«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КОЛЛЕДЖ МАҚТАНЫШЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Екатерина Восипенок – Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің беткеұстар студенті, мақтанышы. Үйінде де, колледжде де барлығына үлгеретін қыз шаршауды білмейді. Осы көпшілдігімен кімге болса да көмекке дайын тұратын мінезі үшін мұғалімдер де ерекше жақсы көреді.

Оқушы кезінде Катя сабақты жиі босататын. Ата-ана мейіріміне сусаған қыздың көзіне еріксіз жас келген кездері аз болған жоқ. Үйдің үлкені болған оны онкологиялық дертке шалдығып, төсек тартып жатқан шешесінің ауруын қайтсем жеңілдетем деген ой мазалай берді. Ақ сүтін емізген анасының ауруы күн санап меңдеп, күш-қуаты оның көз алдында кеміп бара жатты. Осылайша, анасы айығады деген үміт арманға айналды. Олардың шешелерінің жағдайынан хабардар қамқоршылық органдары кішкентайларды жетімдер үйіне орналастырды. Сол кезде №13 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқаратын Дина Баймақышева Катя үшін жауапкершілікті өз мойнына алып, оны хал үстіндегі анасын күтуге алып қалды. Бар-жоғы сегіз жастағы жасөспірім анасының сауығатынынан үміттеніп жанын салып күтсе де, қатал тағдыр оларды аямады. Ол қанша тырысқанымен, сұм ажал өмірдегі ең қымбаттысы – туған анасын алып тынды…

Анасынан айырылған қыз да Балалар үйіне орналастырылды. Көз алдында өміріндегі ең жақын адамның о дүниелік болғанын көрген қаршадай қыздың денсаулығы сыр берді. Жаңа ортада дос таппай, бір-бірінен айнымайтын сүреңсіз күн кешті. Басына түскен ауыр жағдай әлі алды-артын танып үлгермеген жас қыздың қабырғасын қайыстырды. Оған осы күйден шығуға көмектесетін ізгі ниетті жандар кездеспегенде, оның болашағы қандай боларын кім білсін?

Балалар үйіне түскен қыздың жағдайынан үнемі хабардар болып отырған ерлі-зайыпты Елубай мен Дина Баймақышевтар кейін Катяны үйлеріне алды. Өзін асырап алған жандардың мейірімін сезінген орыс қызы жаңа отбасына, ондағы жағдай мен тұрмысқа тез үйренді, өзінің “жаңа” әке-шешесіне де бауыр басып, оларды “мама”, “папа” деп атай бастады. Оның жұдырықтай жүрегін жарып шыққан шынайы сөздер бәрін елжіретті. Катяның денсаулығы да түзеле бастады. Бұрын арманы болған әдемі киімдер мен ойыншықтарына қол жеткізді. Ол аз уақыттың ішінде қазақша әндер үйреніп, мектепте өтетін мерекелік кештерде тамылжыта шырқайтын болды.

Орыс қызының қазақ отбасындағы салт-дәстүрді, қонақжайлылықты, басқа да асыл құндылықтарды жатырқамай, тез қабылдауы оның тұлға ретінде мінез-құлқының қалыптасуына оң әсерін тигізді. Әке-шешесін үлгі тұтып, соларға ұқсағысы келеді. Қазір ол қазақша жақсы сөйлейді, бірнеше аспапта ойнайды. Әсіресе, 10 жасынан меңгерген домбыраны ұнатады. Ұғымтал, зерек қыз Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің музыкалық факультетінде қазақ тілінде оқиды. Озат студент білім ошағында және одан тыс өтетін барлық шаралардың бел ортасында жүреді. Жуырда Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауында белсенділік танытып, “Nur Otan” партиясының айқын басымдықпен жеңіске жетуіне қосқан үлесі үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, ол көптеген байқауларда бақ сынап, жүлделі орындардан көрініп жүр. Солардың ішінде “Созвездие талантов” жасөспірімдер және жастар шығармашылығы халықаралық байқауының 3-орын лауреаты және “Ұлы даланың ұлы тұлғалары” атты облыстық эссе байқауының 2-орын иегері екенін атап өткен жөн.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

СУРЕТТЕ: Е. Восипенок.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp