
Еліміздің бас санитар дәрігерінің 2021 жылғы 27 ақпандағы №9 қаулысына сәйкес 2020-2021 оқу жылының 2 наурызынан бастап оқушылар саны 300 адамға дейінгі қалалық және ауылдық мектептерде сабақ дәстүрлі түрде жалғасады. Сондай-ақ, 9, 11-сыныптардың түлектерін оқыту өзгеріссіз қалады. Яғни, олар үшін пәндердің 70 пайызы – штаттық режімде, 30 пайызы қашықтықтан оқытылады. Алайда, сыныптағы оқушылардың саны 15-тен аспауы тиіс.
Ал 1-ден 5-сыныпқа дейінгі сыныптар толық құрамда оқиды. Бұрынғы 15 оқушыға дейінгі шектеу алынып тасталады. Бала ауырып қалса, болмаса өзін нашар сезінсе, онда ата-аналардың өтінішімен қашықтан оқу режіміне ауыстырылады. Осылайша, мектептердің жұмысы біртіндеп бұрынғы қалпына келтіріледі. Қажет болған жағдайда оқу процесі 2 ауысымда ұйымдастырылуы мүмкін. Бұл талап мамандандырылған және арнайы мектептерде және есту қабілеті кем балаларға арналған интернаттарда да сақталады.
Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығымен бекітілген орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар сақталады.
Жансая ҚАЙЫПОВА,
облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы.