Көктемгі су тасқынына дайындық – өзекті мәселелердің бірі. Қар күрт ерісе, өңіріміздегі өзен-көлдерге жақын орналасқан отыздан астам елді мекен су астында қалуы ықтимал. Қажетті алдын алу шаралары уақытында жүргізілмесе, көктемгі тасқынның зардабы одан да ауыр болуы мүмкін. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында көктемгі су тасқынының алдын алуға дайындық барысы пысықталды.
Жиын кадрлық тағайындаудан басталды. Облыс әкімі жиналғандарға “ҚазАвтоЖол” ҰҚ” АҚ-ы облыстық филиалының директоры қызметіне кіріскен Қуаныш Ескендіровті таныстырды.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Рамиль Камалов су тасқынының алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.
– Үстіміздегі жылы қар көп жауды. Метеорологтардың болжамынша, су тасқыны жылдағы көрсеткіштен қауіпті болуы мүмкін. Кейбір жерлерде ылғалдың мөлшері жылдық көрсеткіштен 40 пайызға артық. Өзен-көлдердегі мұз ерте еріп, тасқын судың қарқыны қатты болады деген болжам айтылуда. Сондықтан біз дайындық шараларын қолға алдық. “2021-2023 жылдарға арналған су тасқынының алдын алу және жоюдың кешенді жоспары” атты жол картасы әзірленді. Су тасқыны кезінде туындайтын қауіптерден тұрғындарды, маңызды нысандар мен аумақты қорғау жөніндегі іс-шараларды жүргізетін топтар құрылды, – деді Рамиль Фаткулович.
Облыста бес жүз құтқарушы мен полицейлерден жасақталған топтар құрылған. Олардың қарамағында 155 арнайы техника, 83 мотопомпа мен 8 қайық бар. Жағдай күрделене түскен жағдайда қосымша 1912 маман, 1478 техника, 316 сорғы және 57 қайық тартылады. Бүгінге дейін 687 тонна жанар-жағармай, 32,4 мың тонна инертті материал және 24,8 мың құм салынған қап әзірленді. Елді мекендерден 780 мың текше метр қар шығарылды.
Сондай-ақ, өңіріміздегі ірі су қоймаларындағы ахуал да департамент мамандарының жіті бақылауында. Баяндамашының айтуынша, негізгі қауіп Есіл, Шағалалы, Сілеті, Қамысақты өзендерінен келуі мүмкін. Есіл өзенінің бойында орналасқан аудандар оқыс жағдайларға дайын болғаны жөн. Ал Шағалалы өзені арнасынан асса, оның зардабын Тайынша қаласы мен Теңдік ауылының тұрғындары тартады. Сонымен қатар осы аудандағы он ауылға қар суы кіруі мүмкін. Қызылжар, Есіл және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың Есіл өзенінің бойында орналасқан ауылдары мен Петропавл қаласының шеткі аудандарына да су келеді деген болжам бар. Сондықтан ведомство мамандары 6 мың тұрғыны бар 79 елді мекенді ерекше бақылауға алған.
Жиын барысында “Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры Қымбат Мерғалимова қатысушыларды алдағы күндерге арналған ауа райы болжамымен таныстырды. Алдын ала болжам бойынша, наурыз айының бірінші және екінші онкүндігінде қар көп жауады деп күтілуде. Ал ай соңында ауа райы күрт жылынады. Қазір Петропавл және Сергеевка су қоймалары сәйкесінше 82 және 88 пайызға толған. Есіл өзені мен оның салаларындағы мұздың қалыңдығы өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 34 сантиметрге жұқа.
Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабековтің айтуынша, шаһарда жыл сайын су басатын 249 аула мен 13 көппәтерлі үй бар. Заречный шағынауданында жүргізілген алдын алу жұмыстарының арқасында бұл жолы су көп кірмеуі тиіс. Петропавлда 179 техника қар шығару және су сору жұмыстарын жүргізетін болады. Қазіргі уақытта олар төтенше жағдайға тас-түйін дайын. Жергілікті тәртіп сақшылары саяжайларда тұрып жатқан азаматтарды аралап, ескертулер жасауда. Алдын ала болжам бойынша Заречный, Былғары зауыты және Ойқала шағынаудандарындағы 240 үйді су басуы мүмкін. Зардап шеккен азаматтарды №12, 13 және 14 мектептерде ашылған қосындарға жеткізу жоспарлануда. Бүгінгі таңда арнайы қызмет пен еріктілердің арқасында қауіпті аумақтардағы қар сыртқа шығарылуда. Облыс әкімі аулалар мен көшелердегі қарды сыртқа шығару жұмыстарын ширатуды, үш ауысыммен жұмыс істеуді тапсырды.
Құмар Ақсақалов биылғы көктемде су тасқынынан келер қауіп зор екенін айтып, жауапты мекемелер басшыларына нақты тапсырмалар берді. Облыс әкімінің орынбасары Иван Турков жетекшілік ететін жедел штаб тәулік бойы жұмыс істейді. Өңір басшысы орынбасары Ғани Нығметовке қазірден бастап су басу қаупі бар аймақтардағы қарттар, мүгедектер мен жүкті әйелдердің тізімін жасау қажеттігін ескертті.
– Тұрғындардың өмірін, олардың мал-мүлкін сақтауда жұмыла әрекет етуіміз қажет. Агроқұрылым басшылары да жауапты кезеңде қолдан келер көмектерін аямаулары қажет. Қазіргі таңда қандай елді мекендерге қауіп төніп тұрғаны белгілі. Алдымен осы ауылдардағы қарды шығарып, қажетті жұмыстарды атқарыңыздар. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын жауапкершілікпен әрі бірлесіп жүргізуіміз қажет, – деп Құмар Ақсақалов әкімдік отырысын қорытындылады.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.