«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰМЫСЫН ЖАЛҒАСТЫРА БЕРЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Газетіміздің 9 ақпандағы санында “Сапаржайды сату тығы­рықтан шығар жол ма?” деген мақала жарық көрген болатын. Онда карантин шараларының кесірінен қаржылық қиындықтар туындаған “Петропавл автовокзалы” ЖШС-і сатуға шығарылуы мүмкін екені жайлы жазылған еді. Жақында осы мәселеге қатысты облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Қанат Бейсенов түсініктеме берді.

– Бірден айтайын, сапаржайды сату тығырықтан шығудың жолы емес. Карантиндік шектеулерге байланысты көптеген кәсіпорындар мен шағын және орта бизнес субъектілері қиындықты бастан өт­керсе де, өз жұмыстарын тоқтатқан жоқ. Бір жыл автовокзалға қиын тиді. Пандемия салдарынан рейстер саны – 5, жолаушылар саны 4 есеге кеміді. Шығын көлемі 10 млн. теңгеден асты. Оның ба­сым бөлігі коммуналдық қызмет ақысына қатысты. Қысқарған қызмет­­керлер ай сайын 42500 теңгеден ғана алып отырды, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Қанат Бейсеновтің айтуынша, бүгінде өңір “жасыл аймаққа” өтіп, карантиндік шектеулер жеңілдетілді. Бұл жолаушылар тасымалдау ісін қайта жандандыруға мүмкіндіктер береді. Қаржы министрлігіне пандемия кезінде салынатын салықтарды тоқтата тұруға өтініш жолданыпты. Себебі, мұндай қиындық Көкшетау, Павлодар қалаларында да орын алғанын айта кеткен жөн. Дегенмен, жолаушыларды заңсыз тасымалдау тоқтар емес. Сондықтан сапаржай маңындағы автотұрақты ақылы ету жайлы қалалық әкімдікке ұсыныс жасалған.

Былтыр тасымалдаушыларға 200 млн. теңге мөлшерінде субси­дия төленген. Биыл бұл сома екі есе арттырылады. Нәтижесінде тоқтап қалған рейстер қайтадан қалпына келтіріліп, билет құнының бір бөлігі автовокзал қорына аударылады.

Басқарма басшысы орынба­сарының сөзінше, жолау­шыларды заңсыз тасымалдаумен шұғылданатындардың қызметі автобустардан қымбатырақ. Мәселен, олар Сергеевкаға жету үшін 2,5 мың теңге алса, автовокзалда 900 теңгеге арзан. Алайда, бұл бағытқа автобус жүрмейтін­діктен, жұртшылық қымбатын таңдауға мәжбүр. Сондықтан субсидия көлемін арттыру есебінен рейстер санын көбейту көзделіп отыр екен.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp